Спорт • 25 Мамыр, 2021

Дзюдошылардың деңгейі Мажарстанда белгілі болады

216 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан құрамасының дзюдошылары маусымның 6-13 күндері Будапештте (Мажарстан) өтетін әлем чемпионатына қатысады.

Дзюдошылардың деңгейі Мажарстанда белгілі болады

Осы әлемдік додадан кейін Халықаралық дзюдо қауымдастығы дзю­­дошыларға тиісті ұпайларын таратып, әлемдік рейтинг арқылы Олим­пиадаға жолдама ал­ған балуандардың тізімін жариялайды.

Дүниежүзілік жарыс­тың қарсаңында дзюдошыла­р­ы­мыздың олимпиадалық рей­тин­гіндегі орындары қандай? Төртжылдықтың басты додасында ел намысын қанша балуан қорғауы мүмкін? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрсек.

Дзюдодан ерлер құрамасының бас бапкері Ғалымжан Жыл­гелдиев 60 кило салмақ дәреже­сінде сынға түсіп жүрген Елдос Сметовтің Олимпия ойындарына баратынын айтқан болатын. Иә, Елдостың дәл қазіргі таңда Токиоға баратынына талас жоқ. Осы аптаның басында жа­ңартылған Олимпиадалық рейтингте Елдос төртінші сатыда да тұр. Алғашқы үштікте екі жапон балуаны және бір ресейлік балуан бар.

66 кило салмақта екі бірдей мықты балуанымыз бар. Бірі – әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ерлан Серікжанов, екіншісі – көптеген халықаралық жарыста топ жарып жүрген Елдос Жұмаханов. Екі балуан да ел намысын қорғауға лайық. Дегенмен Олимпиадаға бір ғана балуанның баратынын ескерсек, бұл жерде Ерлан Серікжановтың шоқтығы биік тұр. Ол олимпиадалық рейтингте 3831 ұпаймен 13-орында. Ал Елдос Жұмаханов 2787 ұпаймен 23-орында. Алайда бір қызығы, әлем чемпионатына Елдос барады. Егер ол финалға шы­ғып жатса, Серікжановтың алдына түседі. Өйткені күміс жүл­дегерге рейтинг бойынша 1044 ұпай, ал чемпионға 2000 ұпай беріледі.

Елдостың Олим­пиадаға бару-бармауы өз қолында.
73 килодағы Жансай Смағұлов жыл басында Олимпиадаға баратын балуандардың ең соңғысы болып тұрған. Бірақ Дохада (Қатар) өткен «Шеберлер» бәсе­кесінде үздік бестікке кіріп, Таш­кенттегі Гран Слам жарысын­да күміс жүлдеге ие болған балуанымыз бірден 12-орынға көтерілді. Дегенмен соңғы жарыстарда Жансайдың жолы бол­мады. Қазір ол 16-орында. Бірақ бұл – Олимпиадаға бару­ға жеткілікті орын. Енді осы н­әтижеден төмендемеуі қажет.

81 килода үміт артып отырған балуандарымыздың бірі – Дидар Хамза. 2018 жылы жазғы Азия ойындарының чемпионы болған Дидардың, өкінішке қарай, соңғы кездері жолы болмай жүр. Қазір ол Олимпиадаға баратын балуандардың арасында жоқ. Осыдан бір ай бұрын құрлықтық квота арқылы баратындардың тізімінде еді. Қазір одан да шы­ғып қалған – 32-орын.

90 кило салмақта күресетін Ислам Бозбаевтың да жағдайы мәз емес. Осыдан бірнеше ай бұрын Олимпиадаға баратын 18 ба­луанның ішінде (16-орын) еді. Қазір 24-орында. Яғни онда тек құрлықтық квота ғана бар. Әлем чемпионаты – оның соңғы мүмкіндігі. Егер алғашқы айналымнан сүрінетін болса, онда амалсыз Олимпиаданы теледидардан тамашалайды.

Өкінішке қарай, 100 килодағы балуандарымыздың бағы жанбай қойды. Ел намысын қорғап жүрген Айбек Серікбаев – 50-орында. Виктор Демьяненко 70-ші орында тұр. Бұл екі балуа­н үшін Токионың есігі тарс жа­былған. Содан да болар, әлем чем­пионатында екі балуанымыз да күреспейді.
100 килодан жоғары салмақ­тағы Ерасыл Қажыбаев Олим­пиадалық рейтингте 35-орында. Жолдама алу үшін Ер­асыл­ға біраз еңбектену керек.

Қыздар құрамасының бап­керлері Олимпиада және әлем чемпионатының қола жүлдегері Отгонцецег Галбадрахқа се­нім артып отыр. Қатысқан жа­­ры­­­сынан кемі қола медаль алып қайтатын балуанымыз 3353 ұпаймен 14-орында. Гал­бадрах биыл ешбір жарысқа қа­тыс­пады.

Десе де, бұған дейінгі жи­­наған ұпайының көптігінің арқа­сында Олимпиадаға баратын мүмкіндігін сақтап тұр.
Қорыта келгенде, дәл қазіргі таңда Қазақстан құрамасында 5 салмақ дәрежесі бойынша
(4 ер­лер, 1 қыздар) жолдама бар. Алтыншы жолдаманы аламыз ба, бесеуден төртеуге түсіп қаламыз ба, оны әлем чемпионатынан кейін білетін боламыз.