Аймақтар • 26 Мамыр, 2021

Суармалы жер суға мұқтаж

917 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Түркістан облысының Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш, Келес, Қазығұрт аудандары аумағындағы суармалы жерлер 90%-ға Өзбекстан Республикасына тиесілі «Достық», «Зах», «Ханым» және «Үлкен Келес» магистралдық каналдарына тәуелді. Сондықтан, жыл сайын вегетациялық кезеңде ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне ағын су уақытылы жеткізілмей, наразылық туындайды. Бұл мәселе биыл да қайталануда, деп хабарлайды Egemen.kz

Суармалы жер суға мұқтаж

Арналардың 90 пайызы ескірген, техникалық деңгейі төмен

Нақтырақ айтсақ, «Достық» магистралдық каналына мамыр айының бірінші онкүндігіне жоспар бойынша 425,7 млн текше метр су босатылуы қажет болса, босатылғаны – 326,6 млн текше метр, яғни қажеттіліктен 23% кем. Ал «Зах», «Ханым» және «Үлкен Келес» магистралдық каналдарынан қажетті 24,2 млн текше метр судың берілгені – 10,1 млн текше метр, яғни қажеттіліктен 58%-ға кем. Осыған орай, екі ел арасында бекітілген лимитке сәйкес, ағын суды босатуды Үкімет деңгейінде шешу мәселесін пысықтау қажет.

 Ирригациялық инфрақұрылым сын көтермейді

Бұл Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің Түркістан облысындағы көшпелі отырысында көтерілген мәселелердің бірі ғана. Жалпы бүгінде су қорларын қорғау және оны тиімді пайдалану, суармалы жерлерді пайдалану, жеке қожалықтарды сумен қамтамасыз ету – ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелер. Бұл саладағы негізгі өнімділік те, көрсеткіштер де осы суармалы жерлерге байланысты. Сондықтан да Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың суармалы жерді 2030 жылға дейін 3 млн гектарға жеткізу туралы тапсырмасы ауыл шаруашылығында маңызға ие. Сенат депутаттары, тиісті министрлік өкілдері мен осы салаға қатысты кәсіпорындар басшылары сондай-ақ, аудан әкімдері, аудандық мәслихат хатшылары қатысқан көшпелі отырыста Президент тапсырмасын орындау мақсатында атқарылған жұмыстар мен суармалы жерлерді тиімді пайдалану мәселелері ортаға салынды. Ел аумағындағы 22,7 млн гектар егістік жердің 1,5 млн гектары суармалы. Суармалы егіншілік аумағы жалпы игерілген жерлердің 8 пайызынан аспайды, ал одан алынған өнім ауыл шаруашылығы өнімінің 35 пайызын құрайды.

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаевтың келтірген деректеріне қарағанда, елімізде 1 гектар суармалы жерге ағын су нормадан артық жұмсалады, су пайдалану коэффициенті төмен. Республика бойынша су пайдалану коэффициенті 0,67 болса, Жамбыл, Қызылорда облыстарында 0,55-0,6 шамасында болып отыр. Егер еліміз бойынша су пайдалану коэффициенті 0,75-ке көтерілсе, 200 мың гектарға жуық жерді суландыратын 1 млрд 272 млн текше метр су үнемделеді екен. «Еліміздегі ирригациялық инфрақұрылымның жағдайы сын көтермейді. Республикалық меншіктегі 19 772 шақырым каналдың 11 881 шақырымының жағдайы қанағаттанғысыз. Шаруашылықаралық және шаруашылықішілік арналардың 90%-ы ескірген, техникалық деңгейі төмен. Осыған байланысты елімізде ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жөнінде ауқымды жұмыс жүргізу қажет», деді сенатор Ә.Бектаев.

