Аталған мәселе бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов баяндама жасады.
«Заң жобасы мүгедектігі бар адамдардың, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, еңбек ардагерлері және басқа да санаттарды қоса алғанда, азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленді. Бұл нормаларды Nur Otan партиясы қолдағанын және сайлауалды тұғырнамада көрініс тапқанын атап өту қажет», деді министр. Оның айтуынша, құжатта бірқатар негізгі тұжырымдамалық жаңалық қарастырылған. Біріншіден, I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім көрсетушілерге жаңа жәрдемақы түрін енгізу қарастырылған.
«Қазіргі таңда I топтағы 66 мың мүмкіндігі шектеулі жанның арасынан әрбір үшіншісі жеке көмекшінің қызметімен қамтылмаған. Яғни олар – басқа адамның көмегіне зәру, өз бетімен жүріп-тұра алмайтын мүгедек жандар. Осылайша, заң жобасын қабылдау нәтижесінде сыртқы қамқорлыққа мұқтаж 24 мың адам қосымша күтім бойынша жәрдемақымен қамтылады. Қазіргі уақытта жәрдемақыны енгізу бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр», деді министр.
Бұдан бөлек, бала денсаулығының бұзылу дәрежесін және тыныс-тіршілік әрекетінің шектелуін ескере отырып, заң жобасында 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу көзделеді. Бұл қадам балалар ауруының дәрежесіне қарай оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде жәрдемақылар мөлшері бөлігінде саралауға мүмкіндік береді. Бұл ретте мүгедектігі бар балалардың барлық тобы үшін жәрдемақы мөлшері 16,7 пайыздан 37 пайызға дейін ұлғайтылады. Соның аясында 30 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала қамтылмақ.
«Мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мерзімде алу құқығын беру көзделеді. Бүгінгі таңда мүмкіндігі шектеулі бала ата-анасы ажырасқан кезде алиментке қоса, мүгедектігі бойынша жәрдемақыны қатар алып отырады. Алайда, ата-анасының, асыраушысының біреуіне екеуі де қайтыс болған жағдайда бала тек мүгедектігі бойынша немесе асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алады. Аталған норма енгізілген кезде 2 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала мүгедектігі үшін жәрдемақыдан бөлек, асыраушысынан айырылу бойынша да жәрдемақы ала алады», деді Серік Шәпкенов.
Заң жобасында жұмыс берушінің өз міндеттемелерін орындау мүмкін болмаған жағдайда, еңбек жарақатынан мүгедек болған адамдарды мемлекет есебінен оңалтудың техникалық құралдарымен (ОТҚ) және қызметтерімен қамтамасыз ету көзделген.
«Қазіргі уақытта кәсіпорын қызметі тоқтап тұрған кезеңде немесе банкроттық рәсімдерін жүргізу кезінде мүмкіндігі шектеулі жандар оңалтудың техникалық құралдарын алу мүмкіндігінен айырылған. Көбінесе банкрот жұмыстары 1,5 жылға дейін созылуы мүмкін», деді Серік Шәпкенов. Жаңа норма 2 мыңға жуық адамды техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтуға мүмкіндік береді.
«Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға бала кәмелеттік жасқа толғаннан кейін де тұрғын үй кезегінде тұру құқығын сақтау қарастырылған. Іс жүзінде мұндай отбасылар тұрғын үй кезегінде 10 жылға дейін тұрады. Егер бала 18 жасқа толғанға дейін тұрғын үй алмаса, онда олар мүгедектігі бар азамат ретінде қайта кезекке тұруы қажет. Бұл норма 20 мыңнан астам отбасына тұрғын үй кезегін сақтауға мүмкіндік береді», деді министр.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, енді ата-аналар балаларының мүгедектігін дәлелдеу үшін кабинет жағалап, құжат жинамай, цифрлы технологияның игілігін көрулері қажет. Осыған орай, Палата Спикері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, іс-қимыл жоспарын жасауы қажеттігіне назар аударды.
Жалпы отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңна-
малық актілеріне рейдерлікке қарсы күресті күшейту, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз араласуынан қорғау және бағалы металдардың заңсыз айналымына кедергі келтіретін шараларды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мәліметінше, аталған заң жобасына сәйкес бизнес субъектілеріне мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының олардың қызметіне заңсыз араласу фактісі бойынша тікелей прокуратураға жүгіну құқығы беріледі. Сондай-ақ кәсіпкерлерді салықтық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапқа тартудың қолданыстағы шектері қайта қаралады. Тіркелген кәсіпкерлерге қатысты тергеу әрекеттері соттың немесе прокурордың санкциясымен ғана жүзеге асырылмақ. Рейдерлік пен құқық қорғау және бақылаушы органдардың кәсіпкерлерге қатысты заңсыз әрекеттеріне қарсы күресті күшейту, сондай-ақ бағалы металдардың заңсыз айналымына тосқауыл қоятын шаралар қамтылады. Атап айтқанда, Қылмыстық кодексте бағалы металдар мен асыл тастардың, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының, сондай-ақ зергерлік бұйымдардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауаптылықты көздейтін жеке бапты көздеу ұсынылады.
Құжатты талқылау барысында Нұрлан Нығматулин жуық арада ғана Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісім қаралғанын, сол кезде Қазақстанда ЕАЭО бойынша серіктестерімізден – Ресей мен Беларусьтен айырмашылық барлығы, яғни «Біздің елімізде бағалы металдардың заңсыз айналымы саласында жасалған қылмыстар үшін неге қылмыстық жауапкершілік жоқ?» деген сұрақ туындағанын атап өтті. Нәтижесінде, тек әкімшілік жауапкершілік қарастырылғаны анықталды.
«Бұл осы саладағы қылмыстық белсенділіктің кең көлемде өсуіне әкелгені анық. Мәселен, тек Степногорск өңірінде 2015-2020 жылдар аралығында құрамында алтыны бар заңсыз өндірілген 6 357 тонна шикізат тәркіленді», деді Палата Спикері. Соның салдарынан ел экономикасына, оның ішінде салықтардың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің толық түспеуі түрінде елеулі залал келтірілгенін атап өтті.
Жалпы отырыста депутаттар бірқатар заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Олар – Еңбек кодексіне қашықтықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеуді жетілдіру, «Мемлекеттік фельдъегерлік байланыс туралы» және оған ілеспе заң жобалары. Сондай-ақ жиында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және биржалық сауданы дамыту және жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары жұмысқа алынды.