Бағдарламалар • 28 Мамыр, 2021

«Жұлдызды орманда» демалыңыз

395 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары елімізде тұрмысқа қажетті, қолайлылығы қарастырылған жабайы табиғатта демалатын экотуризмнің жаңа түрі дами бастады. Пандемия салдарынан қаладағы қоғамдық орын, музей, демалыс орындарына шектеу қойылғандықтан, тұрғындар арасында экотуризмге деген қызығушылық күрт артты. Жуырда Ақмола облысы Біржан сал ауданындағы Жөкей көлі жағасында «Жұлдызды орман» атты глэмпинг демалыс аймағы ашылды.

«Жұлдызды орманда» демалыңыз

Жоба авторы Айнұр Қуа­нышқызының айтуынша, бүгінде қалыптасқан жағ­дайлар ішкі туризмді дамытуға бағытталған жобаларды іске асыруға үлкен мүмкіндік береді. «Біздің ойымызша, глэм­пингтер желісін құру – маңызды бағыттардың бірі. Қатаң карантиндік талаптарға сәйкес көптеген адам таза ауада демалуға тырысады».

Жаңа демалыс аймағында қонақтарға төрт адамнан тұ­ра­тын отбасы мүшелері ор­наласа алатын 11 жайлы орын және тікелей фер­ма­лар­дан жеткізілетін таби­ғи өнімдерден жасалатын тағамдар ұсы­нылады. Сондай-ақ демалушылар өз уақыттарын көңілді өткізе алады. Демалыс ай­мағының кешенінде қо­нақ­тарға арналған мейманхана, киіз үй, балаларға және үл­кендерге арналған бассейн, монша, спорт­тық алаңдар және тегін көлік тұрағы қарас­тырылған.

Демалушылар атқа мініп сая­хаттап, квадроцикл, вело­сипед теуіп, серуендей алады. Сондай-ақ Жөкей көлінің жағасында балық аулап, та­биғат аясында демалады. Біржан сал ауданының кәсіп­керлік және өнеркәсіп бө­лі­мінің бас маманы Марал Шау­­жанова өңірде глэмпингті іске қосу экологиялық туризмді да­мы­тудағы маңызды қадам екенін атап өтті.

«Глэмпинг – тұрмысқа қа­жетті заманауи заттармен жаб­дықталған жайлы орын­дар құрып, табиғатта демалғ­анды жөн көретін жандарға арнал­ған демалыс орны. Табиғаты әсем, таза ауа әрі сыңғ­ырлаған құс­тардың даусы бар біздің өңірге келетін демалушылар саны одан сайын арта түсеріне сенім мол», деді М. Шаужанова.

Айта кетейік, БҰҰ-ның Бү­кіл­әлемдік туристік ұйымы ауыл­­­дық және экологиялық ту­ризм­­ді дамытуды атап өткен. Се­­бебі пандемия әсерінен экотуризм жа­һандық туризм үлесінің 30%-ын құраған.