Экономика • 26 Мамыр, 2021

Микроқаржы ұйымдары банкке айнала ала ма?

434 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

 

Қазақстан микроқаржыландыру нарығын реттеуге бел шеше кірісті. Соңғы уақытта нарық ойыншыларына қатысты жаңа ережелер мен талаптардың бекітілуі – соның айғағы. Мәселен, ендігі жерде ірі микроқаржы ұйымдары банкке айналуы мүмкін.

Микроқаржы ұйымдары банкке айнала ала ма?

Өткен аптада ұйымдастырылған «Cfo Idea exchange & networking» саммитінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова ашық микроқаржыландыру нарығын құруға қатысты алдағы жоба-жоспарлармен бөлісті. Оның айтуынша, нарықты одан әрі дамыту үшін шағын және орта бизнестің шағын несиелерін субсидиялау көзделіп отыр. Бұл «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге аспақ.

Сонымен қатар өңірлерде микроқаржы ұйымдарын дамыту тұжырымдамасы әзірленген. Онда кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерге кредит беру үшін өңірлік микроқаржы ұйымдарын құру көзделген. Бұл ретте «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бастау бизнес» жобасына қатысушыларға басымдық берілмек.

Сондай-ақ орта мерзімді перспективада микроқаржыландыру нарығын дамыту үшін микроқаржы ұйымдарын қаржыландыру көздерін кеңейту, жаңа технологиялық шешімдерді қолдану есебінен халықтың мұндай қызметтерге қолжетімділігін арттыру бойынша шаралар қабылданбақ. Осы орайда, ірі микроқаржы ұйымдарын банктерге айналдыру мүмкіндігі де пысықталатын болады.

– Қаржылық қызметтерді тұтынатындардың құқығын қорғау мақсатында Микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша заң қабылданды. Қарызды төлеу кезінде қиындыққа тап болғандарды қолдау үшін проблемалық қарыздарды сотқа дейін реттеудің міндетті рәсімі енгізілуде. Сонымен қатар борышкерлерді қайта құрылымдау және оңалту, кепіл мүлкі сатылған жағдайда ипотеканың өтелмеген қарызын кешіру шарттарының тізбесі кеңейтілуде. Коллекторлық қызметке де арнайы блок арналған. Коллектордың борышкермен өзара әрекет ету тәртібі қатаңдатылды. Агенттіктің коллекторлық қызметті бақылау жөніндегі өкілеттіктері кеңейтілді, – деді М.Әбілқасымова.

Жалпы, микроқаржы ұйымдары Ұлттық банкке тіркеліп, лицензия алғанымен, бұған дейін олардың қызметіне ешбір ұйым сұғына араласып, реттеген емес. Сондықтан олар да айылын жимай, ел азаматтарын біраз әбігерге түсіргені рас. Өйткені, пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары еді. Осының салдарынан белгілі себептермен банкке бас сұға алмай қалған қарапайым халық микроқаржы ұйымдарын жағалап кетті. Ақыры белшеден қарызға да батты. Бұл мәселені экономистер де, депутаттар да сан мәрте көтерді. Сөйтіп, Үкіметтің назарын аталған мәселеге аудартты.

Мәселен, былтыр Мәжіліс депутаты Аманжан Жамаловтың сын-садағы микроқаржы ұйымдарына бағытталғанын жақсы білеміз. Депутат атап өткендей, былтыр төтенше жағдай мен карантиннің салдарынан табысынан айырылған көптеген азамат тұтынушылық несие алуға мәжбүр болды. Бұл микроқаржы ұйымдары, ломбардтар, үйден шықпай-ақ интернет арқылы несие алуды ұсынатын онлайн-компаниялардың оң жамбасына дөп келді. Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның 2020 жылғы 23 наурыздағы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та осы мәселеге ерекше назар аударып, банктік емес несиелеуді ретке келтіруді тапсырды. Өйткені заңда жылдық тиімді мөлшерлеменің шекті мөлшері 56 пайызды құрайтыны тайға таңба басқандай көрсетілген. Тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) ең жоғары мөлшері әрбір кешіктірілген күн үшін орындалмаған міндеттеме сомасының 0,5 пайызынан аспауы керек. Бұл да заңда жазылған. Бұдан бөлек, Азаматтық кодексте барлық комиссияларды қоса есептегенде, жеке тұлғаларға жылдық тиімді мөлшерлемесі 100 пайыздан асатын қарыз беруге тыйым салынған.

