Алайда сырқатқа ұшырап қалған жандардың деректері жылдам өзгереді. Мәселен, 23 мамырдағы дерек бойынша 10 адам ауырды десе, 24 мамырда ол 45-ке бір-ақ жеткен. Оның 39-ның бойынан жаман індеттің нышандары ашық білінген. Сырқаттың ең көп табылған жері – Петропавл қаласы. Барлық сырқаттың 29-ы осы облыс орталығынан табылған. Одан кейінгі көп табылған жер – Тайынша ауданы. Мұнда 9 адам сырқатқа ұшыраған. Ал Ақжар, М.Жұмабаев
аудандарынан екі-екіден сырқатқа ұшыраған адам тіркелді. Ал аурудан жазылған адамдардың саны тиісінше 44 және 10.
Петропавл қаласының көпшілік орындарының бәріне тек маскамен ғана кіру қатаң сақталуда. Күзет қызметтері оны жіті қадағалайды. Алайда дәмханалар мен мейрамханалардың сыртқы есіктерінен кіру арқылы ойын-той өткізушілер жазға салым бұрынғыдан көбейіп келеді. Полицияның мәліметтерінде бұрынғыға қарағанда мұндайлар көп айтылатын болды.
24 мамырдағы мәлімет бойынша, өңірде сырқатқа ұшырағандардың жалпы саны –
14 527, ал айыққандардың саны – 13 983 адам. Вакцина егу де соңғы уақытта сәл саябырлап қалғанымен жалғасуда. Ірі супермаркеттерде вакцина егетін кабинеттер ұйымдастырылған. Қазір облыста 70 мыңдай адам вакцинаның алғашқы компоненттерін, ал 34 мыңдай адам толық екпе алды.
Жаман індеттің көбеюіне Ресеймен екі арадағы шекараның кеңірек ашылуы ықпал етіп отыр. Өйткені қазір ата-әжесіне, туған аға-апасы мен іні-қарындасына баруға да рұқсат берілген. Ресей Федерациясы бұрын тек ата-ана мен балаларына ғана баруға рұқсат берсе, қазір басқа туыстарға баруына да рұқсат етілген. Сонымен бірге ЕАЭО елдеріне мүше елдердің азаматтарына да еркін енуге рұқсат берді. Яғни ЕАЭО елдерінің азаматтары Қазақстан арқылы Ресейге кіруге рұқсат алды.
Қалай десек те жаман індеттің жайылуы саябырлап келеді.
Солтүстік Қазақстан облысы