Қазақстан • 28 Мамыр, 2021

Бағынған белес пен болжамды бағдар

249 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Биыл еліміз елеулі белесті еңсеріп отыр. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесі – өркендеу мен өрістеудің айқын көрсеткіші ретінде қол жеткізген табысты екшеп, болашақты бағдарлаудың да мерейлі нышаны екені анық. Еңбек пен бірлікке негізделген даму жолында өңірлердің қосқан үлесі орасан. Бұл үрдісте ұлан-ғайыр аймақ – Алматы облысының да қомақты сыбағасы бар.  Осы орайда Жетісу өлкесінің әлеуметтік, экономикалық дамуы мен рухани өміріндегі серпілісі жайында нақты есеп Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кездесуде берілді. Аймақ басшысы Амандық Баталов өңірде атқарылған істерді таразылай келе, әр сала бойынша нақты өсім көрсеткішіне де тоқталды. 

Бағынған белес пен болжамды бағдар

– Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Елеулі мерекеге ел іші еңбекпен де, бірлікпен де айтулы үлес қосып отыр. Сондай-ақ биыл біздің облыс үшін тағы бір елеулі кезең – Елбасының Алматы облысының орталығын Талдықорған қаласына көшіру туралы шешім қабылдағанына 20 жыл толды. Яғни Жетісу жұрты үшін биыл қос мереке. Осы орайда облыстың жай-күйі, ал­дағы әлеуметтік-экономикалық даму жоспарлары туралы нық сеніммен айтуға болады. Бүгінде індет салдарынан туындаған дағдарысқа қарамастан, аймақта тұрақты даму принциптерінің басымдығы сақталды. Облыста өткен 4 айда барлық негізгі салаларда өсім қамтамасыз етілді. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 15,3 пайызға, құрылыс жұмыстары – 4,2 пайызға, сауда – 3,7 пайызға, ауыл шаруашылығы 0,5 пайызға өсті. Ал мемлекеттік бюджет түсімі 220 млрд теңгені құрады және бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда шамамен 1,5 есеге артып отыр, – деді журналистермен кездесуде А.Баталов.

Аймақ экономикасының табыс­ты болуына өндіріс пен ауыл шаруа­шылығына құйылған ин­вес­тиция көлемінің артуы сер­пін беруде. Атап айтқанда, қазір­ге дейін облыс экономикасы­на 127 млрд теңге инвестиция тар­тылып, өсім көрсеткіші 1,6 па­йызға жеткен. Ал жыл соңына қа­рай құйылған инвестиция көлемі 811 млрд теңге деңгейінде болады деп күтілуде. Жалпы, 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімдегі инвестиция көлемін 30 пайызға дейін ұлғайту міндеті тұр екен. Осы мақсатта 45 мың жұмыс орны ашылатын, жалпы құны 5,4 трлн теңге болатын 562 жобаның инвестициялық портфелі қалыптастырылған. Соның ішінде қазір 327 жоба іске асырылуда, олар тұрақты инвестиция легін қамтамасыз етеді. Осы тізімде 9 трансұлттық компания бар. Бүгінде олардың экономикаға салған қаржысы об­лыс­тың дамуына елеулі үле­сін қосып отыр. Мәселен, жұмыс істеп тұрған «Марвен Фуд», «Лукойл», «Willo» кәсіп­орындары мен биыл іске қосыл­ған «Алацем» цемент зауыты және «Фид Миллс» құрама жем зауыты өндірістеріне құйылған инвестицияның жалпы көлемі 165 млрд теңгені құрайды. Алда­ғы уақытта трансұлттық ком­пания­лардың тағы 5 жобасы іске қосылып, олардың өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлеміндегі үлесі 25 пайызға жетпек.

