Қоғам • 27 Мамыр, 2021

Дарақылық жеткіншектерге жарасатын қылық па?

495 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы бір жыл бойы онлайн өткен оқу жылы да аяқталды. Елімізде соңғы қоңырау соғылған күні төбелес те тіркелді, жол ережесі де өрескел бұзылды. Өкінішке қарай, даңғазалыққа бой ұрып, дарақыланып жүргендердің дені – үлкен өмірге енді ғана қадам басқан жас түлектер.

Дарақылық жеткіншектерге жарасатын қылық па?

Әлеуметтік желіні шарлап кеткен Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауылы жастарының төбелесі дәл 25 мамыр күні болған. Өмірлеріндегі айтулы күнді осындай тәртіпсіздікпен тәмамдаған түлектер ауылдағы Ж.Қал­­дығараев пен Ы.Алтынсарин атын­дағы мектептердің оқушылары болып шықты. Білетін жұрт бұл Бей­неу ауылындағы екі мектеп жет­кін­шектерінің арасындағы алғаш­қы қақ­тығыс еместігін айтып жатыр. Жаппай төбелеске 40-қа жуық оқу­шы қатысқан. Абырой болғанда, төбелес кезінде ешкім зардап шекпе­ген. Мерекенің шырқын бұзған төбелесқұмарлардың 7-уі ұста­лып, мән-жайды анықтау үшін полиция бөліміне жеткізілген. Бей­­неу аудан­дық полиция бөлімі осы оқи­ғаға қатыс­ты Қылмыстық кодекс­тің 293-бабы «Бұзақылық» бойынша іс қозғады.

Соңғы қоңырау күні әпербақан­дығымен ақтаулық оқушылар да ерек­ше көзге түсті. Мектеп бітірген­дерін өз­дерінше атап өткен олар көлік­тері­мен дрифт жасап, көңіл көтерген. Қала­дағы автотұрақтардың бірінде көліктерін «ойнақшытып», жоғары жылдамдықта келе жатып кілт бұрыла сырғанатқан жеткіншектер де жазасыз қалмады. Ақтау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері желіккен жас жүргізушінің жеке басын анықтап, оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505 және 593-баптары бойынша хаттама толтырды.

Маңғыстау облысы Полиция де­пар­­таментінің бастығы Жанарбек Бақ­тыбаев соңғы қоңырау мерекесіне байланысты жеке құрамның сол күні күшейтілген режімде жұмыс істегенін мәлімдеді. Сол күні қоғамдық тәртіпті сақтауға 500-ден астам қызметкер жұмылдырылған. Аймақтың тәртіп сақшылары құқық бұзған кәмелетке тол­маған жеткіншектер үшін де жауап­­кершілік қарастырылғанын ес­кер­тіп, ата-аналарды балаларын қатаң қада­ғалауға шақырған еді.

Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Маң­ғыстау облысы құқық қорғау органдарының қызметкерлері оқу жылының аяқта­луына арналған мерекелік іс-шара­лардың қауіп­сіз­дігін арттыру үшін қосымша шараларды қолға алған. 25 мамырда өңірдің білім беру меке­мелерінің барлығында салтанат­ты жиындар өтті. Күшейтілген жұмыс нәти­желері бойынша полиция қыз­мет­керлері Әкімшілік кодекстің бір­неше бабы бойынша көптеген бұзу­шылықтарды анықтап отыр.

Соңғы қоңыраудың «салтанатын қыздырған» тағы бір топ Алматы – Бішкек күре жолында анықталды. Төрт көлікпен жүйткіген жастар жол ережесін бірнеше рет өрескел бұзғаны үшін жауапқа тартылып отыр. Көлік­тердің барлығы айып тұрағына жеткізіліп, жастары 17 мен 22-лердегі «тойшыл» топтың іс-әрекеттеріне қатысты бірден 15 әкімшілік хаттама толтырылған. Халықаралық ма­ңыздағы  жолда мемлекеттік нө­мірі жоқ «темір тұлпарлармен» ой­нақ салған жастардың қатты жыл­­дамдықта келе жатқан көлік терезе­лерінен белуарына дейін сырт­қа шығып алып, алаулатып-жалаулатып жүйткіген бейнежазбасы бір­ден поли­ция қызметкерлерінің назарына түскен. Жазбаны жан-жақты сарап­таған тәртіп сақшылары желік қуған жет­кіншектердің барлығы соңғы қоңы­раудың соңын жын-ойнаққа айнал­дырып жіберген Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданының тума­лары екенін анықтап отыр. Енді осы дарақылықтары үшін даң­ғой жет­кіншектердің ата-аналары айып­пұл төлеуге міндетті.