Қазіргі кезде 1,2 млн-нан астам гектар немесе 79%-ы жер бетімен суару тәсілімен, 104 мың гектар жаппай су жаю әдісімен суарылады, ал егіс алаңының 221 мың гектары немесе 14%-ында ғана заманауи тамшылатып, жаңбырлатып суару әдісі пайдаланылады. Бұл орайда Павлодар, Қарағанды, Ақмола облыстарында ылғал үнемдеу технологияларын пайдалану пайызы жоғары.

Түркістан облысы – ағын суды үнемдеу және өнімділікті арттыру жағынан да республикада алдыңғы қатардағы өңірлердің бірі. Бүгінде бірнеше жобаны қамтитын «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында су нысандарының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар азық-түлік белдеуі аясында құны 36 млрд теңгені құрайтын 8 серпінді ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Осындай маңызды жұмыстардың қолға алынуына байланысты Комитеттің көшпелі отырысын Түркістан облысында өткізу ұйғарылған. Республикадағы суармалы жерлердің 3/1 бөлігі облысқа тиесілі (548,2 мың гектар) және 70 мың агроқұрылымда 180 мыңға жуық адам еңбек етуде. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ағын су тапшылығын шешу мақсатында ірі су нысандарының құрылысы жүргізіліп жатқанын атап өтті. «Су ресурстарын реттеумен қатар, ылғал үнемдеу, жаңбырлатып суару технологиясын ендіруге басымдық берілуде. Осы мақсатта, Түркістан қаласы аумағында 11 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиясы ендіріліп, азық-түлік белдеуі құрылады. Бүгіннің өзінде 1,5 мың гектарға аталған технология енгізіліп, жылына 2 өнім алынуда. Технологияның тиімділігі су үнемдеумен қатар, өнімділікті 3 есеге арттырды. Жыл соңына дейін жаңбырлатып суару технологиясы ендірілген алқап 3,5 мың гектарға жеткізілмек. Бұдан бөлек, еңбек өнімділігін арттыру бағытында облыстың климаттық ерекшелігін пайдалана отырып, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы іске асырылуда», деді Ө.Шөкеев.

 Мақта мен күріш алқабын азайту жоспарлануда

Қазіргі кезде суармалы жерлердің ірі көлемі оңтүстік өңірлерде шоғырланған, оның ішінде Түркістан облысы көлемі жағынан екінші орын алады. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында облыста суармалы жерлердің алаңын 85,5 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда. Еліміздегі суармалы жерлерді дамыту мәселелері бойынша баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы вице-министрі Руслан Манатаев пайдаланып жатқан суармалы жерлердің алаңы жыл сайын ұлғаюда екенін атап өтті. Мәселен, биыл 1517 мың гектарды пайдалану жоспарланса, бұл 2020 жылдан 66 мың гектарға немесе 4,4% артық. Министрлік пен облыс әкімдіктері арасында жасалған меморандумдар шеңберінде суды көп қажет ететін дақылдар мен монодақылдардың үлесін азайту, сондай-ақ рентабельділігі жоғары балама дақылдардың алаңдарын ұлғайту арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңдарын әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, биыл мақта өсіру алаңы 116 мың гектар болған. Бұл өткен жылғы деңгейден 10 мың гектарға аз. Сондай-ақ, биыл күріш өсіру алаңы 6,4 мың гектарға азайып, 97,6 мың гектарды құраған. Вице-министрдің дерегінше, егіс алаңдарын әртараптандыру жұмыстары аясында Түркістан облысында мақта алаңын 90 мың гектарға, Қызылорда облысында күріш алаңын 75 мың гектарға азайту жоспарлануда. Суару әдістеріне де тоқталған Р.Манатаев ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялауға биылға әкімдіктердің жергілікті бюджеттерінде 2 млрд теңге көзделгенін айтып өтті. Суару жүйелерінің қанағаттанарлықсыз жағдайына байланысты егістікке судың тек 60%-ы жетеді, осының нәтижесінде өзендер мен магистралды каналдарда негізсіз жоғары су деңгейін ұстауға тура келеді.