Жалпы, қазір облыста азық-түлік, сусын, электр құралдары, дайын металл бұйымдары, фармацевтика мен құрылыс индус­триясы өндірісінде тұрақты өсім байқалады. Жыл соңына қарай өнеркәсіп өнімдерінің қаржылай көлемі 1,2 трлн теңгеге жетеді деген болжам бар. Оның ішінде шикізаттық емес экспорт үлесі де 6 пайызға өсіп, өзіндік құны 400 млн АҚШ долларын құрайды. Ал агроөнеркәсіп кешені бойынша 2022-2026 жылдарға арналған Ұлт­тық жоба шеңберінде ет, же­міс-жидек, көкөніс, қант, сүт өнім­дері, дәнді және майлы да­қыл­дарды өндіру мен өңдеу бо­йынша жеті ірі экожүйе қалып­тастыру жоспарланған. Яғни 1,3 млн бас ірі қара, 4,5 млн бас қой-ешкі, 1 млн гектарға жуық егіс алқабы бар өңірдің әлеуетін ескерсек, Жетісу өңі­рі осы жобаның ең белсенді қаты­су­шысының бірі болатыны сөз­сіз. Оның негізі қазірден бар. Мысалы, қант өндіретін екі зауыт жұмыс істеп тұр, енді Алакөл және Қарабұлақ қант зауыттарын қалпына келтіру жоспарлануда. Осылайша, облыс егістік алқап аумағын 35 мың гектарға ұлғайту арқылы қант қызылшасы көлемін 2 млн тоннаға дейін жеткізу міндетін жүзеге асырмақ.

– Облыста ет өңдеу қуаты 30 мың тоннаға дейін жете­тін «Жетісу қой» жобасын жү­зеге асыруды бастадық. Бүгін­де барлық ұйымдастыру мәселе­лері шешілді, инженерлік инфра­құрылым құрылысына қаржы бөлінді. Инвестор зауытты жобалауды бастады. Мұнан бөлек, 500 мың басқа дейін сиыр етін өндіретін «Тайсон Фудс» жобасы туралы да осыны айтуға болады. Ірі қара етін өңдейтін зауыт салатын жер учаскесі бөлінді. Агроөнеркәсіп кешені туралы айтқанда, өткен жылы іске қосылған, тәулігіне 160 млн дана жұмыртқа өндіретін «НаурызАгро» серіктестігі мен 29 мың тонна құс етін дайындайтын «OTAN GreenFood» фабрикасын мысалға алуға болады. Ал биыл тағы екі өндіріс іске қосылды. Бұйырса, отандық тұтыну нарығына қуаты 37 мың тонна ет өндіретін «Прима құс» және жылына 160 млн дана жұмыртқа мен 120 мың тонна бройлер етін өндіретін «Aitas KZ» фабрикасының өнімдері жол тартпақ. Жалпы, жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 1 трлн теңгеден асады, оның ішінде өнім экспорты 220 млн АҚШ долларына жетеді деген сенім бар, – деді облыс әкімі.

Өңір дамуында шағын және орта бизнес саласының алатын орны ерекше. Қазір бұл бағытта 125 мың бірлік нысан жұмыс істеуде. Сала бойынша еңбекпен қамтылғандардың саны 275 мың адамға жетті. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 11 пайызға өсіп, қаржылай құны 1,8 трлн теңгені құрады. Ал шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 34 пайыздан асқан.

– Бұл бағыттағы жұмысқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қолға алынған салықтық жеңілдіктер, жалға алу төлемдерінен босату түріндегі шаралар оң ықпалын тигізді. Мысал ретінде айтсам, жылдың басында Талдықорған қаласында аз қамтылған және көпбалалы аналарды жұмысқа тарту мақса­тын­да тігін цехы ашылды. «Жетісу» әлеуметтік корпорациясы арқы­лы цехқа орын тауып, күрделі жөндеуден өткізіп, лизингке құрал-жабдықтар сатып әпердік. Қазір бұл шағын фабрикада 17 әйел жұмыс істеп жатыр, олардың 12-сі «Еңбек» бағдарламасымен оқыды. Мұндай мысалдар бізде аз емес, осындай ұсыныс пен бастамаларды әрқашан қолдаймыз. Биыл «Бизнестің жол картасы», «Еңбек» бағдарламалары мен «Жетісу» өңірлік қаржыландыру бағдар­ламасы аясында қаржы­ландыру көлемі 21 млрд теңгеге дейін артты. 2 мыңға жуық субъектіге мем­лекеттік қолдау көрсетіледі, 13 мың жұмыс орны құрылып, сақталады. Облыста 430 нысан Ashyq қосымшасымен жұ­мыс істейді, бұл сервисті тәу­лігіне орта есеппен 3 мың адам қолданады. Жалпы, осы қабыл­данып жатқан шаралар кәсіп­кер­лердің бұрынғы жұмыс ырға­ғы­на көшуіне мүмкіндік береді деп сенеміз, – деді бұл жайында А.Баталов.

