Футбол • 30 Мамыр, 2021

Футзалдан әлемдік додаға қатысатын командалар толықтай анықталды

175 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ағымдағы жылдың 13 қыркүйегі мен 3 қазаны аралығында футзалдан Литвада өтетін әлем чемпионатында күш сынасатын командалар толықтай анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Футзалдан әлемдік додаға қатысатын командалар толықтай анықталды

Соңғы жолдамалар үшін тартыс Таиланд пен Ирак және Вьетнам мен Ливан құрамалары арасында өтті. Бұл айқаста алғашқыларының асығы алшысынан түсті. Осылайша, Балтық теңізі жағалауында жалауы желбірейтін жарыста мына елдің ұлттық құрамалары өнер көрсетеді: АҚШ, Ангола, Аргентина, Бразилия, Венесуэла, Вьетнам, Гватемала, Жапония, Иран, Испания, Қазақстан, Коста-Рика, Литва, Марокко, Мысыр, Өзбекстан, Панама, Парагвай, Португалия, Ресей, Сербия, Соломон аралдары, Таиланд және Чехия.

Бәсекелер Вильнюстегі «Сименс Арена» (10 000 көрерменге есептелген), Каунастағы «Жальгирис Арена» (13 807) және Клайпедадағы «Швитурё Арена» (6 200) кешендерінде өтеді.  

Естеріңізге сала кетейік, соңғы рет футзалдан әлем чемпионаты осыдан бес жыл бұрын Колумбияда ұйымдастырылды. Бұл жарыста Аргентина ойыншыларының айдарынан жел есті. Финалда олар Ресейді 5:4 есебімен ұтты. Қола медальді Иран иеленді. Ал Қазақстан құрамасы плей-оффқа жолдама алып, 1/8 финалда Испанияға 2:5 есебімен есе жіберді.