Президент • 27 Мамыр, 2021

Энергетика – екпінді дамудың алғышарты

508 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев электр энергетикасы саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Энергетика – екпінді дамудың алғышарты

Бейнеконференция режі­мінде өт­кен жиын барысын­да Энергетика министрі Нұр­лан Ноғаев, Индустрия жә­не инфрақұрылымдық даму ми­нистрі Бейбіт Атамқұлов, Эко­логия, геология және табиғи ресурстар министрі Мағ­зұм Мыр­зағалиев, «Самұрық-Қазы­на» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы Ал­масадам Сәтқалиев, Қазақ­стан­дық Күн энергиясы қа­уым­дастығы директорлар ке­ңесінің төрағасы Нұрлан Қапенов, Total Energies Kazakhstan ком­паниясының бас директоры Алем Фрига-Ной баяндама жасады.

Жиынды ашқан Мемлекет басшысы еліміздің электр энергетика саласын дамытудың маңыздылығын атап өтті. Бүгінде энергетиканың Қазақстан эко­но­микасындағы рөлі зор.

– Энергетикалық қауіпсіздікті қам­тамасыз ету – басты міндеттің бірі. Қа­зақ­станда энер­гияны тұтыну қарқыны жыл­дан-жылға артып келеді. Бірақ іске қосылып жатқан жаңа қуат көздері оған сай емес. Сұра­ныстан артық өнді­рілген электр қуаты таяу арада сарқы­луы мүм­кін. Шын мәнінде, еліміздің дамуы энергетика саласының тұрақ­тылығына тікелей байланысты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өз сөзінде энергияны тиімді жұмсауға және үнемдеуге баса мән берді.

– Қазақстан – әлемде энергияны ең көп пайдаланатын елдердің бірі. Біздің экономика Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдермен салыстырғанда, энергияны 3 есе көп пайдаланады. Бұл ретте біздің ішкі жалпы өнім құрылымында қызмет көрсету секторының үлесі басым. Бұл өнеркәсіптік кәсіпорындардың негізгі қоры мен құрал-жабдықтары Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының және әлемдегі басқа да озық елдердің заманауи стандарттарына сай келмейді дегенді білдіреді.  Өнеркәсібіміздің негізгі қорларын шынайы жаңғыртудың орнына, көбінесе көзбояушылық жасалады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев тарифтердің әділдігі мен қолжетімділігін маңызды экономикалық және әлеуметтік мәселе деп санайды. Пандемияның теріс әсерін төмендету мақсатында осы жылдың 1-тоқсанының соңына дейін барлық тариф түрлері кейінге шегерілді. Сонымен қатар, тарифтерді үнемі бір деңгейде ұстап тұру мүмкін емес. Тарифтер дәйекті шығындарды жабуға және саланың дамуына мүмкіндік туғызуы тиіс.

– Әдетте тарифтерді қым­баттату мәсе­лесі бастапқыда бизнес пен бюджет­тік ұйымдарға жүктелетіні жасырын емес. Жек­елеген аймақтарда оның айыр­ма­шылығы 400 пайызға жетеді. Бұл на­рықтың дамуына кесірін тигізіп қана қой­майды, энергияны үнемдеп тұтынуға да еш пайдасын тигізбейді. Энергияны тиім­ді пайдалану және оны көп тұтынуды төмен­дету міндеті орындалмай отыр. Егер электр қуаты босқа ысырап болса, он­да өте қымбат энергиялық тиімді мате­риалдар мен құрал-жабдықтарды пайда­ланудың не қажеті бар? Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің бас­ты қағидаты сақ­талмауда. Осындай келең­сіз­дік­тің нәтижесінде, шын мәнінде, көмекке мұқтаж санатына жататын азаматтар қажетті көлем­де жеңілдік алмайды, – деді Пре­зидент.

Мемлекет басшысы қуат беретін жаңа көздерді жаңғыр­тудың және іске қосудың маңыз­дылығын атап өтіп, Алматыдағы екінші ЖЭО-ны газға көшіру жобасына арнайы тоқталды. 

