Олимпия ойындарының жолдамалары сарапқа салынған жарыста Қазақстанның үш спортшысы бақ сынады.
Алғашқы жарыс күні Әділбек Мусин баттерфляй әдісімен 50 метрге жүзуде алтын алса, Анастасия Резванцева 100 метрге арқамен жүзуде қолаға қол созды. Келесі тәулікте Резванцева (50 метр, арқамен жүзу) төртінші орында қалып қойды.
Ал үшінші күні қоржынымыз тағы үш жүлдемен толықты. Әділбек Мусин (100 метр, баттерфляй) мен Александр Варакин (50 метр, еркін тәсіл) алдарына жан салмай, алтын тұғырға көтерілсе, Анастасия Резванцева (200 метр, арқамен жүзу) күміс медальді мойынына ілді.