Бокс • 26 Мамыр, 2021

Екі қола қоржында

332 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әуелі Үндістанда өтеді деп бекітіліп, кейіннен елдегі эпидемиялық жағдайдың нашарлығына байланысты Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласына ауыстырылған бокстан ересектер арасындағы Азия чемпионаты қазақстандық былғары қолғап шеберлері үшін сәтті бастала қойған жоқ.

Екі қола қоржында

Бұрынғы сары құрлық бәсекелерінде кей салмақтағы боксшылар ширек финал, жартылай финал бәсекелеріне дейін жетіп сүрінетін болса, биылғы біріншілікте «ә» дегеннен-ақ екі жерлесіміз алғашқы жекпе-жектерінде қарсыластарынан жеңіліп қалды. Оның себебі де жоқ емес.

Мәселен, жарыстың алғашқы күнінде қар­сыластарынан жеңіліп қал­ған екі жер­лесіміз би­ылғы Азия чемпионатына өздерінің әдет­тегі сал­мағында емес, бір саты жоғары салмақта жұ­­дырықтасты. Атап айтар бол­сақ, былтыр ел чем­пионатын­да 52 килода топ жарған Са­бырхан Мах­мұт сары құр­­­лық бәсе­ке­сіне 56 ки­лода барды. Ал То­кио Олим­пиа­дасына 57 кило салмақта жолдама же­ңіп алған Серік Те­міржанов Ду­бай шаршы алаңында 60 килода өнер көрсетті.

Сабырхан алғашқы айналымда Үндістан өкілі Мохаммад Хуссам Уддинмен кездесті. Екі боксшы рингке көтерілген сәтте-ақ Мохаммадтың отандасымыздан әжептәуір ірі екені, ал Махмұттың дене бітімі 56 килоға сай келмейтіні бірден байқалды. Оның үстіне үнді боксшысының бо­йы да, қолы да Сабырханға қа­рағанда ұзын еді. Бұл – бокста үлкен рөл атқаратынын жанкүйерлер жақ­сы біледі. Отандасымыз өзінің өте шапшаң қимылдайтынының арқасында үндістандық боксшының біраз соққысын өзіне дарытқан жоқ. Дегенмен жеңіл салмақтың өкілі болған соң Мохаммад Сабырханның соққыларын шыбын шаққан құрлы көрмеді. Сөйтіп үш раунд бойы белсенді қимылдап, бірақ дөп соқ­қыларының аздығына байланысты жерлесіміз өзінің алғашқы Азия чем­пионатын бірінші айналымнан аяқтауға мәжбүр болды. Қорытынды есеп – 5:0, жеңіс үндістандық спорт­шыға берілді.

Ал Серік Теміржанов Токио Олим­пиадасында 63 килода бақ сынайтын ирандық Даниял Шахбахшыдан тең дә­режеде өткен жекпе-жекте 2:3 есе­бімен жеңіліп қалды. Темір­жа­новтың да бұл салмақта «бөтен» екені бірден байқалды.

Олимпия ойындарында 63 ки­лода ел намысын қорғайтын құра­маның ең тәжірибелі әрі егде жас­тағы боксшысы Зәкір Са­фиул­лин алғашқы айналымда Иран өкілі Ашкан Ре­заиды қапы қал­ды­рып, жарысты сәтті бас­таға­ны­мен, ширек финалда Азия құр­лығының екінші нөмірлі бокс­шысы моң­ғолиялық Чинзориг Баатар­сухтен (1:4) ұтылып қалды. Отан­­дасымыздың бұған дейінгі жа­рыс­тардағы сүреңсіз өнері онсыз да жанкүйерлер көңілінен шықпай жүр еді. Азия чемпионатындағы же­ңіліс бұл жағдайды одан әрі ушық­тырып жіберді. Енді Зәкір Олим­пия ойындарында жүлдеге ілігіп, жанкүйерлердің ренішін жуып-шаюы керек.

Қалған 7 салмақтағы отандастарымыздан Даниал Сәбит (49 кг), Әбілхан Аманқұл (75 кг) және Василий Левит (91 кг) Азия біріншілігін сәтті бас­тады. Ал Сәкен Бибосынов (52 кг), Абы­лайхан Жүсіпов (69 кг), Бекзат Нұрдәулетов (81 кг), құрама капитаны Қам­шыбек Қоңқабаев (+91 кг) алғашқы жекпе-жектерін кеше кешкісін өткізді.

Ең жеңіл салмақта Азия чемпио­натына алғаш рет қатысып жатқан Даниал Сәбит бірінші айналымда Индонезия өкілі Корнелиус Квангу Лангуді өте сенімді жеңді – 5:0. Бір жекпе-жекпен жартылай финалға шыққан Сәбит кем дегенде қола жүлдені нақтылап қойды. Отандасымыз фи­налға шығу үшін кувейттік қар­сы­ласын тех­ни­ка­лық нокдаун­мен жеңген филип­пин­­дік Марк Лес­тер Ду­ранспен жұды­рық­тасады.

75 килодағы Әбіл­­хан Аманқұл жек­­­пе-жексіз келесі ай­­налымға жолдама алды. Ол алғашқы ірік­теу кезеңінде кувейттік Саид Сальбраханимен кездесуі керек болатын, алайда қарсыласы шаршы алаңға шығудан бас тартты. Жерлесіміз кеше жарыстың ширек финалында 2019 жылы Тайландта өткен Азия чемпионатында отандасымыз Тұрсынбай Құлахметтен жеңіліп, күміс жүлдегер атанған үндістандық Ашиш Кумармен жартылай финал жолдамасын сарапқа салды.

91 кило салмақта жарыс фавориті саналған қазақстандық Василий Ле­вит ширек финалда ирандық Эхсан Руз­баханиді 4:1 ұпайымен жеңіп, жар­тылай финалға жолдама алды. Бұл – Левиттің еншісінде де қола жүлде бар деген сөз. Рузбаханидің есімі қазақ жанкүйерлеріне жақсы таныс. 30 жастағы боксшы бір жылдары WSB жобасында бақ сынаған қазақстандық «Астана Арланс» клу­бында жұдырықтасқан еді. Сон­дай-ақ ол 2012 жылғы Лондон Олим­­пиадасының ширек финалында Әділбек Ниязымбетовтен 13:10 есе­бімен жеңіліп, қолда тұрған қола жүлдеден қағылған болатын.