Аймақтар • 28 Мамыр, 2021

Елордада бұқаралық спорт қалай дамуда?

189 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанда «Дәулет» теннис орталығының базасында еліміздегі алғашқы әлеуметтік корт ашу жоспарлануда, онда ерекше қажеттіліктері бар балалар мен әлеуметтік аз қамтылған санатына жататын балалар тенниспен тегін айналысатын болады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада бұқаралық спорт қалай дамуда?

«Дәулет» теннис орталығы сондай-ақ #it’sallaboutability (ЮНИСЕФ халықаралық бағдарламасы) шеңберінде инклюзивті топты елімізде алғаш болып іске қосты. Бүгінде орталық жанындағы тенниспен айналысатын балаларды қамту 25%-ға артты.

Бұқаралық спортты дамыту және көпбалаларды қамту үшін елорда әкімдігі қолданыстағы алаңдарды саябақтар мен мектептердегі жаңа теннис корттарына қайта жабдықтауды жоспарлап отыр. Егер қазір тенниспен бір мыңға жуық бала айналысатын болса, онда бұл жобаны іске асырғаннан кейін 10 мыңға жуық бала айналыса алады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балалар мен ересектерді бұқаралық спортқа қызықтыру үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар, бұл спортты жаңа бастағандарға да көмектеседі. Жаңа спорт кешендері мен алаңдары түрлі спорт түрлерін дамытуды сапалы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді», деп атап өтті елорда әкімі Алтай Көлгінов.

«Дәулет» теннис орталығы мен Қазақстан теннис федерациясы спорттық құрал-жабдықтар жеткізіп, шеберлік сабақтарын өткізеді.

«Балалардың жыл бойы тенниспен айналысуына барынша жағдай жасағымыз келеді. Жаздыгүні ашық аспан астында жаңа теннис кортында жаттықса, қалған уақытта бізде дайындалады», дейді «Дәулет» теннис орталығының жетекшісі Дина Темірғалиева.

«Дәулет» теннис орталығын 2019 жылдың күзінде Қазақстан теннис федерациясы ашты. Спорт кешенінде 8 жабық және 5 ашық корт, жаттығу залдары, теориялық сабақтарға арналған әдістемелік залдар, тамақтану орны және т.б. бар.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы елорда әкімдігі 76 гектардан астам аумақты абаттандырды, бұл шамамен 150 аула мен 60 қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар). Осылайша елорда тұрғындарының төрттен бір бөлігінің спортпен айналысуына және серуендеуіне арналған орындар ашылды.

Аулалар мен қоғамдық кеңістіктер қала тұрғындарын жұмылдырып салынуда және жөндеу жүргізілуде.