Тарих • 30 Мамыр, 2021

Мыңжылдық мұра. Құранның көне түркі тіліне аударылған алғашқы нұсқасы Түркістанмен қайта қауышты

537 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында халықаралық конференция өтті.

Мыңжылдық мұра. Құранның көне түркі тіліне аударылған алғашқы нұсқасы Түркістанмен қайта қауышты

Түркістан қаласында соңғы кездері танымдық та, бірлік-ынтымаққа үндейтін де, экономикалық қарым-қаты­насты нығайтатын да түрлі деңгейдегі іс-шаралар жиі ұйым­дастырылуда. Дегенмен, бұл жолғы халықаралық конферен­цияның түркі әлемі, исі мұсылман халқы үшін маңызы ерекше. Олай дейтініміз...

Конференцияны жүргізген Халық­аралық Түркі акаде­мия­­­сының президенті Дархан Қы­дырәлі киелі шаһарда барша түр­кі­нің рухани діңгегі – Әзірет Қожа Ахмет Ясауи бабамыз, аяу­лы хандарымыз бен данагөй би­­леріміз мәңгілікке тыным тап­­қанын айтып өтті. «Міне, осы Ясауи дәуірінде, қастерлі Түр­кі­стан топырағында бұдан 1000 жыл бұрын түркі тіліне ауда­рыл­ған қасиетті «Құран Кәрім» кі­табының салтанатты тұсау­ке­серіне жиналып отырмыз. Ел­басы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев пен Түркия Президенті Та­йып Режеп Ердоғанның алғы сөзі­мен жарық көрген бұл қа­сиет­ті Құран Кәрімнің басылуы­на ық­пал жасап, септескен түркі мем­ле­кет­терінің басшылары шара­мызға қолдау білдіріп отыр», деді Дар­хан Қыдырәлі. Сансыз бап­тар­дың ілімі гүлдеген өлкеде, түр­кі­стан­дық, сайрамдық хафиз ғұ­лама­лар­дың қатысуымен Қарахан дәу­ірін­де қасиетті Құран Кәрім тәржімаланған.

Университеттің Мәдениет сарайында өткен алқалы жиынға ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркі кеңесі Бас хатшысының орынба­сары Өмер Кожаман, Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің рек­торы Жанар Темірбекова, Қазақ­стан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тап­сыр­малар жөніндегі елшісі Ер­жан Мұқашев, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нү­кежанов, Түркия Респуб­ли­касының Алматы қаласындағы Бас консулы Али Риза Акынджы, «Білге Түрік» мәдениет қоры­ның басқарма төрағасы, экс-гу­бер­натор Гунгөр Азим Туна, Түркіс­тан облысы әкімінің орын­ба­сары Сәкен Қалқаманов, сондай-ақ белгілі ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Басқосу аясында Қарахан мем­лекеті дәуірінде (Х ғасыр) Түр­кіс­тан топырағында көне түркі тілі­не аударылған алғашқы Құран кі­та­бының тұсаукесер рәсімі жа­салды. Киелі кітаптың лентасын ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хат­шысы Дүйсен Қасейінов пен «Біл­ге Түрік» мәдениет қорының бас­қарма төрағасы Гунгөр Азим Туна қиды.

Халықаралық Түркі академия­сы басып шығарған бұл бірегей ба­­сы­лым біздің заманымызға жет­­кен Құран аудармасының ең көне әрі толық нұсқасы санала­ды. Бүгінде бұл қолжазба Ыстанбұл қаласындағы Түрік және Ислам өнері музейінде сақтаулы тұр. Түмен ғасыр талай әулиелер мен ғұламалар сусындаған мың­жыл­дық мұраның жарық көріп, туған топырақпен қайта қауышуы Түркістанның түркі әлемінің ру­хани астанасы атануымен тұс­па-тұс келгені де бекер емес. «Алаш­тың ақиық ақыны Мағжан «Түр­кістан – Ер түріктің бесігі, екі дү­ниенің есігі» деп жырлағандай, Түркістанды түгел түркінің рухани астанасы санаудың айғақтары жет­кілікті. Соның бір айғағы – мың жыл бұрын аударылып жа­зылған осы Құран кітабы.