Соңғы жылдары өзен ағынының нақты ресурстары жылына 90-100 текше шақырымды құрайды. Оның ішінде шамамен 50,8 текше шақырым – жергілікті ағын, қалғаны Қытайдан, Орталық Азия елдерінен және Ресейден трансшекаралық өзендер арқылы келеді. Халық пен экономика салаларының қажеттіліктері үшін су тартудың жалпы көлемі шамамен – 25 текше шақырым. Оның 65%-ы ауыл шаруашылығына, 30%-ы – өнеркәсіпке және 5%-ы коммуналдық шаруашылыққа тиесілі. Тасымалдау кезіндегі шығындар – 3 текше шақырым, яғни 12%. Сонымен қатар экологиялық жүйелерді қолдау үшін шамамен 50 текше шақырым қажет. Көшпелі отырыста су қорын пайдалану мен оны қорғау мәселелері жөнінде баяндама жасаған Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов биыл еліміздің оңтүстік өңірінде су аздығы циклы сақталып отырғанын жеткізді. «Қазгидромет» РМК-ның вегетация кезеңінде тау өзендері бойынша гидрологиялық болжамына сәйкес Түркістан облысының тауларында ылғал жинау кезеңінде жауын-шашын мөлшері орташа көп жылдық мәндерден 17-18%-ға аз. Қырғызстандағы Тоқтағұл су қоймасының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға (2,4 млрд м3) төмен, ал Шардара су қоймасының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 320 млн текше метр, яғни 7% кем. Вице-министр келтірген мәліметтерге қарағанда, биыл 1050 шақырым суару каналын, 2023 жылға дейін 2 мың шақырымнан астам суару желілерін қайта жаңарту жоспарлануда. Бұдан басқа 41 апатты су қоймасын қалпына келтіру көзделген, оның 12-і пайдалануға берілген, биыл тағы 9 нысанды аяқтау жоспарлануда. Қалған 20 апатты су қоймасы бойынша ЖСҚ әзірленуде, яғни бұл нысандар 2025 жылға дейін іске асырылады.

«Суармалы егіншілікті дамыту мақсатында 9 өңірде жалпы көлемі жылына 3,6 млрд текше метр болатын 39 жаңа су қоймасын салу жоспарланған. Оны іске асыру үшін 110 млрд теңге қажет. Су қоймаларын салу 70 елді мекен үшін су тасқыны құбылыстарының қаупін азайтуға, жаңа 394 мың гектар суармалы жерлерді айналымға енгізуге, ауыл шаруашылығында 129 мыңнан астам жұмыс орнын құруға, трансшекаралық өзендердің су көлеміне 30%-ға дейін Қырғызстанға, 25%-ға дейін Өзбекстанға, 15%-ға дейін Ресей Федерациясына тәуелділікті алып тастауға мүмкіндік береді», деді С.Қожаниязов. Сондай-ақ министрлік су ресурстарын басқару бойынша әзірленіп жатқан ұлттық жоба шеңберінде 2025 жылға дейін шамамен құны 192 млрд теңгеге 4 мың шақырымнан астам суару желілерін қайта жаңартуды және салуды көздеп отыр.