Қуаныштысы, Жетісудың құрылыс саласында карантин шектеулеріне қарамастан, жұмыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Бұл шағын және орта бизнес нысандарының жабылуы салдарынан орнынан босап қалған көптеген азаматты құрылыс саласында жұмыспен қамтуға жол ашып отыр екен. Мәселен, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде Алматы облысында 105 млрд теңге бөлі­ніп, оған 20 мың жұмыс орны құрылған 1051 жоба жүзеге асырылуда. Былтыр облыс бойынша 60 мың жұмыс орны құрылған болатын.

 Құрылыс демекші, аймақта «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасуда. Биыл 1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланған екен. Бүгінде 2603 пәтерлік 521 тұрғын үй салынуда, оның ішін­де 1212 көпбалалы отбасы бас­паналы болмақшы. Сонымен қатар жеңілдіктер қарастырылған «7-20-25», «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ 5-10-20» бағдар­ламаларымен де 1 986 отбасы пәтерге қол жеткізбек.

– Біз аймақты газдандыру ба­ғы­тында да ауқымды жұмыс ат­қарып келеміз. Өткен жылы облыс тұрғындарының 59 пайызына газға қосылу мүмкіндігі жасал­ды, яғни 1,2 млн адам таби­ғи отын тұтынуға қол жет­кіз­ді. Биыл тағы 23 елді мекен газға қосылмақ, ал газдандыру үлесі 61 пайыз болмақ. Шал­ғай аудандарды газдандыру үшін «Талдықорған – Үшарал», «Шелек – Кеген» магистралды газ құбы­ры құры­лысының жобалық-смета­лық құжаттамасын аяқтаймыз. Құ­рылыс жұмыстары келесі жылдан басталады, – деді облыстағы көгілдір отынмен қамту жайын тілге тиек еткен әкім.

Айтпақшы, Алматы облысы орталықтандырылған ауыз сумен қамту деңгейі бойынша респуб­ликада алдыңғы қатарда тұр. Яғни бұл бағыттағы жұмыс 98,3 пайызға орындалып, 678 елді мекен таза ауыз суға қол жеткізген. Биыл да 7 ауылға су құбыры тартылып, қамту көрсеткіші 99,5 пайызға артпақ. Ауыз сумен қамтылған ауыл саны 685 елді мекенге жетеді. Яғни өңірде су құбыры жоқ 48 ауыл ғана қалады.

Жетісуда жылдан-жылға жол сапасы да жақсарып келеді. Қазір жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңыз­дағы жолдардың деңгейі – 84 пайыз шамасында. Биыл 385 елді мекенде облыстық маңыздағы және ауылішілік 332 шақырым жол жөнделеді. Оған 33 млрд теңге бөлінді.

– Экономиканың тұрақты өсімі, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру және қабыл­данған әлеуметтік қолдау шаралары халықтың табыс деңгейін сақтап қалуға, жұмыссыздықтың белең алмауына мүмкіндік берді. Биыл жұмыспен қамтудың бел­сен­ді шараларына 60 мың жұ­мыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар тартылады. Жалпы сомасы 28,5 млрд теңге бо­ла­тын әлеуметтік көмекті 345 мың адам алады, соның ішін­де 25 мың отбасы атаулы әлеу­мет­тік көмек алады, 77 мың бала мем­ле­кеттік әлеуметтік пакетпен қам­тылады, – деді өңірдің әлеуметтік жағдайы жайында А.Баталов.