– Бұл мәселенің стратегиялық мәні бар. Алматы қаласының экологиясы және тұрғындардың тұрмыс сапасының жақ­саруы аталған проблеманың шешілуіне байланысты. Сондықтан, Үкі­метке, «Са­мұрық-Қазына» ұлт­тық әл-ауқат қорына әкім­дікпен бірлесіп, екінші ЖЭО-ны жаң­ғырту жобасына қатысты мәсе­лені түбегейлі нақтылауды және оны жуық арада іске асыруды тапсырамын. Мұны одан әрі соза беруге болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының ай­туынша, әлемде өнеркәсіп пен экономиканы кө­мір­тегі­нен ада қылудың орнықты үрді­сі бай­қалады. Еуропалық одақ­қа мүше елдерде парниктік газ­дар­­дың қалдығын 2030 жылға қарай 55 пайызға азайту жос­пар­лануда. 2023 жылдан бастап Еуро­палық одақта көміртегі са­лығы (carbon tax) енгізіледі. Бұл қазақстандық өнімнің экспортын едәуір қиындатуы мүм­­кін. Жаңа жағдайларға байла­нысты тауарларға қойылатын техникалық регламенттер, стандарттар мен талаптар өзгереді.

– Әлемдік дамудың қазіргі кезеңінде кез келген елдің мәрте­бесі, беделі, соған сәйкес халық­аралық мүмкіндіктері, көп жағ­дайда, көміртегіден ада әлемдік  эко­номикаға қосқан үлесі бо­йынша ай­қындалатынын түсіну маңызды. Атап айт­қанда, бұл – еліміздің Экономикалық ын­ты­мақтастық және даму ұйы­мына қабыл­дану мүмкіндігін анық­тайтын өлшем­дердің бірі, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстанды 2050 жылға дейін көміртегін аз пайдаланып, дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Сондай-ақ Үкі­мет Электр энергетикасын дамы­ту жөніндегі ұлттық жобаны пысық­тауда, еліміздің 2035 жылға де­­йінгі энергиялық теңгерімі дайын­далуда.

– Қазақстанда негізгі энергия қуатын беретін нысандар, оның ішінде, жылу стансалары 40 жылдан астам уақыт жұ­мыс істейді. Сарапшылардың мә­ліметіне сәйкес, олардың 50 пайыздан астамы тозған. Бұл электр стансаларындағы техно­логиялық заң бұзушылықтардың артуына әкеп соқтырады. 2019 жылы – 4010, 2020 жылы – 4458 заң бұзушылық тіркеліп, оның өсім деңгейі 11 пайызға артқан. Энер­гия көздеріне ауқымды техни­калық аудит жүргізу қажеттігі туындап отыр. Біз энергия қуатын беретін стансалардың қай жерде және қашан іске қосылатынын немесе істен шығатынын, сон­дай-ақ олардың жөнделетін, жаңғыртылатын уақытын анық білуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан жаңартылатын және баламалы қуат көздерін дамытуға нақты бағыт алды. Еліміз жалпы энергия теңгерімі құрылымындағы жаңартылатын қуат көздерінің сапалы өсімін 3 пайызға жеткізе алды.

– Бұған дейін біз бұл көр­сеткішті 2030 жылға қарай 10 пайызға дейін жеткізуді мақсат еттік. Жаңа жағдайларды және қазіргі оң қарқынды ескере отырып, электр қуатын беретін станса­лардағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесін 2030 жылға қарай 15 пайызға дейін жеткізуді  міндеттеймін, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пайымдауынша, Қазақ­стан қуат көздері бойынша бай ел бол­ған­дықтан, болашақта жаңа энергетикадағы жетекші орнын сақтап қалуы тиіс.

– Жаңартылатын қуат көздері жобаларындағы қазақстандық өнімнің үлесі әлі де өте аз. Көздің жауын алатын жаңа стансалар­ды салуды үйреніп қана қоймай, жер­гілікті өндірісті, ғылым мен технологияны дамытып, білік­ті отандық кадрларды даярлау қажет. Әйтпесе, тарифтер арқылы төлем жасап, шетелдік тауарлар мен технологияларға бүкіл ел үлес қосады. Үкіметке жаңартылатын энергия көздері мен жалпы энер­гетика саласындағы озық ха­лық­аралық оқшаулау тәжірибесін мұқият зерттеп, пайдалануды тап­сырамын, – деді Мемлекет бас­шысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ха­лықты жаңартылатын қуат көз­дерін пайдалануға ынталандыру қажет екенін атап өтіп, «ақылды» қалаларды дамыту аясында күн панельдері мен шағын стансаларды пайдаланудың қанатқақты жобаларын жүзеге асыруды ұсын­ды.

