Қазір полимер мен аралас қаптама (тетрапак) қалдығын қайта өңдеу кешендерін салуға қатысты жобалар конкурстық іріктеуден өтіп жатыр. Өңірлерде ҚТҚ-ны бөлек жинауды дамытуға арналған нысандар іске қосылып, тиісті инфрақұрылым дамығанда 2025 жылға дейін қайталама шикізатты (металл, пластик, шыны және пластик) өңдеу көлемін 30%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік туады. Қайта өңдеуге жарамайтын қалдықтар Экологиялық кодекске сәйкес, энергияға айналдыру (Waste to Enеrgy) зауыттарына жіберілетін болады.
«Қалдықты бөліп жинау және депозиттік-кепілдік жүйесін енгізу арқылы қалдықтың 30%-ын қайта кәдеге жаратуға жол ашылады. Қайта өңдеуге келмейтін қалдықтың 20%-ы өртеуге жіберілмейді. Қалған қалдықтар қатты ластанған және бүгінде оларды жоюдың жалғыз жолы – энергетикалық кәдеге жарату», деді Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов.
Таяуда министрлік қалдықтарды энергияға айналдыру жобаларына байланысты аукционды сауда-саттық жариялаған еді. Waste to Energy (Қалдықты энергетикалық кәдеге жарату) кешендерін Ақтөбе, Алматы, Өскемен, Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Шымкент қалаларында іске қосу жоспарлануда. Зауыттардың құрылысы инвесторларды тарту есебінен жүргізу көзделіп отыр. Инвесторларға қойылатын басты талап – Еуропалық Парламент пен Еуропалық одақ кеңесінің арнайы директивасының нормасына сәйкес, түтін газын тазартудың 5 сатылы жүйесін орнату. Болашақ зауыттар зиянды қалдықты бақылайтын автоматтандырылған жүйемен жабдықталады. Қазір жер учаскелерін беру және инфрақұрылым жүргізуге қатысты мәселелер пысықталып жатыр. Болжам бойынша 6 зауытты іске қосу нәтижесінде 2025 жылға қарай қалдық өңдеу көлемі 30%-ға дейін жеткізілуі тиіс. Өртеуге келмейтін қалдықтар көлемі 20%-ды құраса, қалған қалдықты энергияға айналдыру жоспарланып отыр.