Аймақтар • 27 Мамыр, 2021

Шығыс Қазақстанда ауызсу мәселесі қашан шешіледі?

626 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысында 2024 жылға дейін ауылдарды таза ауызсумен қамту мәселесі түбегейлі шешіледі. Бұл туралы ШҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Алмат Ақышев облыс әкімдігінің отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шығыс Қазақстанда ауызсу мәселесі қашан шешіледі?

«Өңірде соңғы алты жылда елді мекендерді сумен жабдықтау мәселесінде оң өзгерістер болды. Мәселен, бүгінгі таңда аймақ бойынша орталықтандырылған суға қол жеткізу көрсеткіші 92,8%-ды құрап отыр. 2015 жылдан бастап «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында барлық қала-аудандардың тұрғындарын сумен жабдықтау жолға қойылды», деді ол.

Қазірде 683 елді мекеннің 529-ында сапалы ауызсу бар. Халықты ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші алты жыл ішінде 65,1%-дан 83,2%-ға өсті. Өткен жылы бұл мақсатта 152 жоба іске асырылған.

«Осының нәтижесінде 2020 жылы 17,5 мыңнан астам адам орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілді. Бұнымен жұмыстар тоқтап қалмайды. Биыл 98 жобаны іске қосу жоспарланған», деді Алмат Ақышев.

2022-2024 жылдары 40 мың адам тұратын 73 елді мекенді сумен жабдықтау көзделіп отыр. Демек, 2024 жылы облыс тұрғындары толықтай орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі.

«Облысымыз соңғы жылдары сумен жабдықтау мәселесін шешуде ілгері қадап жасап келеді. Бұл көңіл көншітерлік көрсеткіш», деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.