Мәселенің мәнісі мынада. Каммарата кентінде тұрғындар басқа жаққа көшіп, қаңырап қалған пәтерлер көп. Бір кездері даңқы төске өрлеген елді мекенді қайта жандандыру үшін жергілікті билік қалағандарға баспананы тегін беруге уәде етті.
Өкінішке қарай, бұл бастама соңына дейін жеткен жоқ. Біріншіден, даңғарадай үйдің құны символикалық 1 еуро екенін елдің бәрі естіді. Содан кейін Апеннин түбегінің түкпір-түкпірінен Каммаратаға ағылғандар көбейді. Үй алуға өтініш білдіргендер қарасы көбейді.
Қала әкімшілігі мұндайды күтпесе керек. Келіп түскен өтініштің бәрін қарап шығуға уақыт тапшы болды. Әрі оның бәрін бақылап шығатындай қызметкерлер де жоқ еді.
Екіншіден, Каммарата билігі енді-енді ес жиғанда коронавирус дағдарысы басталды. Қытайдан кейін осы Италияда вирус өршіп, бүкіл Еуропаны мазалағаны мәлім. Соның салдарынан жоба тоқтап қалды да, бірде-бір баспана берілген жоқ.
«Халықтың ықыласына рахмет, қазір өтініш өте көп. Каммарата – өте ғажайып қала. Сицилияның ішкі жағына салынған терраса секілді. Мұнда аралдың бүкіл ғажайыбына куә боласыз. Тіпті бірнеше шақырым қашықта жатқан Этна жанартауы да осы жерден анық көрінеді. Мұнда келгеннің бәрі қалаға ғашық болады. Өкінішке қарай, пандемия салдарынан жоба тоқтап қалды», дейді кент әкімі Джузеппе Мангиапан.
Бір қызығы, әлемде пандемияның шеті көріне бастағаннан кейін Каммаратадағы ахуал да оң бағытқа бет алды. Жастар кентке көптеп келіп жатыр. Мәселен, пандемия салдарынан үлкен қалаларға жұмыс іздеп кеткендер туған жеріне орала бастады.
Оның үстіне, қашықтан жұмыс істеу тәсілі ауылдық жерлерден ұзамай-ақ көптеген тірлікті бітіруге болатынын көрсетіп берді. Нәтижесінде, Каммарата секілді шағын қалалардың өмірі қайта қызды.
Дегенмен «тегін баспананың» мынандай ережесі бар. Үйді сатып алған азамат 5 мың еуро депозит салып қоюы керек. Сондай-ақ үш жыл ішінде өзіне бұйырған баспананы жаңартып, жөндеуі тиіс. Содан кейін депозиттегі 5 мың еуро қайтарылып беріледі.
Бір айта кетерлігі, Каммаратадағы үйлерді жөндеу құны әртүрлі. Мәселен, бір баспананы қалпына келтіру үшін 60-80 мың еуро кетсе, келесісін жаңартуға 4-5 мың еуро ғана жұмсалуы мүмкін. Әйтсе де жөнделген үйлердің құны бірнеше есе қымбаттайтынын да айта кеткен жөн.
Ескі үйлер иесін тапқанымен, кент басшылығы тағы бір мәселеге тап келді. Кім қай жерден пәтер алуы тиіс? Әркім өзінің қалауынша баспаналарын жаңартса, шағын қаланың бірегей келбеті бұзылып кетпей ме?
Басшылықтың басы қатып жүргенде, шешім оңай табылды. Қайта келген жастар StreetTo деп аталатын еріктілер ұйымын құрып, баспана алғандарға көмек қолын созып жүр. Мәселен, Каммарата орталығында көшелер өте тар. Көлікпен бару мүмкін емес. Осындай ерекшелігін бұзбас үшін StreetTo еріктілері баспана іздегендер арасында сауалнама жүргізеді. Сөйтіп оларға не керек екенін анықтап, қаладағы үйлерді өтініш берушілердің қалауына қарай бөледі.
Еріктілер мен қала әкімшілігі осылайша, елді мекеннің бірегей келбетін сақтап қалмақ. Сондай-ақ қай жерде қандай кәсіп ашуға болатыны жөнінде де ақыл-кеңесін аямайды.
Қысқасы, Каммарата кенті қайтадан қалпына келе бастады.
Бүгінгі таңда баспана мәселесі бүкіл әлемді мазалайтыны анық. Бірақ Италиядағы Сицилия аралының тұрғындары үшін тұрғын үйден қиындық жоқ. Осыдан екі жыл бұрын аралдағы Каммарата кентінде баспана құны 1 еуро екенін бүкіл әлемнің бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған.
Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16
2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді
Спорт • Кеше
Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Кеше