Оқиға • 28 Мамыр, 2021

Қырсық балаға «ән салдырған»...

552 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осыдан 40 жылдай бұрын кешегі «Социалистік Қазақстан», бүгінгі  «Egemen Qazaqstan» басылымы фототілшілер арасында байқаулар ұйымдастырып, елді елең еткізген суреттер топ жарып жүрді.

Қырсық балаға «ән салдырған»...

Қазір республикаға белгілі фото­тілші Болат Омарәлиев кезінде фотоэтюдтермен әуестеніп, көп уа­қытын соған жұмсады. Жар­ты ғасырлық ше­жіресі бар бай­қауларда байырғы фото­тілшінің «аты талай бәйгеден келген». Бүгінде сол тамаша жұмыстардың бірінің тарихын баяндай кетудің реті келіп тұр. Естелікті ақын Асқар Кіребаев бөлісті.

«Ол кезде аудандық газетте істейміз. Бір күні біздің үйден түскі ас ішіп отырғанда мен Болатқа: «Сен фотоэтюд түсіргіш болсаң, саған бір-екі сю­жет бе­ремін. Соны түсіріп алсаң, елден озасың», дедім әзілдеп.

Шай ішіп болған соң төрт жасар үлкен ұлым Шыңғыстың қолына домбыра ұстатып, ди­ванға отырғыздық. Болат фото­аппаратын дайындап отыр. Әшейінде домбыраны қолына ұс­тап отыра қалатын балам бұл жолы Бо­латтан ұялды ма, қыр­сықты да қалды. «Шыңғыс, өлең айт, мынаны айт, ананы айт», деп жалынып жатырмын, болмайды.

Дағдарған кезімде мұның еркелігін өзіне пайдаланайын дедім де, «Шыңғыс, Бо­лат ит қой», деп айқайла де­дім. Қи­қайып отырған бала құл­пырып сала бер­ді. Өзі диванда, домбыра қолында, көзі жұ­мулы, әлгі сөзді айқайлап қоя бер­сін. Мен тағы айт деп кө­тер­ме­леймін, ерке бала­ға бір ермек табылды. Ал мұн­дай сюжетті іздесе де таба ал­майтын Болат бала ит демек түгіл, шошқа десе де қарайтын емес, мұрны пысылдап, жан-жағынан сартылдатып түсіріп жатыр.

Обалы не керек, Болаттың өзі де суреттің пірі ғой, әде­мі фо­тоэтюд төрт жа­­сар бала ән шыр­қап отырғандай шық­­ты. Кейін 1979 жылы «Соцалистік Қа­зақстан» газеті «Бес жылдық және біз» фото бәйгесін жариялады. Күн сайын, жыл аяғына дейін фото­бәйгенің су­реттері жарияланып тұрды.

Байқауға мыңдаған сурет­пен жүз­деген фототілші қа­тысты. Болат бас бәйгені «Ән са­лайын әуелетіп» деген осы суретімен жеңіп алды.

«СҚ» жігіттері біледі. Г­азет шығып кеткеннен кейін онда жарияланған суреттердің түп­нұсқасы көпке дейін сақталады. Содан «СҚ» хатшылығына жазушы Асқар Сүлейменов барып қал­май ма? Әлгі сурет қызықты ком­позициясымен Асекеңнің көзіне оттай басылып, қо­лына алып:

– Жігіттер, мына сурет қай­дан? – деп сұрайды.

– Қызылордадан. Болат Омарәлиев дейтін штаттан тыс тілшіміздің дүниесі.

– Олай болса, осы бала не Иран­бек­тің, не Асқардың ба­ласының суреті. Тіпті басқа әйелінен тапса да, сол екеуі­нің баласы депті де, суретті қалта­сына салып алыпты.

Бұл сурет Асекең акаде­миялық театр­да әдебиет бөлім­інің меңгерушісі болған кезінде, біраз жыл жақтауға салынып, ілулі тұрды», деп еске алады ақын Асқар Кіребаев.