Аймақтар • 27 Мамыр, 2021

Түркістан облысында бір топ саяхатшы жоғалып кетті

1373 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысындағы тауларда бір топ саяхатшы жоғалып кетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістан облысында бір топ саяхатшы жоғалып кетті

Түркістан облысының құтқарушылары Төлеби ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында жоғалған 7 адамды іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олардың жоғалғаны туралы хабарлама «112» пультіне 2021 жылдың 25 мамырында сағат 18:30-да түскен. 21 мамырда туристер «Сары-Айғыр» шатқалына жаяу бет алған. Құтқарушыларға хабарласқан адамның айтуынша, олар 24 мамырда үйге оралуы керек болған.

«Өткен тәулікте іздестіру топтары 37 шақырымға жуық таулы аймақты жаяу аралады. Екі пилотсыз ұшу аппараты арқылы 4 шақырым радиуста шолу жүргізілді. Іздестіру жұмыстарына Түркістан облысы ТЖ департаментінің 25 құтқарушысы, 2 квадракоптері және 7 техникасы жұмылды. Сондай-ақ полиция департаментінің 4 қызметкері мен 1 техникасы, жергілікті атқарушы органдардың 2 қызметкері мен 1 техникасы, ҰҚК Шекара қызметінің 3 ат патрулі, ұлттық парктің 10 қызметкері мен жоғалғандардың туыстары іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр», делінген хабарламада.

Тұман, ала бұлт, таулы жерлердегі найзағайға байланысты «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағын Шымкент қаласынан әуеге көтеру мүмкін болмаған.