Аймақтар • 28 Мамыр, 2021

Жезқазғанда онкологиялық диспансер салынады

412 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тұрғындар онкологиялық науқастарға медициналық көмек ұйымдастыруды бұрыннан сұраған болатын. Жергілікті билік аталмыш мәселе шешіліп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жезқазғанда онкологиялық диспансер салынады

Жезқазған өңіріне жұмыс сапары барысында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекке денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымдық жобалар ұсынылды.

«Өткен екі жылда облыстық бюджеттен қаржыландыру және «Қазақмыс» корпорациясының көмегінің арқасында өңірдің медициналық мекемелерін жабдықтау жақсарды. Бірақ бұл жеткіліксіз. 2023 жылға дейін есептелген бірлескен бағдарламаны қабылдап, іске асыруға кірістік. Ол үш бағытты қамтиды: инфрақұрылымды дамыту, мамандарды тарту, материалдық-техникалық жабдықтау», деп баяндады Жезқазған медициналық орталығын аралау кезінде денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев.

Ол онкологиялық орталықты орналастыру үшін дайын типтік ғимарат таңдалғанын айтты. Қазірдің өзінде мемлекеттік сараптамадан өтіп жатқан жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Қорытынды маусым айында болады деп күтілуде. Осыдан кейін қаржыландыру мәселесі шешіледі.

Сонымен қатар Жезқазғанда перзентхана бөлімшесі көпсалалы ауруханаға ауыстырылады.

Жеңіс Қасымбек медициналық орталықтың жағдайымен танысып, дәрігерлермен әңгімелесті.

«Жезқазғанда денсаулық сақтау саласын дамыту үшін біраз жұмыстар атқарылды.

Мұнда модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы салынды. Мамандардың жетіспеушілігі әлі де бар, бірақ бұл мәселе шешілуде. Біздің міндетіміз – сіздердің өңір тұрғындарыңыз облыс орталығына бармай-ақ жоғары білікті медициналық көмек алуы үшін жағдай жасау. Ол үшін қолымыздан келгеннің барлығын жасайтын боламыз», деді облыс әкімі.