– Бірақ заңдағы шектеулерге қарамастан, онлайн кредит ұсынатын компаниялар 100 пайыздан жоғары жылдық мөлшерлемемен қарыз беруді жалғастыруда. Сыйақыдан бөлек, онлайн-кредиторлар қарызды ұйымдастыру және қызмет көрсету үшін мүмкін деген барлық комиссияларды ұстап отыр. Сонда жылдық тиімді мөлшерлеме 600-700 пайызға жетіп жығылады. Сондай-ақ олардың шарттарына сәйкес, бірінші кезекте бөгде ұйымдардың қызметтеріне қатысты төлемдер, қарыз берушінің шығындары, тұрақсыздық айыбы, сыйақы сомасы шегеріледі. Содан кейін ғана негізгі борыш сомасы өтеледі. Мұндай жағдайда қарызды өтеу мүмкін емес әрі үнемі тұрақсыздық айыбы мен пайыздарды төлеу қажет. Мұның жүйесі осылай құрылған. Бұл «кесел» коронавирустан да жылдам таралуда. Сондықтан онлайн-несие беретін ұйымдардың қызметін тексеру керек, – деген болатын сонда А.Жамалов.

Содан бері көп дүние өзгерді. Жоғарыда айтылған заң қабылданды. Жаңа ережелер мен талаптар енгізілуде. Саладағы жаңашылдықтың бірі ірі микроқаржы ұйымдарының банкке айналуы болуы мүмкін. Алайда қаржы сарапшысы Бауыржан Мұқан бұл жаңашылдыққа жатпайды деп есептейді.

– Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржы ұйымдарын дамытуға бейілді екен. Мұның себебін М.Әбілқасымова карантин кезінде нарықтың мемлекет мойнына мініп алғанымен, енді олар өз күнін өздері көруі керек екендігімен түсіндірген. Әлбетте, идея жақсы. Бірақ сол идеяны іске асыру жолына қарасаңыз, мемлекеттің ақшасын мына жақтан беруді тоқтатып, есесіне екінші бір тұстан ұсынып, қаржы нарығын дамытқысы келеді. Айналып келгенде бәрі мемлекеттің ақшасы. Ендеше оның несі жаңалық?! Сонда әу бастағы «мемлекетке масыл қылмау керек» деген идея қайда қалады?! «Халықтың микроқаржы ұйымдарына сенімін арттырып», «Ірі микроқаржы ұйымдарын банкке айналдырып» деген сөзден-ақ бәрі түсінікті. Мемлекет нарықты еркіне қоя бермейді. Бизнестің қалай жұмыс істеуі керектігін бизнестің өзінен артық ешкім білмейді. Әсіресе, мемлекет «ақыл айтып, жол көрсетсе» тіпті кері кетуі мүмкін. Егер қаржы ұйымдарының өздері дұрысталмаса, халықтың қаржы ұйымдарына деген сенімін мемлекет қалай күшейтпек? – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, микроқаржы ұйымдары банкке айналғанымен ештеңе өзгермейді.

– Ірі микроқаржы ұйымдарын банкке айналдыру деген не? «Пәленше» деген микроқаржы ұйымы бұдан былай «Түгенше» деген банк деп аталады. Болды. Басқа не өзгереді? Сол бизнес, сол бизнес модель, сол клиент пен сол актив. Ал микроқаржы ұйымдары банкке айналса, банк секторында сапасыз ойыншылар көбейіп кетуі мүмкін деп қауіптенуге болмайды. Біріншіден, мәселе сапасыз банктердің банкрот болуында емес. Мәселе, халықтың аманат ақшасын соларға бере беретін Үкіметте. Егер ешкім көмектеспесе, банктердің нарық заңына сай жабылып тарап кетуі заңдылық. Бизнес жасау қолдан келмесе, бәсекелесе алмаса, бұл әр банктің өз шаруасы. Екіншіден, банктің бәрі сапалы, ал микроқаржы ұйымдары сенімсіз деуге болмайды. Екеуі өте ұқсас болғанымен, екі саладағы бизнес. Ақша айналдыру біз білетін бес-алты банктің қожайынының ғана қолынан келмейді. Бәлкім, Қазақстан ғана емес, ТМД мен әлемдік деңгейдегі талантты банкирлер сол микроқаржы ұйымының басшыларының арасында да жүрген шығар, – дейді Б.Мұқан.

