Аймақтар • 27 Мамыр, 2021

Оқушылар жазғы лагерьге барады

463 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында биыл 111 мыңға жуық оқушы оқу жылын аяқтады. Олардың 5916-сы 11 сынып бітіріп, үлкен өмірге қанат қақпақ. Өңірде 430 оқушы «Алтын белгіден», 185 оқушы «Үздік аттестаттан» үмітті

Оқушылар жазғы лагерьге барады

 

Пандемияның себебінен дәстүрлі қалпы бұзылып, тоқсан түрленген 2020-2021 оқу жылы да аяқталды. Бұл кезең ұстаз үшін де, шәкірт пен ата-ана үшін де оңай болған жоқ. Соң­ғы екі айдан артық уақыттан бері «қызыл аймақтан» шықпаған облыста са­нитарлық-эпидемиялық жағдайға бай­ланысты соңғы қоңырау салтанаты тек мектеп бітіруші 9 және 11-сынып түлектеріне арналып өтті.

– Мектеп түлектерінің қорытынды аттестаттауы 28 мамырда басталады. 9 сынып оқушыларының қорытынды емтихандары 28 мамыр мен 5 маусым аралығында өтеді. Олар үш пән бойынша қорытынды аттестаттан өтеді. Ал 11 сынып оқушыларының мемлекеттік емтихандары 1-10 маусым аралығына қойылды, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева.

Мектеп бітірушілер төрт пән бойынша емтихан тапсырмақ. «Алтын белгіге» үміткерлердің жазба жұмысын білім басқармалары жанынан құрылған комиссия тексереді. Комиссия құрамына білікті, тәжірибелі мұғалімдер кірген. Бұрын мектеп пен білім бөлімдері үміткерлердің жұмысын өздері тексеріп, «Алтын белгіні» тапсыру туралы шешім қабылдайтын еді. Биыл мектептер бұрынғыдай оқу озаттарының тізімін өздері жасай алмайтын болған.

Пандемия биыл дәстүрлі оқу ырғағын бұзғаны белгілі. Сондықтан ата-аналардың өтініші бойынша «жазғы мектеп» ұйымдастырылатын болды. Негізгі мақсат – пандемия, шектеу шаралары кезеңінде жіберілген білім олқылығының орнын толтыру. 26 мамыр мен 19 маусым аралығында жұмыс істейтін жазғы мектептерде облыстағы оқушылардың 55,5%-ы, яғни 53 509 шәкірт ниет білдіріп отыр. Осылайша 376 мектепте қоңырау үні әлі біраз шығатын болды.

Былтыр оқушылар пандемияның себебінен жазғы демалысын ұйым­дастырылған орталықтарда, лагерьлерде өткізе алмады. Ал биыл еліміздің Бас санитар дәрігері балалардың қала сыртындағы сауықтыру лагерьлерінде демалуына, ем алуына рұқсат беріп отыр. Әрине, барлық қауіпсіздік шаралары жасалады. Қазір облыста қала сыртындағы 20 лагерь бар.

– Жазғы сауықтыру лагерьлеріне қызметкерлер COVID-19-ға зертханалық зерттеуден өтіп немесе COVID-19-ға қарсы вакциналаудың толық курсын алған соң ғана қабылданады. Балалар да лагерге денсаулық жағдайы туралы құжатымен, 72 сағат ішінде жүргізілген ПТР тест құжатымен келуі тиіс, – дейді Айгүл Әділгерейқызы.

Өңір «қызыл аймақта»  болғандықтан, мектеп жанынан жазғы демалыс орындары ашылмайтын болды.

 

Батыс Қазақстан облысы