Алқалы жиынның жұмысын «Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті» КеАҚ басқарма төрағасы-ректоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбеков ашып, жүргізіп отырды.
Конференцияда сөз алған Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов өскелең ұрпақ үшін ХХ ғасырдың қайғылы тарихын білу мен есте сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
– Жалпы, халқымыздың тарихында қиын-қыстау күндер, тар жол тайғақ кешулер аз болған жоқ. Солардың бірі – XX ғасырдың алғашқы жартысындағы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін жылдары. Тарих бетінде қалған осынау қаралы жылдар – халық жадынан ешқашан өшпейтін қасіреттің таңбасы, тұтастай ұлттың трагедиясы, – деп атап өтті А.Нүкенов.
Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында тарихтағы ақтаңдақтарды жою, Алаш қайраткерлерінің бай мұрасын зерттеу қажеттігі жөнінде айтқан ойларын еске салып, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу керектігіне назар аударды.
– Осы орайда 2020 жылдан бастап Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы мемлекеттік комиссия жұмыс істеуде. Оған осында отырған бірқатар ғалымдарымыз мүше болып, қажырлы түрде еңбек етіп келесіздер. Әрине, сол бір қасіретті жылдарды тебіренбей еске алу мүмкін емес. Жиырма бес мыңнан астам оқыған азаматтарымыз ату жазасына кесілді. Жүз мыңдаған арыстарымыз итжеккенге айдалды. Миллиондаған өзге этнос өкілдері күштеп қоныс аударылды. Қазақ халқы солардың барлығын бауырына тартты, өзім дегенді өзекке теппеді. Қасіретті жылдардың қаралы таңбасындай болған «ҚарЛАГ-тың» құрылғанына да биыл 90 жыл толып отыр. Ондағы жинақталған әрбір жәдігердің тарихын, әрбір экспонаттың сырын біздің жастарымыз санасына сіңіре білуі тиіс, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.
Тоталитарлық жүйенің ақтаңдақтары мен мұрағаттарды толық құпиясыздандыру қажеттілігі әңгіме өзегі болған конференцияда ғалымдар Мәмбет Қойгелдиев, Хангелді Әбжанов, Зарқын Тайшыбай, Жамбыл Артықбаев, Нұрсахан Бейсенбекова, журналист-жазушы Төрехан Майбас, саяси қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы, тарихшы ғалымдар Зәуреш Сақтағанова, Әділет Жағыпар, филолог ғалымдар Жандос Смағұлов, Сағымбай Жұмағұл және басқалар сөз сөйледі.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі, Қазақ ұлттық аграрлық университеті «Рухани жаңғыру» институтының директоры Хангелді Әбжанов қуғын-сүргін тарихын зерттеу үшін мемлекеттік мекеме – ғылыми-зерттеу институтын ашу жөніндегі ұсынысын жеткізді.
– Қазақстан репрессия құрбандарын ақтау кезеңіне аяқ басты. Бір жылда көптеген жұмыс атқарылды. Мен қуғын-сүргін тарихын зерттеу үшін мемлекеттік мекеме – ғылыми-зерттеу институтын ашуды ұсынамын. Бұл әлемдік трагедия туралы шындықты ашуға көмектеседі. Оны Қарағандыда құру керек, өйткені Қарағанды облысында КСРО-ның ең ірі еңбекпен түзеу лагерьлерінің бірі Қарлаг орналасқан еді. Қуғын-сүргін тарихын зерттейтін жақсы мектеп бар, – деді Х.Әбжанов.
Бірден айта кету керек, конференцияға қатысушылар ғалымның бұл ұсынысын бірауыздан қолдады.
Тарих ғылымдарының докторы, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің археология, этнология және отан тарихы кафедрасының профессоры, «Этномәдени және тарихи-антропологиялық зерттеулер» орталығының директоры Зәуреш Сақтағанова көптеген іргелі зерттеулерге қарамастан, зұлмат жылдарындағы ақтаңдақтардың әлі де бар екенін тілге тиек етті.
– Бүгінгі күннің өзінде Қазақстандағы лагерлер саны туралы мүлдем басқа мәліметтер беріледі. Жалпы сәйкессіздікке байланысты елеулі шатасулар мен қателер бар. Жүйелі және жан-жақты зерттеу қажет. Мәселе мынада: Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мұрағаты әлі күнге дейін жабық, онда «құпия» белгісі бар құжаттардың негізгі бөлігі шоғырланған, – деп үлкен мәселеге назар аударды З.Сақтағанова.
Алқалы жиында тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдиев «Қарағандылық қайраткерлерге байланысты саяси репрессия тарихынан», Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, «Этномәдени зерттеулер» ғылыми орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Зарқын Тайшыбай «Ахмет Байтұрсынұлы – Қарқаралыда», тарих ғылымдарының докторы, профессор, Жамбыл Артықбаев «Қазақтың рыцарлық қоғамы және тоталитарлы жүйе тайталасы: XX ғасырдағы этнос тағдыры», журналист-жазушы, этнограф, өлке тарихын зерттеуші Төрехан Майбас «Қарлаг тарихы – қазақ тарихының қаралы беттері», әлихантанушы-ғалым Сұлтанхан Жүсіп «Әлихан Бөкейхан өмірінің ұлт тарихын жасаған бес кезеңі», республикалық саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының мүшесі Жұмабек Ашуұлы «Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін тарихына шолу», тарих ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Азия зерттеулер институтының директоры Герман Ким «Депортация советских корейцев: стереотипы и исторические факты», филология ғылымдарының докторы, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры Жандос Смағұлов «Тоқырауын көтерілісі туралы шындық», қуғын-сүргін көргендердің ұрпағы, «Қарағанды медициналық интерколледжі» директоры Аманжол Нұрбеков «Боқты көтерілісі туралы деректі мәліметтер», филология ғылымдарының докторы, алаштанушы Сағымбай Жұмағұл «Әдебиеттегі ГУЛАГ тақырыбы», алаштанушы, Qyr balasy қоғамдық қорының атқарушы директоры Елдос Тоқтарбай «Алаш қайраткері Мұстақым Малдыбайұлының тағдыры» тақырыптары бойынша мазмұнды баяндама жасады.
Конференцияда жас ғалым, Б.Бейсенов атындағы Қарағанды заң академиясының ғылыми зерттеу институтының қызметкері Әділет Жағыпар «Алаш» қозғалысының және «Есеп» жастар ұйымының көрнекті тұлғалары туралы жазылған «ЕСЕП» – Алаш партиясының ізбасарлары» атты туындысын таныстырды.
Конференцияның модераторы, академик Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың ректоры, академик Нұрлан Дулатбеков алқалы жиын барысында айтылған бір де бір ұсыныстың назардан тыс қалмайтынын мәлімдеді.
– Біз тарих сабағын нақты түсінуіміз керек. Қазақстан 1997 жылдан бастап жыл сайын 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнін атап өтеді. Бұл естелік болашақ үшін – барлық ұрпақ үшін қажет, – деп қорытты Н.Дулатбеков алқалы жиын жұмысын.