– Мен таза энергетиканы және жалпы жасыл технологияны жақтаймын. Жаңартылатын қуат көздерін пайдаланатын электр стансаларын салуды қолдаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы атом энергетикасынан алдын ала бас тарту дұрыс емес әрі қате деген мамандардың пікірімен келісті.

– Бүкіл дамыған әлем атом энергиясына иек артады. Бұл ретте үрейге бой алдыру орынсыз. Дегенмен, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын табанды түрде жүргізу қажет. Атом стансаларының құрылысын бастауға асықпаймыз, алайда бұл істі кейінге ысыруға да болмайды, – деді  Президент.

Мемлекет басшысы өз сө­зінде электр желілері компа­ния­ларының жұмысын реттеу қажет екенін атап өтті. Үкімет пен облыстардың әкімдіктеріне электр желілерін кезең-кезеңімен жаңарту үшін кешенді шаралар қабылдау тапсырылды. Бұдан бөлек, кадр мәселесі де өте өзекті болып отыр.

– Қазақстанда энергетика саласы бойынша маман даярлайтын 24 жоғары оқу орны болғанына қарамастан, электр монтерлері, жоғары вольт­ті желілерді жөндеушілер мен бас­қа да жұмысшы маман­дар тапшы. Инженерлік-техникалық қызметкерлердің орташа жасы – шамамен 50 жаста. Оның үстіне, бұл саладағы қызметкерлердің еңбекақысы да төмен. Соның салдарынан  2015-2020 жылдар аралығында кадрлардың тұрақ­тамауы 4 пайыздан 15 пайызға дейін жетті. Бұл мәселені жедел түрде шешу керек. Әйтпесе, бір­неше жылдан кейін кадр тапшы­лығы мәселесі ушыға түседі. Үкіметке осы саладағы кәсіби мамандардың әлеуетін және бәсекеге қабілетті еңбекақы төлеу деңгейін қалыптастыру үшін шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы аталған саланы дамытуға халықаралық инвесторларды тарту маңызды міндет екенін айтты. Президенттің тапсырмасы бойынша Біріккен Араб Әмірліктері, Франция және Еуропаның басқа да мемле­кет­терінің инвесторларымен келіс­сөздер жүргізілуде.

– Тұрақты жабдықтау, та­рифтердің қолжетімділігі – ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің басты компоненттері. Сондықтан электр энергиясының құнын әділетті нарық құнына негіздеу маңызды болып отыр. Бүгінде электр қуа­тының көтерме нарығында үш-ақ компания озық тұр. Олар нарықтың 70 пайызын қамтиды. Мұны соншалықты дұрыс деуге келмейді. Электр қуатының көтерме саудасындағы екіжақты шарттар жаңадан ашылған сатып алушы компа­ния­ларға кедергі келтіріп, электрмен қамтудың бөлшек сауда нарығындағы бәсекенің дамуына тосқауыл болып отыр. Бұл тұтынушылар үшін бағаның қымбаттауына алып келеді, – деп атап өтті Президент.

Энергетика министрлігіне Бәсеке­лестікті қорғау және дамыту агенттігі­мен бірлесіп, аталған мәселені мұқият пысықтау тапсырылды. Бұдан бөлек, Үкі­метке парниктік газдардың қалдық­тарына квота сату жүйесін қайта іске қосуды қамтамасыз ету қажет.

– Әлемде энергияны гене­ра­циялаудың және сақтаудың жаңа технологиялары пайда болып, апробациядан өткізілуде. Техниканың тым жылдам дамып жатқанын ескерсек, бұл да жуық арада қолданысқа енуі мүмкін. Атап айтқанда, сутегі қуатын дамыту қарқын ала бастайды. Біз бұған дайын болуымыз қажет. Мұндай технологиялармен жұ­мыс істей алатын мамандар тобының болуы маңызды. Жаңа энер­гетика жөніндегі құзырет орта­лығын ашуды ұсынамын. Онда энергетика саласындағы жоғары технологиялық инновацияларды пайдалану тәжірибесі сынақтан өтетін болады, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, ха­лық саны­ның артуы және эко­но­миканың өсімі жаңа қуаттарды енгізуді талап ететіні сөзсіз. Алайда, мүмкіндіктер шектеулі. Сон­дықтан экономиканың энергия сыйым­дылығын азайту – ма­ңызды міндет. Оны шешу тауар­ларымыздың және тұтас сала­лардың бәсекеге қабілетті болуына тікелей әсер етеді. Мемлекет бас­шысы Үкіметке аталған мәсе­лені бақылауда ұстауды тапсырды.