Футбол • 30 Мамыр, 2021

Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 14 турының нәтижесі

439 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 14 туры өз мәресіне жетті.  Алғашқы үш кездесу Петропавл, Алматы және Түркістанда өтсе, өзге ойындар Шымкент, Ақтау, Қостанай және Атырауда ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 14 турының нәтижесі

Петропавлға сапар шеккен «Тараз» бірінші кезеңде алаң иелерінің қақпасына екі гол салды. Дубль авторы – Ненад Адамович. Бірақ үзілістен кейін жағдай күрт өзгерді. Қақпашы Мұхамеджан Сейсеннің жіберген қателіктері салдарынан «Қызылжардың» ойыншылары матч аяқталғанға дейін таразы басын теңестірді – 2:2.

Алматыда «Қайрат» Қызылорданың «Қайсарын» қабылдады. Бұл ойында 33-минутта Хосе Канте Мартинес соққан жалғыз гол бәсеке тағдырын шешті – 1:0. 

«Жетісу» қатарынан үшінші кездесуде жеңіс тойын тойлады. Осы турды Түркістанның «Тұранына» қарсы өткізген талдықорғандықтар алаң иелерінің қақпасына жауапсыз екі гол соқты. Есеп – 0:2.  Осы табыстарының арқасында көш соңында келе жатқан «Жетісу» жарыс кестесінде бірнеше сатыға жоғарлады.

Ақтауда өткен «Каспий» мен «Астана» арасындағы бәсеке де аса шиеленісті өтті. Бірінші таймда қонақтар екі доп айырмашылығымен алға шыққанда, елордалықтар енді жеңісті уысынан шығара қоймас деп ойлады. Бірақ үзілістен кейін алаң иелерін екі мәрте нысананы дәл көздеді – 2:2.

Ал осы турдағы өзге матчтар мынадай есептермен аяқталды: «Ордабасы» - «Шахтер» 0:0, «Тобыл» - «Ақтөбе» 2:1 және «Атырау» - «Ақжайық» 2:1.

Жарыс кестесінде «Астана» жеке-дара алда келеді. Олардың еншісінде 34 ұпай бар. Екінші орында – «Тобыл». Көш басындағы командадан қостанайлықтардың үш ұпайы кем. Қоржынында 24 ұпайы бар «Қайрат» үшінші орынды иеленуде.