Елорда • 28 Мамыр, 2021

Жарқын қаладағы жаңа саябақ

521 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тұңғыш Президент – Елбасы музейі ғимаратының жанындағы саябақ аймағы жаңа спорт алаңдарымен және демалыс аймақтарымен толықты.

Жарқын қаладағы жаңа саябақ

Саябақ – елорда тұрғындары мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орнының бірі. Музей ғимаратының жанында балалар ойнайтын жаңа заманауи алаңдар, сахна алаңы, Workout­ алаңы, 3 стритбол алаңы бар. Олардың салынуына Нұрсұлтан Назарбаев қоры мұрындық болған.

Нысандардың ашылу құрметіне орай арнайы мерекелік бағдарлама өтті. Шығармашылық топтардың, ани­ма­торлардың қатысуымен би мен ойын-сауық ойындары ұйымдас­тырылды.

 Нұрсұлтан Назарбаев қорының директоры Дариға Назарбаева, Nur Otan партиясы Төрағасының бірін­ші орынбасары Бауыржан Байбек жаңа демалыс орындарын аралады. Тұр­ғындар мен қала қонақтары олармен дидарласып, әдемі әсерлерімен бөлісті.

– Бұл өте жайлы жер екен. Ұзақ серуендей бергің келеді. Балалар да көңілді. Мұндағы ерекше субұрқақтар мен ойын алаңдары адамды өзіне бау­рай­ды, – дейді қала тұрғыны Айнұр Жақы­пова.

Ал алыстан ат терлетіп келген Ләз­зат Аман­баева болса, астананың күн­­нен-күнге осылай көркейіп келе жат­қа­нына дән риза.

«Қарағандыдан әпкеме қонаққа келгенмін, ол осында серуендеуді ұсын­ды. Бұл жер маған ұнады. Мұнда бәрі ың­­ғай­лы әрі әдемі. Әртүрлі алаңы бар сая­бақ бала­ларға да, спортсүйер қауым­ға да, қарт­тарға да ұнайды деп ойлаймын», дейді Л.Аманбаева.

Бүгінде саябақ салудың бірінші кезеңі аяқталды. Балалар мен ересек­тердің бос уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай бар. Әлі де абаттандыру жұмыстары жалғасады. Екінші кезеңде ағаш отырғызу жоспарланған, арнайы вело және жарыс жолы жасалады. Қыс мезгілінде аумақта мұз айдыны мен шаңғы трассасы пайда болады.