Аймақтар • 27 Мамыр, 2021

72 жеткіншек соңғы қоңыраудан соң полицияға жеткізілді

396 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аймақта құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды қылмыстық ортаға тартуды болдырмау мақсатында ағымдағы жылдың 25 мамырында Жамбыл облысының барлық мектептерінде «Соңғы қоңырау» мерекесіне арналған іс-шаралар кезінде полиция қызметкерлері жастар көп жиналатын орындарда патрульдік қызмет жасақтарының тығыздығын күшейткен болатын, деп хабарлайды Egemen.kz.

72 жеткіншек соңғы қоңыраудан соң полицияға жеткізілді

Сонымен қатар шомылу орындары да бақылауға алынды. Қоғамдық тәртіпті бұзуды, оның ішінде мектеп оқушыларының қатысуымен орын алуы мүмкін жол-көлік оқиғаларының алдын алуға қатысты жағдайды бақылау мақсатында құрамында облыстық Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы, қалалық және аудандық полиция бөлімдерінің басшылары бар жедел штабтар құрылды.

«Кафелер мен мейрамханаларда мектеп бітіру кешін тойлауға немесе шақырылғандар көп  жиналатын осындай іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Тараз қаласының қызыл аймақта екендігін ұмытпауымыз керек. Осыған байланысты барлық ойын-сауық орындары құқық қорғау органдарының жіті назарында болады», дейді облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция полковнигі Қуанышбек Қалжанов.

Алайда, мобильді топтар жүргізген рейд барысында ішкі істер органдарына кәмелетке толмаған 72 бала жеткізілді. Сонымен қатар 76 ата-ана мен өзге де заңды өкілдер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болғаны үшін екі кафе-бардың иесі жауапкершілікке тартылды. Дүкеннің екі иесі алкоголь өнімдерін сату ережелері туралы Қазақстан Республикасының  заңнамасын бұзғаны үшін, 71 ата-ана кәмелетке толмаған балаларының түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамаудың 1 дерегі анықталды. Тұтастай алғанда, облыс бойынша іс-шаралар өткізу барысында төтенше жағдайлар орын алған жоқ. Кәмелетке толмағандарды заңсыз әрекеттерге тарту деректері анықталмады», дейді Қуанышбек Қалжанов.

 

Жамбыл облысы