 Су маманы да, қаржы да тапшы

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің ағын суға деген тапшылығын болдырмау бағытында үкіметтік және жергілікті деңгейде бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылған. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев ірі су нысандарын күрделі жөндеу, жаңғырту жобаларын іске асыру нәтижесінде өңірге 200 млн текше метр ағын су қосымша жеткізілетінін мәлім етті. Бұдан бөлек, су нысандарын қалпына келтіруге жыл сайын облыстық бюджеттің мүмкіндігіне қарай қаржы бөлінуде. «Биыл облыстық бюджеттен 3,7 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде, 361 шақырым су нысанына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде, облыс әкімінің қолдауымен Жетісай ауданына басымдылық беріліп, коммуналдық меншіктегі барлық 241 шақырымды құрайтын 121 қашыртқыға механикалық тазалау жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар Су ресурстары комитеті тарапынан, жүзеге асырылып жатқан жобалардың ішінен, құны 5 млрд теңге «Шәуілдір үстеме каналын реконструкциялаудың 2-кезеңі» және құны 3,5 млрд теңгелік «Ішкі коллекторлық дренаж жүйелерін реконструкциялау» жобаларының Отырар ауданы үшін маңыздылығы өте жоғары. Жоба аясында су өткізу қабілеті 11 текше метр/секунд болатын 30,4 шақырым канал бетонмен қапталып, 417 шақырым коллектор дренаж жүйелері механикалық тазалаудан өткізіледі. Нәтижесінде, «Д.Алтынбеков», «Көкмардан» каналдары бойындағы 12 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарып, жаңадан 7 мың гектар суармалы жер айналымға қосылады», деді Ұ.Тәжібаев. Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары шешілуі қажетті бірнеше өзекті мәселеге тоқталды. Мысалы, кешенді жоспарға сәйкес, «Түркістан магистралдық каналының» құрылысын ағымдағы жылы аяқтау үшін, республикалық бюджеттен қосымша 5,3 млрд теңге қаржы бөлу қажет. «Арыс-Түркістан магистралдық каналын толықтыру үшін Сырдария өзенінен машиналық арна салу» жобасы құрылысының алғашқы кезеңін бастауға республикалық бюджеттен 2021 жылға қосымша 7 млрд теңге бөлуді ұсынамыз. Ағын су шығынын азайту және маусымдық суару кезеңінде қосымша су жеткізу мақсатында, жаңадан Бөген өзенінің бойынан «Сарқырама» су қоймасын салу жоспарлануда. Жоба құны – 7,4 млрд теңге. Жоба толық іске асқан жағдайда, вегетациялық кезеңде «Бөген» су қоймасына қосымша 50 млн текше метр су тасталады. Сондықтан, республикалық бюджеттен 2022-2023 жылдарға құрылыс жұмыстарына 7,2 млрд теңге қаржы қажет. Шардара ауданындағы «Жаушықұм алқабында су тартқыш пен сорғы стансасын реконструкциялау» жобасының құрылысын бастауға республикалық бюджеттен 2021 жылға 5 млрд теңге қаржы бөлу қажет», деді Ұ.Тәжібаев.

Су мамандарының тапшылығы да өзекті мәселелердің бірі ретінде көтерілді. Мысалы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Бөген арнасы» мемлекеттік мекемесіндегі, инженер-гидротехник, инженер-гидрометрлер, техниктер, су реттеушілер, су бақылаушылардың еңбекақысы 65-70 мың теңге аралығында. Бұл жалақы көлемі білікті, кәсіби мамандардың тұрақтамай, басқа салаға кетуіне себеп болып отыр. Осыған орай, су мамандарына ерекше еңбек жағдайы және ауылдық жерде жұмыс істегені үшін қосымша үстемеақылар қарастыру қажет.

 Ағын су мәселесінде өзге мемлекеттерге тәуелді

Түркістан облысындағы суармалы жер көлемінің 20%-ы Сарыағаш, Жетісай аудандарының үлесінде. Осыған байланысты өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аталған аудандардың орны ерекше, яғни ауыл шаруашылығы өнімдерінің 5/1 бөлігі тек осы аудандарға тиесілі. Бұл орайда Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев аудан аумағында жалпы 28 мың гектардан астам суармалы егістік жерді ағын сумен қамтамасыз ететін 284 дана су шаруашылығы нысаны барын, оның жалпы ұзындығы 1531 шақырым екенін айтты. Биыл бюджеттен 767 млн теңге бөлініп, жалпы ұзындығы 62 шақырым 11 су нысанына ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Жөндеу жұмыстарынан кейін 230 гектар егістік жер қайта айналымға қосылып, 2336 гектарға ағын су жеткізу мүмкіндігі жақсарады. Сондай-ақ М.Отаршиев облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан бойынша биыл бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасына қатысуға 499 агроқұрылым ниет білдіріп, иеліктеріндегі 1011 гектар алқапқа бірінші өнімнің егісі егілгенін атап өтті. Ағын суды үнемдеу мақсатында аудан көлемінде жалпы 2260 гектар егістік жерге тамшылатып суару әдісімен егіс егілуде.

