Хоккей • 26 Мамыр, 2021

Канаданың жолы болар емес

208 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Балтық жағалауында өтіп жатқан шайбалы хоккейден әлем чемпионатының төртінші жарыс күні өз мәресіне жетті. Кезекті тур ойынын өткізген әлемнің 26 дүркін чемпионы – Канада қатарынан үшінші ойында жеңілді. Ал жаһандық доданы сәтті бастаған Ресей құрамасының Словакия хоккейшілеріне шамалары жетпеді.

Канаданың жолы болар емес

Әлем біріншілігінің төртінші күнінде А тобының екі ойыны, В тобының екі кездесуі өтті. А тобында Словакия және Швейцария құрамасымен бірге көш бас­тап тұрған Ресей хоккейшілері жеңісті жолын жалғастыра алмады. Словакиямен мұзайдында жолыққан солтүстіктегі көр­шілеріміз 1:3 есебімен жеңіліп қалды. Екі құрама арасындағы матчтың алғашқы кезеңінде есеп ашылмады. Екінші кезеңде есепті бірінші болып Словакия ашты. 30-минутта шабуылшы Милош Келемен мергендігімен көзге түсіп, құрамасын алға шығарса, Ресей хоккейшілері бұл голға жылдам жауап берді. 31-минутта Александр Барабанов таразы басын теңестіріп кетті. Үшінші кезеңде Словакия құрамасы бес минуттың ішінде екі шайба соғып, жеңісті қарсыластарынан жұлып алды. 53-минутта Мартин Гернат сан басымдығын тиімді пайдаланса, 58-минутта Марек Дялога бос қақпаны дәл көздеді.

Осылайша, маңызды үш ұпайы­нан айырылған Ресей құ­рамасы үшінші турдан кейін турнир кестесінде екінші орынға сырғыды. Ал қатарынан үш матч­та жеңіске жеткен Словакия 9 ұпаймен жеке-дара көш бастады.

Сонымен қатар өткен турда Швеция құрамасынан басым түскен Беларусь хоккейшілері бұл жолы Чехиядан овертаймда ұтылды. Кездесудің алғашқы кезеңінде тең ойнаған құрамалар екінші кезеңде үш шайба соқты. 25-минутта Беларусь ойыншысы Егор Шарангович есеп ашса, кезең соңына дейін Чехия құрамасы екі гол соғып, есепте алға шықты. Гол авторлары – Ян Коварж пен Филип Задина. Үшінші кезеңде Владислав Еременко таразы басын теңестіріп, ойын овертаймға ұласты. Қосымша уақытта Алек­сандр Алексеев мергендік танытып, Чехия құрамасына әлем чемпионатындағы алғашқы же­ңісті сыйлады. Есеп – 3:2.

В тобындағы ойындарға тоқ­талар болсақ, Италия құра­ма­сын қабылдаған Латвия қарсы­лас­тарының қақпасына жауапсыз үш шайба соғып, кезекті жеңісіне қол жеткізді. Бұл ойында Латвия құрамасы сапынан Мартиньш Карсумс екі мәрте мергендігімен көзге түссе, Лаурис Дарзиньш үшінші голдың авторы атанды.

Чемпионатты өте сәтсіз бас­таған Үйеңкі жапырақтар елінің хоккейшілері үшінші турда да жеңілістің кермек дәмін татуға мәжбүр болды. Екі турдан бері қарсыластарын қоғадай жапы­рып келе жатқан Германия үшінші турда Канададан айласын асырып кетті. Есеп – 3:1. Германия бұл жеңісінен кейін В тобының турнир кестесінде 9 ұпаймен көш бастады.