Аймақтар • 27 Мамыр, 2021

Отыз жыл қызыл паспортпен жүрген

252 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

30 жыл бойы паспортсыз өмір сүріп, зейнетақы да ала алмай, өмірден басқа да көп қағажу көрген Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданының тумасы, 62 жастағы Раиса Насибул­лақызына солтүстікқазақстандық полицияның көші-қон қыз­меті жақында Қазақстан азаматының жеке куәлігін тапсырды.

Отыз жыл қызыл паспортпен жүрген

Осы жылдарда ол Молдова Рес­публи­касында тұрып келген. Пивен деген аза­матқа Қазақ­­станда күйеуге шыққан ол Мол­доваға 1991 жылы кел­ген. Алайда Молдова Респуб­ликасының азаматтығын ала алмаған, өйткені ол Қазақстан азаматы болып есептелген. Ал келмеске кеткен Кеңес Одағы­ның қызыл паспортымен туған жеріне қайтып жете алмаған. Солай ай артынан ай, жыл артынан жыл жылжып, уақыт өте берген. Ал білімі төмен, нақты кәсібі жоқ, бұрын сауыншы болып істеген әйел бұған аса қайғыра қоймаған.

Тек зейнетақы алудың қамы­мен 2020 жылғы қараша айында ол Молдова өкі­метіне жүгініп, өзін азаматтығы жоқ адам деп­ тануды өтінген. Алайда Мол­до­ваның заңы бойынша оның өтініші орын­далмаған. Ақы­рында оны жергілікті поли­ция туған жері – Қазақстанға депор­тациялаған. Біздің полиция ұзақ уақыт тексеріп, Раиса Пивеннің ешқандай қылмыстық әрекеттерге қатысы жоқтығын анық­тағаннан кейін 1974 жылы берілген қызыл паспортты жо­йып, ­Қазақстан азаматының жеке куәлігін тап­сырды. Қазір әйел­дің қуанышында шек жоқ. Оның туған жерінде туған сің­лісі тұрады екен. Әзірге соның үйіне қоныстанған.

Ақыл-есі бүтін болса да пас­портсыз жүре берген осындай адамдар да болады екен қо­ғам­да. Раиса Пивен тәуелсіз Қазақ­станға ешқандай еңбек сіңір­месе де, 1991 жылға дейін осында тұрғаны ескеріліп, ТМД-ға мү­ше елдердің өзара келісімі бо­йын­ша оған келесі айдан бас­тап зей­нетақы тағайындалған. Бір кезде қазақстандық болған азаматқа осындай қамқорлық жасалып отыр.

 

Солтүстік Қазақстан облысы