Сарыағаш ауданына ағын судың
95%-ы Өзбекстан Республикасының Шыршық өзенінен бастау алатын «Зах», «Ханым» және «Үлкен Келес» магистралды каналдары арқылы келеді. Бұл орайда, аудан әкімі шаруаларды ағын сумен үздіксіз, әрі тұрақты қамтамасыз ету бойынша бірқатар қиыншылық туғанын жеткізді. Атап айтқанда, Өзбекстан тарапынан жоспарланған су көлемі толық берілмеуде. Мысалы, Сарыағаш ауданына сәуір айына 21,8 млн текше метр ағын су босатылуы жоспарланған болса (жылдық жоспар 396 млн т/м), нақты босатылғаны – 13 млн текше метр. Мамыр айының екінші онкүндігіне жоспар бойынша Қазығұрт, Сарыағаш, Келес аудандарына секундына 48,5 текше метр су босатылуы қажет болса, секундына 30,5 текше метр су беріліп отыр. Яғни жоспардың 62%-ын құрайды.

Суармалы жерлерді тиімді пайдалану мәселесінде шешілуі тиіс өзекті мәселелер Жетісай ауданында да аз емес. Аудандағы 80 мың гектар суармалы егістік жерде 10 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істеуде. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін 40 мыңға жуық тұрғынның күнкөрісі ауылшаруашылық дақылдарынан алынған өнім көлеміне байланысты. Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек егістік алқаптарына ағын су жеткізетін мемлекетаралық «Достық» магистралдық каналына Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан Республикалары арқылы келетінін, каналдың жалпы ұзындығы 113 шақырым, Қазақстандағы бөлігі 49 шақырым, Жетісай ауданы каналдың аяғында орналасқанын айтып өтті. Жыл сайын жазғы вегетациялық суару кезінде түрлі себептермен ауданға қажетті су көлемі келмей қалу жағдайлары орын алады. Жағдайды қалпына келтіреміз деп жүргенде суарудың оңтайлы мерзімі өтіп, өнімге әсер етуде. Бұл мәселе Үкіметаралық келісім арқылы ауданға қажетті ағын суды пайдалану кестесіне сәйкес жеткізуді қамтамасыз ету арқылы шешілуі тиіс. «Достық» магистралдық каналы арқылы келетін ағын су жеткіліксіз болған жағдайда Шардара су қоймасынан машиналық әдіспен су көтеру арқылы қосымша ағын су алу көзделген. Жалпы бұл жоба 2011 жылы іске қосылған. Бастапқыда сусорғылар арқылы 60 текше метр/секунд ағын су алу жоспарланған. Алайда қазіргі таңда жағдай олай емес. Су жеткізетін каналдың жақтаулары құлап, ұлтаны толып қалуы салдарынан оның су өткізу қабілеті жыл сайын төмендеуде. Былтыр вегетациялық кезеңде барлығы 12 сусорғының 5-уін ғана қосуға мүкіндік болып, небәрі 20-23 текше метр/секундына ағын су берілді, егістік алқаптарды ағын сумен қамтамасыз етуде қиындықтар туындады. Бүгінде аталған стансаның сусорғыларын ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстары, каналдың су өткізу қабілетін арттыру шаралары аяқталған жоқ», деді аудан әкімі М.Қадырбек.

