Аймақтар • 25 Мамыр, 2021

Әлеуметтік нысандар құрылысымен танысты

221 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Мамин жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысында болып, Риддер қаласында өрттен зардап шеккен тұрғындармен кездесті. Сонымен қатар көлік инфра­құрылымы, тау-кен металлургия өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен және денсаулық сақтау сала­ларындағы ірі инвестициялық жоба­лардың іске асырылуын тексерді.

Әлеуметтік нысандар  құрылысымен танысты

Риддердегі алапат өрттің салдарынан баспанасыз қалған қала тұрғындарымен кездескен Үкімет басшысы жақын арада олардың жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етілетінін айтты. Құрылыс басында болып, жұмыстың сапасына да назар аударды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Риддер қаласында болған өрттен зардап шеккен барлық отбасы жақын арада жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру үшін барлық қажетті шараны қабылдап жатыр, – деді Асқар Мамин.

Өрттен зардап шеккен отбасыларға арналған 30 жаңа тұрғын үйдің құрылысы төтенше жағдайлар салдарын жою үшін қарастырылған Үкімет резервінің қаражаты есебінен жаңа «Ботаника үшінші тұрғын үй ауданында» жүргізілуде. Әр үйдің ауданы – 80 шаршы метр, ал үй маңындағы жеке учаске көлемі – 10 сотық.

Айта кетсек, Риддер қаласында болған өрттің салдарын жою үшін 557,5 млн теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарын «Обл­Шы­ғысЖол», VK Invest Company, QK Sunqar, «Востоквзрывпром», Kazprofstroy Holding компаниялары жүргізіп жатыр.

Жоспарға сәйкес үйлердің құрылысы осы жылдың 15 тамызына қарай аяқталады. Үйдің өзі ғана емес, сонымен қатар барлық қа­жетті инженерлік-коммуникациялық инфра­құ­рылымы толықтай жүргізіледі.

Бұдан кейін А.Ма­мин аттың басын об­лыс­тың көлік инфрақұ­рылымы, тау-кен металлургия өнеркәсібі, агро­өнеркәсіптік кешен нысандарына бұрды. Денсаулық сақтау саласындағы ірі инвес­ти­циялық жобалардың іске асырылуын да назардан тыс қалдырмады.

Аягөз қаласында Үкімет басшысына «Тал­дықорған – Өскемен» (768 км), «Қалбатау – Майқапшағай» (415 км) және «Үшарал – Достық» (180 км) автомобиль жолдарын реконструкциялау барысы туралы баяндалды. Осы тұста Премьер-Министр Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының жолдарындағы құрылыс жұмыстарының қарқынын арттыруды тапсырды. Рас, бұл бағыттардағы жұмыстың сылбыр екендігін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілдері де мойындаған. Бұл ретте Үкімет басшысы құрылып жатқан көлік инфрақұрылымының сапасын қамтамасыз етудің және оны уақтылы пайдалануға берудің маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар Аягөз ауданында А.Мамин KAZ Minerals Aktogay ЖШС кеңейту жобасымен танысты. Биыл сульфидті кенді өңдейтін Ақтоғай ІІ байыту фабрикасының құрылысын аяқтау жоспарланған. Инвестиция көлемі 514,6 млрд теңгені (1,2 млрд доллар) құрайды. Белгілі болғандай, 1 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Жобаны іске асыру 2022-2027 жылдары кәсіпорын өндіретін мыс көлемін жылына 125 мың тоннадан 200 мың тоннаға дейін ұлғайтуға және кенішті әлемдегі ең ірі кен орындарының қатарына шығаруға мүмкіндік береді. Ақтоғай кен орнында оксидті кендерді қайта өңдеу кешені де жұмыс істейді, онда 2024 жылға дейін жыл сайын 20 мың тонна катодты мыс өндіруді қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Сапар барысында Үкімет басшысы Глубокое ауданының Солнечное ауылында «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы (МДТШ)» ЖШС тауарлы сүт фермасын, егіс алқаптарын және ауыл шаруашылығы техникаларын да қарап шықты.

Былтыр тауарлы сүт фермасы 13 мың тонна сүт және 300 тонна сиыр етін өндірді. Өндірісті жаңғырту аясында 2022-2025 жылдары жалпы сүт саууды тәулігіне 40 тоннадан 100 тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Айта кетсек, МДТШ – республикадағы алдыңғы қатарлы тұқым өсіру шаруашылықтарының бірі. Өткен жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдарын сату бойынша серіктестік 1-орынға ие болды (10 мың тонна тұқым). Соң­ғы бес жылда барлық өсірілетін ауыл шаруа­шылығы дақылдары бойынша орташа өнімділік гектарына 4,3 тоннаны құрады. Кәсіпорын Солнечное ауылында жалпы ауданы 3,7 мың шаршы метр аз қабатты тұрғын үйлер кешенін салу арқылы «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруға белсенді қатысып келеді.

Премьер-Министр Семей қаласында да болды. Мұнда Qazaq astyq group ЖШС май экстракциялық зауытының күнбағыс тұқымын қайта өңдеу желісін іске қосты. Инвестицияның жалпы сомасы 13 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын тәулігіне 1 мың тонна күнбағыс тұқымын немесе 800 тонна рапс тұқымын қайта өңдеуге қауқарлы. Жаңа іске қосылған кәсіпорында 300-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Зауыт еліміздің өсімдік ма­йына деген ішкі қажеттілігін қамтамасыз етіп ғана қоймай, өнімдері сыртқы нарыққа да экспортталмақ.

Бұдан кейін А.Мамин «Семей қаласының ядролық медицина және онкология орталығына» барды. Аталған орталық Қазақстандағы радиофармпрепараттар өндіруден және оны онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау­да қолданатын, пациенттерге радионуклидтік терапия жүргізуге дейінгі толық циклді ядро­лық медицинаның жалғыз медициналық меке­месі. 

Үкімет басшысы сондай-ақ Қазақстанда ал­ғаш рет балалар мен ересектерді оңалту техно­логиясы – h/p/cosmos locomotion қолда­нылған iv plus клиникасының қызметімен танысты. Ол ағзаның физиологиялық және мо­тор­лық функцияларын қадағалаудың элек­трондық жүйелерін пайдаланатын цифрлы плат­­формадағы еліміздегі алғашқы медици­на­лық оңалту орталығы екенін еске сала кетейік.

Жалпы, Шығыс Қазақстанның экономикасында ілгерілеу бар. Биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша облыста өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,7%-ға – 860,8 млрд теңгеге дейін өсті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 93,8 млрд теңгені (+2,1%), құрылыс жұмыстарының көлемі – 51,6 млрд теңгені (+5,6%) құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 177,6 млрд теңгеге жетті (+6,8%).

Үкімет басшысының шығысқа жасаған жұмыс сапарына облыс әкімі Даниал Ахметов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой және Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қатысты. 

Шығыс Қазақстан облысы