Қоғам • 26 Мамыр, 2021

Әлеуметтік желінің әлегі

835 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде әлеуметтік желіден туындап жатқан әлек аз емес. Әлеуметтік желі желі емес, желім болып тұр. Жаман әдет жабысқыш келеді емес пе? Батыстың қаңсығын балаларымыз таңсық көретіні сонша, жылтыраққа жапа-тармағай жабыса кетеді. Бұрын ерсі қылық істеген адам жазаланатын еді, қазір жарнамаланатын болды. Бақсақ, осы күні хайп деп, пранк деп, ар мен ұяттан емін-еркін аттай беретіндердің аты озып тұр екен.

Әлеуметтік желінің әлегі

Жалпы, біздің қоғамда қордаланған мәселе көп қой. Дегенмен, осынау әлеуметтік желі әліппемізге айналған беталысы бөлек за­манда ғаламтор арқылы ұлт басына төн­­ген қатерден көбірек сақтануымыз керек сияқты. Ертеңгі болашағымыз – жас ұрпақтың тілі теледидармен шығып, зер­десі зиянды заттарды көбірек тоқып жат­қанына көз жұмып қарап отыра беруге болмайды.

 Жалпы, желіге жеңіл-желпі қара­ма­ғанымыз дұрыс. Осыншама дабыл қағып, дабырайтып айтатын да жағдай емес шығар, алайда бұл тек жастардың жадын улап жатқан жоқ, желінің желіміне аға буынның өзі де арбалып қалған. Арзан тірлікпен айналысып, баласымен жарыса тик-ток түсіріп жүрген ата-аналар да бар.

Бұл тақырыпқа қайдан соқтық дегенде, түнеу күні ата-анасына пранк жасап желіні шулатып жатқан ессіз жастардың орынсыз іс-әрекеттерін кездейсоқ көзіміз шалып қалды. Жасы келіп қалған кәрі әжесін туған күнімен құттықтай келген немерелері үлкен шешелеріне арнайы торт пісіріп, сол тортты жұртты күлдіру үшін бейшара кейуананың бетіне былш еткізіп жапсыра салады. Не болғанын ұқпай, жүрегі тас төбесіне шығып қорқып қалған әжелеріне жырқ-жырқ еткен жастар «Әже, бұл пранк» деп ішек-сілелері қата күліседі.

Пранк дегеніңіз, сөйтсек күлдіремін деп бүлдірудің нағыз үлгісі екен. Түсінікті тілмен айтқанда, біреуді алдап, ерсі әре­кет­ке жығасыз, сол аралықта оны ұялы телефоныңызға түсіріп алып, желіге жүк­тейсіз. Пранкқа түсіп қалған бейшараның эмоциясы жұрттың күлуіне, қаралымның артуына ғана пайдасы бар екен.

Өзгені келеке ету арқылы өзінің контентін күшейтіп, қаралымын арттыратын адамды кім деуге болады? Әрине, құр қалжың ретінде құрдасыңмен аздап ойнауға болатын шығар, алайда жасы келіп қалған, жүректері нашар бейшара ата-анаңды алдап пранк түсіргеннен саған келер пайда қане? Біз айтып отырған жайттар жалпы пранктың бер жағы деуге болады.

Бет-ауызын қызыл қанға бояп, өлім аузы­нан қалдым деп өтірік бейне түсіріп, ата-анасын шошытушылар көбейген. Жүкті боп қалдым деп әкесіне жазба жолдайтын да пранктар барын байқадық. Мені алып қашты деп анасын зар қақсатқан бейнежазбалар да жұртты дүрліктіріп жіберген.

Орынсыз әзілдің орға жығатынын ұмыт­пауымыз керек.

Қойға қасқыр шапты деп ылғи өтірік айтып, ауылға аттандап шауып келетін қойшы бала туралы әпсана бар еді ғой. Ел бір рет алданады, екінші рет алданады, үшінші рет шынымен қойға қасқыр шапқанда ауыл оның кезекті өтірігі екен деп сөзін құлақтарына да ілмейді. Сөйтіп қаншама қойды қасқыр қырып кетеді.

Мұнымен біз не айтқымыз келеді, яғни трендтен түспейін деп татымсыз тір­лікке бой суытпайық. Әзілім жарасса болды деп әлеуметтік желінің әумесер жұл­ды­зы болу түбі жақсылыққа апармайды. Ойыннан от шықпасына кім кепіл? Жалпы, осылай әзілдеймін деп әкімшілік жауап­кер­ші­лікке тартылып жатқандар да жоқ емес. Желіні дүрліктіргені үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылған азамат тура­лы ақпарат оқығанымыз бар. Пранк дегенің, қазақша айтқанда, парықсыздық дегенге келеді. Жақыныңның төбесіне жай түсір­ген­дей әзілдеп, әлеуметтің әулекі тірлігіне үйір болудан еш пайда көрінбейді. Одан да сол уақытты өзіңді рухани дамытуға, біліміңді арттырып тіл үйренуге арнап, дене шы­нық­тырумен айналысу әлдеқайда пайдалы.

Желіде желдей ескен өсекке сенбей, өзіңе сенгенің дұрыс.

Парақшаңдағы лайктың саны артқанмен, парасатыңды төмендететін мұндай парық­сыз­дықтан неғұрлым аулақ жүрген жөн. Бү­гін­гі жас ұрпақты біз бұл пайдасыз пранк­тар­дан шамамыз келгенше шектегеніміз дұрыс.

Әрине, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған желінің жақсы жақтары да бар шығар. Алайда Абай айтқандай, ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек – бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, зияны тиеді.