Ағын су жүйелерінің басым бөлігінде, әсіресе, ішкі жүйелерде ұзақ жылдан бері жөндеу, тазалау жүргізілмеген. Мысалы, 2012 жылы Ералиев, Абай, Қызылқұм және Ділдәбеков ауылдық округтеріндегі 3100 шаруа қожалығының 13 мыңнан астам гектар жерін ағын сумен қамтамасыз ететін К-30 каналын қайта қалпына келтіру жұмыстары басталған. Жалпы жоба бойынша каналдың ішкі жүйелерімен қоса алғанда 200 шақырымын жөндеу жоспарланған. Жобаның тапсырыс берушісі – Су ресурстары комитеті, мердігер – «Kerneu Limited» ЖШС. Құрылысқа қаралған 6,076 млрд теңгенің 3,6 млрд теңгесі игеріліп кеткен. Алайда 10 жылға жуық уақыт өтсе де бүгінге дейін құрылыс аяқталмаған. Атқарылған құрылыс жұмыстарының сапасында көптеген кемшілік орын алуда, каналдың жөндеуден өткен бөліктері қайта жарамсыз күйге түсуде, ішкі су жүйелерінің су өткізу қабілеті нашарлауда. Сол сияқты аудандағы К-26 каналын қайта қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталған жоқ. Каналдың 700 метрге жуық бөлігі бетондалмаған, ішкі су жүйелеріне ағын су жіберетін 26 су өткізгіш гидроқұрылғының құрылысы жүргізілмеген. Бұл жобаның да тапсырыс берушісі – Су ресурстары комитеті, мердігер – «Мадест» ЖШС. Бұл жағдайлар өз кезегінде шаруалардың наразылықтарын тудыруда.

Аудандағы өзекті мәселелердің тағы бірі – егістік жерлердің тұздануы. «Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы» РММ мәліметіне сәйкес 2020 жылдың қорытындысы бойынша Жетісай ауданы аумағында 49424 гектар суармалы жер немесе барлық жерлердің 60%-ға жуығы түрлі дәрежеде тұзданған. Бұл жағдай да алынатын өнім көлеміне теріс әсер етеді. Егістік жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсартудың тиімді жолы – тік дренажды ұңғымаларды іске қосу. «Аудандағы барлық егістік алқапты қамту үшін 383 тік дренажды ұңғыма жұмыс істеу керек. Қазіргі таңда Жетісай ауданы аумағында 34 мыңға жуық гектар жерді қамтитын 171 тік дренажды ұңғыма жұмысқа жарамды. Қызылқұм, Ш.Ділдәбеков, Мақталы, Ж.Ералиев, Абай, Ынтымақ ауылдық округтерінде бірде-бір тік дренажды ұңғыма жұмыс істемейді», дей келе М.Қадырбек сенаторлар мен министрліктер өкілдерінен аудандағы мәселелердің оң шешілуіне ықпал етулерін сұрады.

Көшпелі отырыс барысында көтерілген өзекті мәселелер мен ұсыныстар, оның ішінде екі ел арасында бекітілген лимитке сәйкес, ағын суды босатуды Үкімет деңгейінде шешу мәселесін пысықтау қажеттігі айтылды. Сенатор Ақылбек Күрішбаев су мамандары жоқтығын, кей жерде жауапты қызметті зоотехник атқарып жүргенін айтты. Сенатор, комитет төрағасы Ә.Бектаев көшпелі отырысты қорытындылай келе, суару жүйелерінің техникалық деңгейінің төмендеуіне байланысты оларды күрделі жөндеу және реконструкциялауға, әсіресе, шаруашылықішілік каналдар және коллекторлық-дренаждық жүйелерді жыл сайын тазартуға қаражат қарастыруды қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Комитеттің көшпелі отырысында көтерілген барлық мәселе мұқият зерделеніп, тиісті депутаттық сауалдарды жолдауға және заң шығару қызметінде пайдаланылатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ сенаторлар өңірге сапары барысында Түркістан магистралдық каналын жөндеу жұмыстарының барысымен, «Кеңсай-Қосқорған 2» су қоймасының құрылысымен танысты, су үнемдеу технологиялары пайдаланылатын «Түркістан-Агро» ЖШС-нің егіс алқабында болды.

 

Түркістан облысы