Спорт • 30 Мамыр, 2021

Рахат Бекболат әлем чемпионы атанды

424 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өзбекстанның бас шаһары – Ташкентте өтіп жатқан жастар арасындағы әлем біріншілігінде қазақстандық зілтемірші Рахат Бекболат өз жанкүйерлерін қуантты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Рахат Бекболат әлем чемпионы атанды

102 кило салмақта күш сынасқан Рахат Бекболатқа айрықша сенім арттық. Былтыр ол әлем кубогында дара шығып қана қоймай, әлемдік рекордты да жаңартқаны есімізде. 2019 жылы ол жасөспірімдердің әлем және Азия біріншіліктерінде алтын тұғырға көтерілді. Сол жарыстардың бірінде бұған дейін Илья Ильин көрсеткен нәтижеден асып түскен қазақтың нар тұлғалы ұлы көпшіліктің қошеметіне бөленгені есімізде. Биыл ересектердің Азия чемпионатында да Рахат алдына жан салмады.

Бұл жолы да қазақтың қайсар ұлы өзіне артылған сенімді толығымен ақтады. Қоссайыстың қорытындысы бойынша 377 (175+202) килоны еңсерген Бекболат алтын тұғырға көтерілді. Қандасымыз екінші орынды иеленген Василь Мариновтан жеті кило артық салмақты көтерді. Үшінші орынға табан тіреген грузиялық Заза Ломтадзенің көрсеткіші – 351 кило.