UIB бизнес мектебінің директоры, экономист Мақсат Халықтың пікірінше, микроқаржы ұйымдарының артықшылығы бар. Ең алдымен, соны тиімді пайдалану керек.

– Әуелі микроқаржы ұйымдарының бейімделу процесі жылдам. Нарықта болып жатқан өзгерістерге тез бейімделеді. Бұл олардың шағындығынан болса керек. Содан кейін микроқаржы ұйымдарының халыққа несие беру кезінде қоятын талаптары банктердегідей қатаң емес. Сол себепті мұндай ұйымдардан ақша алу әлдеқайда жеңіл. Сондай-ақ елімізде банк бөлімшелері жетіспейтін өңірлер, аудан-қалалар бар. Мұндай жерлерде микроқаржы ұйымдарын тартып, олардың мүмкіндігін пайдалануға болады, – дейді экономист.

Сарапшы ірі микроқаржы ұйымдарының банкке айналуы нарыққа оң өзгерістер әкелетінін атап өтті.

– Микроқаржы ұйымдарының банкке айналуынан анау айтқандай үлкен қауіп көріп тұрған жоқпын. Қайта соңғы жылдары біздегі банктердің саны қысқарды. Әлсіз ойыншылардың бәрі нарықтағы орнын босатты. Қазір нарықта бәсекеге қабілетті және осы бағытта жұмыс істейтін қаржы институттары қалып отыр. Ірі микроқаржы ұйымдары да банк лицензиясын алып, банктік қызмет атқаруымен нарыққа жаңа леп келеді, бәсекелестік күшейеді. Бұл белгілі бір деңгейде халық үшін тиімді болмақ. Себебі бәсеке болған соң, қызмет сапасы жақсарады, төмен пайыздық өнімдер ұсынылады. Түптеп келгенде, осының бәрі қаржы нарығының тұрақтылығына септігін тигізеді, – дейді М.Халық.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы Елена Бахмутованың айтуынша, микроқаржы ұйымдарын банкке, ал банктерді микроқаржы ұйымдарына айналдыруға мүмкіндік беретін заңнамалық тетік болуы шарт.

–  Банк секторында бір жағынан реттеушілік талаптардың артуымен, жаңа технологияларды енгізудің күрделілігімен әрі оның құнының жоғарылығымен негізделген шоғырландыру жүріп жатыр. Екінші жағынан нарықта шағын және орта бизнеске шағын несие беруге мамандандырылған шағын немесе тауашалы банктер қажет. Мұндай банктердің міндетін несие нарығындағы тәжірибесі мол ірі микроқаржы ұйымдары атқара алады. Сондықтан мұндай ұйымдардың табиғи өсуі үшін оларды банкке айналдыру мүмкіндігін қарастырған жөн. Керісінше, қажет болған жағдайда банкті микроқаржы ұйымдарына айналдырудың заңнамалық мүмкіндігі де болуға тиіс. Бұл ұйымның негізгі қызметтерін сақтауға мүмкіндік береді, бірақ салымшыларға қатысты тәуекелдермен байланысты болмайды. Қысқасы, қаржы секторын одан әрі дамыту үшін ұсыныстар өте көп, – дейді Е.Бахмутова.

Елде, әлемде күн сайын көп дүние өзгереді. Қаржы нарығында да өзгерістердің орын алуы заңдылық. Тек соның бәрі көптің мүддесіне көлденең келмесе екен.