Білім • 25 Мамыр, 2021

Асхат Аймағамбетов мектеп түлектеріне жетістікке жетудің жолын айтты

3214 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов түлектерге жоғары оқу орнын таңдауға қатысты кеңес берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Асхат Аймағамбетов мектеп түлектеріне жетістікке жетудің жолын айтты

«Бұл оқу жылы бүкіл әлемдегі оқушылар мен студенттер үшін оңай болған жоқ. Әлемдік білім біру жүйесі пандемия сынды үлкен сынақтан өтті. Біз мұғалімдермен бірлесе отырып білім беру жүйесіне жаңа дем беріп, оларға барынша қажетті жағдай жасауға тырыстық. Сіздер оқуларыңызды аяқтап жатырсыздар. Кейбір түлектер жоғары оқу орындарына немесе колледждерге түссе, енді біреулері жұмыс істейді. Қалай болса да, алдағы уақытта сіздерді жаңа мүмкіндіктер мен жаңа өмір белестері күтіп тұр», деп жазды министр өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Жастардың жігеріне жігер қосу үшін ведомство басшысы өз тәжірибесін де бөліскен.

Министр арманға адал болу керектігін, қиындықтан қорықпау керектігін тілге тиек етеді.

«Адам баласы өз күші мен арманына сенуі керек. Құласаң да қайта тұрып, алға ұмтылуға тырысу керек. Естеріңізде болсын, тағдыр мақсаты айқын және алған бетінен қайтпайтын адамдарды жақсы көреді. Екіншіден, қателесуден қорықпау керек. Қателік жасалса, өмір сонымен аяқталмайды. Барлық адам қателеседі. Ең бастысы – өз қателігімізді уақытылы түсініп, түзетуге тырысуымыз әлдеқайда маңызды. Барынша күш-жігерімізді салып, алған беттен қайтпағанымыз абзал. Міне, бұл – болашақта табысқа қол жеткізетін адамға тән қасиет», дейді Аймағамбетов.

Сондай-ақ білім министрі мықты түлектерді педагог мамандығын таңдауға шақырды.

«Өйткені білім сапасы, елдің болашағы жоғары оқу орындарын аяқтап шығатын мұғалімдерге тікелей байланысты. Бұл үлкен дәрежеге ие және өте құрметті мамандық. Мұғалім мамандығының мәртебесін арттыру үшін Президенттің тапсырмасы бойынша біз педагогтердің жалақысын белсенді түрде арттырып жатырмыз. Шамадан тыс есептілікті алып тастадық», деп жазды министр.

Сондай-ақ болашақ педагогтердің стипендиясы ең жоғары стипендия болатынын, бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай да жалғасын табатынын айтты.

«Құрметті жас түлек! Алға қойған мақсаттарыңызға жетіңіздер. Батыл болыңыздар. Бәрі өз қолдарыңызда екенін естеріңізде сақтап жүріңіздер. Сөз соңында айтарым: өздеріңді шектемей, кең әрі ауқымды ойлауға тырысыңдар. Сонда ғана толағай табыстарға жетесіздер! Өмірлеріңіздегі жаңа кезең құтты болсын, достар! Болашақта жаңа жетістіктерге жете беріңдер!», делінген министрдің жазбасында.