Осы жерде облыс дәрігерлері­нің жұқпалы індетпен күресі жө­нін­де айта кеткен орынды. Жал­пы, аймақта денсаулық сақ­тау саласына 2020-2021 жыл ара­лы­ғында жергілікті бюджет­тен 14 млрд теңге бөлінген. Бұл қар­жы негізінен коронавирус­пен күреске бағытталып отыр. Бөлін­ген қаржыға 3 томограф, 18 рент­ген-аппарат, 219 ИВЛ, 180 жедел жәрдем машинасы, 12 жыл­жымалы медициналық кешен сатып алынды. Соның нәти­жесінде медициналық құрал-жабдықтармен және сани­тарлық автокөлікпен қамтамасыз ету дең­гейі 90 пайызға жетті. Мы­салы, Талдықорған қаласын­да қысқа мерзімде 200 орындық модульді инфекциялық аурухана салынды. Ал медициналық қызметтің қолжетімді болуы және 2025 жылға дейін шалғай елді мекендерді де толық қамту үшін 109 нысан салу көзделіп отыр. Оның ішінде 23 нысанның құрылысы биыл аяқталады.

Айтпақшы, өңірде бұқаралық спорттың дамуына да ерекше көңіл бөлініп отыр. Әр аудан мен ауылда тұрғындардың сала­матты өмір салтын ұстануына то­лық жағдай жасалған. Оның бір көрінісін жаңадан ашылып жат­қан спорт, сауықтыру кешен­дері­нің санынан да байқауға болады.

Мысалға, күні кеше ғана Көк­су ауданы Балпық би ауылын­да заманауи спорт кешені ашыл­ды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығы мерекесіне орай пайда­лануға берілген спорттық нысан толықтай қажетті құрал-жаб­дық­тармен қамтамасыз етіл­ген. Еңселі ғимаратты салуға респуб­ликалық бюджеттен 673 млн теңге қаржы бөлінген. Ғимарат 3 мың шаршы метр жерді алып жатыр. Кешенде енді ауыл жас­тары спорттың 12 түрі бойынша жаттығатын болады. Сонымен қатар көрермендерге арналған 180 адамдық орын бар. Жаңа нысанның ашылуына байланыс­ты 32 тұрақты жұмыс орны да құрылып отыр.

Заманауи стандарттарға сай салынған дене шынықтыру-сауық­тыру орталығы күніне жүз­де­ген адамды қабылдауға қау­қар­лы. Мұнда волейбол, бас­кет­бол, шағын футболға арнал­ған залдар және жаттығу бөлме­сі бар. Мүмкіндігі шектеу­лі жандар үшін де спортпен айна­лысуға барлық жағдай жасалған екен.

Сондай-ақ мектеп салу ісі қызу жүріп жатқан өңірдің бірі ретінде Алматы облысының аты озып тұр. Биыл 28 мектептің құрылысы жоспарланса, оның 19-ы өңірдегі үш ауысымда оқу мәселесін шешпекші. Қазірдің өзінде 7 мектеп іске қосылды, соның 4-еуі үш ауысым­ды мек­тептердің орнына пай­да­лануға берілді.

– Биыл облыстың білім беру саласындағы педагогтерге, оқу­шы­лар мен студенттерге қашық­тан оқу мен жұмыс істеу технологияларын меңгеруге тура келді. Біз облыс бойынша 81 мың компьютер сатып алуға 12,3 млрд теңге бөлдік, 24 мың мектеп компьютері мұқтаждарға уақытша пайдалануға берілді. Демеушілер қаржысы есебінен қосымша 2110 бірлік ұйымдық техника берілді. Сол сияқты 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту деңгейі 98 пайызға жеткенін мақтанышпен айта аламыз. Болашақта тағы 166 балабақша ашу жоспарда тұр. 2022 жылы бұл көрсеткіш 100 пайыз болады, – деді Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кездесуде аймақ басшысы А.Баталов.