Аймақтар • 28 Мамыр, 2021

Нұр-Сұлтанда Тұран даңғылындағы «Bus Lane» іске қосылады

210 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

29 мамырдан бастап Тұран даңғылындағы Керей Жәнібек хандар көшесінен Сығанақ көшесіне дейін бөлінген «Bus Lane» жолағы іске қосылады, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтанда Тұран даңғылындағы «Bus Lane» іске қосылады

Бүгінгі күні ол елорданың әлеуметтік және мәдени нысандарын байланыстыратын негізгі көлік тораптарының бірі. Бұл желімен үлкен сұранысқа ие 5 бағдар өтеді: №40, 50, 51, 53, 61. Өз кезегінде, автобус желісін енгізу жол жүру уақытын 8 минутқа қысқартады. Нақтырақ айтсақ, автобус «Bus Lane» арнайы бөлінген жолақпен екі бағытта жүріп өткен кезде жол жүру уақыты 20 минутты, жолақсыз 28 минутты құрайды.

26 мамырда Қабанбай батыр даңғылында «Bus Lane» автобус желісі іске қосылды. Бөлінген жолақ «Азия парк» СОО бағытында айналма жол айрығынан бір жаққа енгізілді. Бұл үлкен сұранысқа ие 15 бағдардың қозғалысына басымдық берді: №10, 12, 37, 51, 303 және т.б. Күн сайын осы бағыттармен 40 мың жолаушы жүреді.

Қоғамдық көліктен бөлек, «Bus Lane» арқылы жедел жәрдем мен өрт сөндіру техникасы қозғала алады. Мысалы, мамыр айының басынан бастап зияткерлік көлік жүйесі және бөлінген жолақпен жүру арқылы жедел жәрдем реанимобильдеріне 69 рет көлік дәлізі жасалып, жолдан жылдам өткізілді. Бұл олардың науқасқа жету уақытын едәуір қысқартты.

Айта кетейік, қазіргі уақытта «Bus Lane» жобасы ұзындығы 56,2 км болатын 22 жол бөлігінде жүзеге асырылды. Арнайы жолақтарды енгізу есебінен бағыттық желінің 14%-ын қамтитын көлік жолы қалыптастырылды.