Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 1 ақпаннан бастап Қарағанды облысында 70 189 тұрғын вакциналанған. Ал 20 мамырға дейін 149 352 адам екпенің бірінші компонентін алыпты. Бұл тиісті контингенттің 19,1%-ын құрайды. Оның ішінде QazVac екпесін – 1 875 адам, ал Sinopharm екпесін 5 865 адам алған. Екінші компонентті 80 201 адам алды, яғни бұл тиісті контингенттің 53,8%-ын құрайды.
Жалпы, бүгінге дейін Қарағанды облысында коронавирус инфекциясын жұқтырудың 28 876 жағдайы тіркелген, қайтыс болғандар тізімінде 341 адам бар. Бұл көрсеткішті негізінен 60 жастан асқан және созылмалы аурулары бар адамдар құрайды.
Жуырда облыстағы жұмыс сапары аясында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус инфекциясымен күрес жөніндегі өңірлік штаб отырысының жұмысына қатысты. Аталған жиында өңірде COVID-19 індетімен ауырудың күрделі жағдайы сақталып отырғаны сөз болды. Осы орайда облысқа әдістемелік және практикалық көмек көрсету үшін келген жұмыс тобы коронавирус инфекциясымен күресу шараларын күшейту бойынша бірқатар міндетті анықтап, талдау жүргізді. Отырыс барысында алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының КВИ-мен күрес аясында қабылданатын шаралар бойынша МАСК ұйымдарының, мультидисциплинарлық консультациялық дәрігерлік топтардың қызметіне талдау жүргізу, облыстық ахуалдық орталықтың мүмкіндігін толықтай пайдалану туралы ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар КВИ бар пациенттерге стационарлық көмек көрсететін амбулаториялық-емханалық ұйымдар мен медициналық ұйымдарға назар аудару қажеттілігі бар бірқатар іс-шаралар туралы сөз болды. Штаб отырысында өңірдегі эпидемиялық жағдай және оны жақсарту үшін қабылданып жатқан іс-шаралар туралы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы Айжан Есмағамбетова айтып берді.
Өткен аптадағы жағдай бойынша Қарағанды облысында 28 550 науқас тіркеліп, 471-і қайтыс болған. Бүгінгі күнде пациенттердің 24 930-ы сауығып кетті, ал 3 313-і емделуді жалғастыруда. Эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес қазіргі уақытта Қарағанды облысы «қызыл аймақта» бір айдан астам уақыт тұр.
Штаб отырысында Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев инфекциялық госпитальдық инфрақұрылымды дамыту, ауруды ерте анықтау үшін медициналық көмек көрсетудің бастапқы буынын жетілдіру, үй стационарлары жағдайында уақтылы оқшаулау және емдеу жайында толыққанды мағлұмат берді. Бұдан бөлек ол қажет болған жағдайда жұмысқа резидентура мен интернатура оқушылары тартылатынын, стационарлар мен емханаларда қажетті дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың және жеке қорғаныш құралдарының үш айлық қоры құрылғанын атап өтті.
Облыстың бас дәрігері тұрғындарды иммундаудың маңызы зор іс екеніне баса назар аударды. Эпидемиялық ахуалдың кез келген өзгерістеріне жедел ден қою үшін апта сайын матрица әзірленіп, оған сәйкес әрбір елді мекен үшін карантиндік шараларды тұрақты түзету жүргізіліп отырғанын баяндады. Соның нәтижесінде денсаулық сақтау жүйесіне аса жүктеме артпай, облыста аурудың қарқынды өсуін болдырмауды ескерту мүмкін болған.
Қарағанды облысы