Оқиға • 26 Мамыр, 2021

Төрт айда 4 мыңнан аса пәтер тоналған

600 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бейнебақылау камераларын көптеп орнатудың арқасында елімізде соңғы 5 жылда пәтер тонау қылмысы 67 пайызға кеміген. Мәселен, 2016 жылы 44 мың пәтер тонау дерегі тіркелсе, бұл сан былтыр 14 мыңға дейін азайған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Төрт айда 4 мыңнан аса пәтер тоналған

Ал биылғы төрт айда 4 мыңнан астам пәтер тоналған екен. Осы уақыт аралығында қылмыстың бұл түрі 30 пайызға төмендесе, пәтер тонауды ашу көрсеткіші 13 пайызға жақсарған. Бұл жөнінде онлайн режімде өткен брифинг барысында ІІМ Криминалдық полиция департаменті басшысының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов хабарлады.

Жақында Қостанай қаласында бес бірдей пәтерді үптеп кеткен екі ұры ұсталды. Әккілер пәтердің пластик терезелерін ашу арқылы ішке кіріп, үй иелерін жалпы сомасы 1,5 миллион теңгеге шығынға батырып кеткен. Полиция қызметкерлері бұл екеудің бұрын да сотты болғанын анықтап отыр. Олар қолды қылған қымбат бұйымдар мен әшекейлерді ломбардтар арқылы сатып жіберіп, айғақ заттардан тез құтылудың оңай жолын тауып алған көрінеді.

ІІМ өкілі пәтер ұрыларының жазадан жалтарып кетудің сан айласын «меңгеріп» алғанын ашық айтты. Көбіне жәбірленушілер мен ұрылардың татуласуынан кейін істің тығырыққа тіреліп қалатынын жеткізген Қ.Нұрмағамбетов: «Жауапкершіліктен жалтару үшін ұрылар көбінесе шығынның орнын толтырып, жәбірленушінің тілін тауып алып жатады. Осыдан кейін істің дені сотқа дейін жетпей, орта жолда тоқтап қалатын. Сол себепті де министрлік қылмыстық іс жүргізу іс-шараларын жетілдіруді қолға алып, бірқатар ұйымдастырушылық және заңнамалық бастаманы іске асырып келеді. Тәжірибеде жиі кездесетін «жазадан жалтару» мәселесін жан-жақты зерделей келе, 2018 және 2019 жылдары Қылмыстық кодекске бірқатар өзгеріс енгізілді. Осы өзгерістерге сәйкес бірнеше рет ұрлық жасау және үй-жайларға заңсыз кіру арқылы тонау ауыр қылмыс түріне жатқызылып, кінәлілерді жеке мүлкін тәркілеп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған болатын», деді.

Криминалдық полиция департаментінің басшы қызметкері брифинг барысында пәтер тонауға қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомстволық бағдарламалардың елдегі криминогендік жағдайға оң ықпал еткенін де атап өтті. Осы бағдарлама шеңберінде тұрғын үйлердің аулаларында 54 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылса, 14 мыңнан астам камера тұрғындардың бастамасымен жабдықталған. Спикер тұрғын үйлерге бақылау камераларын орнатып, орталықтандырылған жүйеге қосу жұмысының әлі де жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Ал жақында ел көлемінде өткен үшкүндік «Пәтер» жедел алдын алу операциясы кезінде 300-ге жуық пәтер ұрысы анықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 22 қылмыстық топ та бар. Сондай-ақ пәтер тонағандары үшін бұрыннан іздеуде жүрген 8 қылмыскер қолға түсіп, 67 күдікті ұсталған. Криминалдық және әкімшілік полиция қызметкерлері жұмылдырылған ауқымды іс-шара барысында ұрланған мүлікті сатып алатын, өткізетін бір жарым мыңнан астам сауда орны жіті тексеріліп, 240-қа жуық пәтер ұрлығы ашылған.

Қоғамда өзектілігін жоймай келе жатқан пәтер тонау қылмысы елде жасалатын барлық ұрлықтың 10 пайызын құрайды. Осыған орай, ведомство өкілі сөзінің соңында үйден шыққанда есік-терезе, балкондарды мұқият жауып кету, кіреберіс есікке күрделі механизмдері бар, кемінде 2 тиек құрылғысын орнату секілді ұрылардан сақтанудың қарапайым ережелерін еске салып өтті. «Заманауи электронды қорғаныс құралдары – қозғалыс датчиктері, дыбыстық сигнализацияны пайдалану, үйде бағалы заттар мен ақша, зергерлік бұйымдарды арнайы сейфтерде сақтау да – қылмыскерлерден қорғанудың ең тиімді әдістерінің бірі», деді ол.