Хоккей • 26 Мамыр, 2021

АҚШ-қа әліміз жетпеді, Германияны ұттық

175 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Латвия астанасы – Ригада өтіп жатқан шайбалы хок­кейден әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі ойындар бел ортасына жақындады. Үшінші тур бәсекелерінің қорытындысы бойынша, әзірге екі топта бір-бір құрама жеңілістің не екенін білмей келе жатқан. Қазақстан хоккейшілері де жеңісті жолын жалғастыра алмаған-тын. Бірақ келесі кездесуінде жеңіліссіз келе жатқан Германияны 3:2 есебімен тізе бүктірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

АҚШ-қа әліміз жетпеді, Германияны ұттық

Жерлестеріміз үшінші турда азулы АҚШ құрама­сымен шеберлік байқасты. Әлемдік рейтингте алтыншы орында тұрған Америка хоккейшілері алғашқы турда Финляндияға 1:2 есебімен есе жібергеннен кейін, екінші турда Канада құрамасын ірі есеппен жеңді – 5:1. Әр тур сайын ойындары қарқын алып келе жатқан Солтүстік Америка өкілдері үшінші турда Қазақстан құра­масының қақпасына жауапсыз үш шайба соқты.

Қазақстан құрамасының әлем біріншілігіндегі өткен екі ойынымен салыстырғанда, Юрий Михайлис АҚШ-қа қарсы өткен матчта құрамға аздаған өзгеріс енгізгенін бай­қадық. Мәселен, бұған дейінгі кездесулерде алғашқы бес­тікте ойнаған шабуылшылар Александр Шин мен Евгений Рымаревтің орнына Роман Старченкомен бірге Кирилл Панюков және Дмитрий Шев­ченко шықты. Сонымен қатар бір ойынға айыпталған қорғаушы Виктор Сведбергті Валерий Орехов алмастырды. Бұл В.Ореховтың әлем біріншілігіндегі алғашқы матчы болды.

АҚШ хоккейшілері ойын басталған сәттен бастап тіз­гінді өз қолдарына алып, кез­десудің 7-минутында есепті ашты. Голдың авторы – Адам Клен­денинг. Голдан кейін де америкалықтар Бояркин қорғаған қақпаның маңайын біраз торуылдағанымен, қа­зақ­стандық қақпашы шайба соғуға мүмкіндік берген жоқ. Бірінші кезеңде аме­рикалықтар біздің қақпаға 25 (!) соққы жасады. Оның тек біреуі ғана голға айналды. Ал Қазақстан хоккейшілері бі­рінші кезеңде 8 мәрте соққы жасады.

Екінші кезеңде де белсенді болған қарсыластар 22-минутта есепті 2:0-ге жеткізді. Бұл жолы 26 жастағы «Лос-Анджелес» клубының шабуылшысы Тревор Мур көзге түсті. Бұған дейінгі ойындарда көбіне сан басымдығына ие болған сәттерде де гол со­ғатын Қазақстан құрамасы АҚШ-пен өткен ойында мұн­дай мүмкіндіктерін пайдалана алмады.

Үшінші кезеңде де амери­калықтар ойын басталған сәт­те гол соғып кетті. 42-минутта Райан Донато мен Мэтт Тенни­соннан пас алған Джек Друри мұзайдынның орта тұсында орналасқан көк сызықтан біздің қақ­паға гол соғып кетті. Қазақ­стандық хоккейшілер матч соңына дейін есеп айыр­­масын қысқартуға ты­рыс­­қаны­мен, бұл ойында отан­дас­тарымызға гол соғу ба­қыты бұйырмады. Қоры­тын­ды есеп 3:0 АҚШ-тың пай­­дасына.

Осылайша, Қазақ­стан құрамасы әлем чемпиона­тындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады. Матчтан соң Қазақстан ұлттық құрама­сының бас бапкері Юрий Ми­хайлис ойынға қатысты өз пікірін білдірді. «АҚШ се­кілді азулы командаға қар­сы ойнау біз үшін үлкен тәжірибе болды. Кейбір сәт­терде біз шабуылдан қор­ғанысқа, қорғаныстан ша­буылға шығуға үлгермей жаттық. Қарсыластарымызға кездесудің басым бөлігін өз аймағымызда өткізуге мүм­кіндік беріп қойдық. Біз­дің командада да гол соға­тын бірнеше мүмкіндік бол­ғаны­мен, оны жүзеге асыра алмадық. Қарсылас ко­ман­даның ойыны бізге сабақ бол­ды. Келесі кездесулерде қа­те­ліктерімізді түзеуге тырысамыз», деді Юрий Михайлис.

Бас бапкер сөзінде тұрды. Германиямен болған төртінші тур ойынында Қазақстан құ­рамасы табандылық танытып, кездесу соңына қарай жеңісті қарсыластарынан жұ­лып әкетті. Голдардың авторлары – Александр Шин, Роман Старченко және Павел Акользин.

Немістер ойын есебін өзгертуге қанша күш сал­ған­дарымен, оларынан нәтиже шықпады.