Пеп Гвардиолла жаттықтыратын клуб өз тарихында тұңғыш рет бұл мәртебелі турнирдің финалисі атанып отырса, «Челси» екінші мәрте чемпион атану мүмкіндігіне ие. Лондондық ұжым алғаш рет финалға 2008 жылы шығып, жеңе алмады. Екінші рет 2012 жылы шығып, драмаға толы матчта мюнхендік «Бавариядан» басым түсті. Сол жолғы жеңімпаз «Челси» ойыншылары қазір қайда? Сол кездегі құрамнан клубта кім қалды? Осы сұрақтарға жауап іздейік.Қақпаны қорғаған Петр Чех ол кезде 30 жаста болатын. Қазір 39-да. Футболдан әлі алыстаған жоқ. «Челсидің» 23 жасқа дейінгі жастар командасында ойнайды.
Жозе Бозингва. Португалия футболшысы ол кезде 30 жаста еді. Қазір 39-да. 2012 жылы клубтан кетіп, 2012-2013 жылдары «Куинз Парк Рейнджерс» командасында, 2013-2016 жылдары «Трабзонспорда» ойнады. Одан кейін футболшы туралы ешқандай ақпарат жарияланған жоқ.
Чемпиондар лигасында жеңген кезде 25 жаста болған қорғаушы Давид Луиз қазір Лондонның «Арсеналының» намысын қорғап жүр.
Гари Кэхилл. Қос құлақты кубокты жеңген кезде 27 жаста еді. Қазір 36-да. «Челсиде» 2012-2019 жылдар аралығында ойнап, клубтың аңызына айналды. 2019 жылы «Кристал Пэласпен» келісімшартқа отырды.
Эшли Коул. 41 жастағы экс-қорғаушы 2014 жылы клубтан кеткен соң «Рома», «Лос-Анджелес Гэлакси», «Дерби Каунти» командаларының намысын қорғады. 2019 жылдың жазында мансабын аяқтағанын мәлімдеді.
Джон Оби Микел. 2020 жылдың 17 тамызында «Челсиден» еркін агент ретінде кетіп, «Сток Сити» клубымен келісімшартқа отырды.
Фрэнк Лэмпард. «Челси» тарихындағы ең үздік бомбардир (211 гол). «Челсиден» кеткеннен кейін бір-бір маусымнан «Манчестер Сити», «Нью Иорк Сити» клубтарында ойнады. 2019-2021 жылдары «Челсидің» бас бапкері болып жұмыс істеді. Алайда бапкер ретіндегі нәтижесі басшылыққа ұнамай, оның орнына неміс маманы Томас Тухель келді.
Саломон Калу. ЧЛ-ды жеңіп алған соң іле-шала клубтан кеткен ойыншылардың бірі. Одан соң «Лилль», «Герта» командаларында ойнады. Қазір бразилиялық «Ботофаго» ойыншысы. 25 ойында 1 гол соққан.
Хуан Мата. «Челси» сапында ерекше маңызға ие бола алмаған футболшы 2014 жылдан бері «Манчестер Юнайтед» сапында ойнап жүр.
Райан Бертранд. Ағылшын ойыншысы ЧЛ-ды ұтқан жылы 23-те болды. Қазір 32 жаста. 2014 жылы «Астон Вилла» сапына ауысты. 2015 жылы ақпаннан бастап «Саутгемптон» ойыншысы атанды.
Дидье Дрогба. 34 жасында «Челсимен» бірге Чемпиондар лигасын жеңіп алған ивуарлық аңыз футболшы «Челсиден» кейін Канаданың «Монреаль Импакт», Американың «Финикс Райзинг» командаларына барды. 40 жасында карьерасын аяқтады. Қазір «Финикс Райзинг» клубының иесі.
Паулу Феррейра. 2013 жылы «Челси» сапындағы соңғы маусымын өткізіп, кәсіби карьерасын аяқтады.
Майкл Эссьен. Отызында орда бұзып ЧЛ-ды жеңіп алды. Қазір 39 жаста. 2005-2014 жылдар аралығында «Челсиде» 168 кездесуге қатысып, 17 гол соққан. Бұл аралықта «Реалда» да ойнап келді. Кейін «Миланға», грекиялық «Панатинаикосқа», «Персиб Бандунг» командаларына ауысты. Кәсіби мансабын әзербайжандық «Сабаил» клубында тәмамдады.
Ориоль Ромеу. Испан футболшысы ЧЛ-ды ұтқан кезде 21-де еді. Қазір 30-да. Келешегінен көп үміт күттірген жартылай қорғаушының кейінгі тағдыры топ-клубтармен байланысты болған жоқ. «Челсиде» өткізген төрт маусымнан кейін «Валенсия», «Штутгарт» клубтарына барды. 2015 жылы «Саутгемптонмен» үш жылдық келісімге отырды. Ағылшын чемпионатында ойнағанына қарамастан, сол күйі Испания ұлттық құрамасына іліне алмады.
Флоран Малуда. 2006 жылы Франция құрамасымен әлем чемпионы атанған ол «Челсиге» келе салысымен Арьен Роббенді негізгі құрамнан ығыстырды. Осыған қарап оның қаншалықты берік ойыншы екенін аңғаруға болады. 2013 жылы «Трабзонспорға» ауысты. Түрік клубындағы мансабы ұзаққа созылмай, 2018 жылы Люксембургтің «Дифферданж» командасының сапына кетті.
Дэниел Старридж. Англияның аса көп үміт күткен футболшысы. Ең жұлдызды сәті «Ливерпульде» өтті. 116 ойында 51 гол соқты. Одан соң «Вест Бромвичке», «Трабзонспорға» ауысты. Қазір ешқандай клуб сапында емес.
Фернандо Торрес. 2011-2015 жылдар аралығында лондондық ұжымда ойнап, 2018-2019 жылдарда Жапонияның «Саган Тосу» сапына ауысты. 2021 жылдан бастап «Атлетико Мадрид Б» командасын жаттықтырады.
Роберто Ди Маттео. 42 жасында бас бапкер ретінде ЧЛ-ды ұтқан ол кез келген бапкер армандайтын осы бір бақытты сәтке кездейсоқ қол жеткізді. 2011 жылы бас бапкер Андре Виллаш-Боаштың көмекшісі болып жұмысқа тұрған. Алайда көп ұзамай Виллаш-Боаш қызметтен кетіп, Ди Маттео команданы уақытша қолға алады. 2012 жылы 5 мамырда Англия кубогын, екі апта өткен соң Чемпиондар лигасын жеңіп алды. Қарашада клуб басшылығы Ди Маттеоны жұмыстан босатты. Одан кейін «Шальке», «Астон Вилла» клубтарын жаттықтырды. Бірақ айтарлықтай жетістікке жете алмады.
Финал жайлы бірер сөз. 2020/2021 жылғы Чемпиондар лигасының финалы 29 мамыр күні Португалиядағы «Драгау» стадионында өтеді. Финалға испан төрешісі Антонио Матеу Лаос қазылық жасайды. Матчты стадионнан әр командадан 6 мың жанкүйер ғана келіп, тамашалай алады. Айтпақшы, 2012 жылғы жеңімпаз құрамнан дәл қазір «Челси» сапында ешкім жоқ. Тек Андреас Кристенсенді айтуға болады. Ол 2012 жылы ақпан айында клубпен келісімшартқа отырды. Бірақ бас бапкер Виллаш-Боаштың сеніміне ие бола алған жоқ. Бас командадағы ресми матчын тек 2014 жылы ғана өткізді.