Президент • 25 Мамыр, 2021

Президент қол қойған бірқатар заңға өзгеріс енгізілді

455 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында Мемлекет басшысы қол қойған заңдарға түсіндірмені жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz

Президент қол қойған бірқатар заңға өзгеріс енгізілді

Бүгін Мемлекет басшысы бірқатар маңызды заңдарға қол қойды.

Атап айтқанда:

1) «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына;

2) «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға.

Төмендегі түзетулер енгізілді:

Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерінің сайлауын енгізу: «Аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің халқы жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жиырма бес жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматтары қатарынан төрт жыл мерзімге лауазымға сайлайды».

Барлық кандидаттарға қарсы дауыс беру: «Сайлау бюллетеніне «Бәріне қарсымын» деген жол енгізіледі;

Сайлауда саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендетілді.

3) «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында банктік, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.

Төмендегі түзетулер енгізілді:

Кредиттік бюроларда кредит тарихтарын сақтау мерзімін 10 жылдан 5 жылға дейін қысқарту: «Кредиттік бюро кредиттік тарих субъектісіне қатысты ақпараттың сақталуын ол туралы соңғы ақпарат алынған күннен кейін 5 жыл бойы қамтамасыз етеді».

Коллекторларға бөтен телефон нөмірлерінен қоңырау шалуға тыйым салынады. Сондай-ақ олар борышкерлермен кез келген өзара әрекеттесу процессінің бейне және аудио жазбасын жүргізуге міндеттеледі.

4) «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.

Төмендегі түзетулер енгізілді:

2021-2025 жылдарға арналған макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамын нақтылау мақсатында әзірленді;

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгілеген тапсырмаларды, сондай-ақ, коронавирус індетіне қарсы күрес шараларын іске асыруға бағытталған.