Ғалымдардың пікірінше, Құран алғаш түркі тіліне 950 жыл­дары аударылған. Басқаша айт­қанда, біздің тіліміз – Құран ал­ғаш аударылған екі тілдің бірі. Бұл оның бай, қуатты, құнар­лы тіл екенін көрсетсе керек. Со­ны­­мен қатар сол тұстағы түркі ға­­лым­дарының білімі мен бі­лік­­­ті­лігін де айғақтай түседі. Өйт­­кені Құранның бай тілі мен маз­­мұнын сөзбе-сөз, жолма-жол аударып шығу үлкен біліктілікті қа­жет ететіні белгілі. Бұл Құран аудар­масының бірнеше нұсқасы қазірге жеткен, бірақ солардың ең толық нұсқасы тұңғыш рет жарық көріп, Түркістан жерінде тұсауы кесілуі – рухани астанамызға та­маша тарту болды деп ойлаймыз», деді Халықаралық Түркі акаде­миясының президенті.

Алқалы жиында алғашқы болып сөз алған ТҮРКСОЙ ұйы­мы­ның Бас хатшысы Дүйсен Қа­сейінов түркі әлемінің тарихы, әдебиеті, тілі мен архиві тұр­ғы­сы­нан аса маңызды жұмыс­тар ат­қарып келе жатқан ұйымдар­дың бірі – Түркі академиясы еке­нін атап өтті. «Құрылған күн­нен бері Дархан Қыдырәлі мыр­за­ның басшылығымен Түркі ака­де­миясы мен ТҮРКСОЙ ара­сын­дағы ынтымақтастық байланыс тоқтаусыз жалғасып келеді. Түркі академиясының шама­мен мың жыл бұрын Қара­хан мем­лекеті дәуірінде Түркі­стан ай­мағында түркі тіліне ауда­рыл­­ған «Құран Кәрімнің» ғы­лыми көшірмесін қайта дайын­дап, басып шығарғаны, «Түркі тілі және Жүніс Әміре жылы» аясында Қожа Ахмет Ясауидың шәкірт­терінің бірі, сопылық ағым өкілі, ақын Жүніс Әміренің өлеңдерін қазақ тіліне аударып басу және Түркістан аймағын жан-жақ­ты сипаттайтын көп томдық «Түркіс­тан» энциклопедиялық кітаптар сериясын дайындау жұмыстарын жалғастырып жатқаны туралы хабардар болдық. Бұл хабар бізді айрықша қуантты. Түркі ака­демиясына осы маңызды ж­ұ­мыстары үшін алғыс білдіріп, шын жүректен құттықтаймыз!», деді Дүйсен Қорабайұлы. Сондай-ақ ол Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ мен ТҮРКСОЙ арасындағы ынты­мақтастық байланыстардың күн өткен сайын артып келе жатқанын айтып өтті.

Тарихтың ауыр сынақтарынан өтіп, бөлініп-бөлшектеніп, қан­шама қиындықты артқа тастаған бауырлас түркі елдері мен түр­кі халық­тарының бүгінгі таң­да келе­шекке бірге қадам басу­ға деген ұмтылысын Түркі кеңе­сі Бас хатшысының орын­ба­са­ры Өмер Кожаман ХХІ ғасыр­дың стратегиялық тұрғыдан аса маңызды өзгерістерінің бірі ре­тінде атады. «Мақсат-мұра­ты­мыз – ата-бабаларымыз бірге өмір сүрген Түркістан аймағында ке­зінде жалындап тұтанған бірлік пен ынтымақтастық алауын келешекке жеткізу, оны күшейте түсу. Алдағы кезеңдерде Түркістанда түркі мемлекеттерінің жеке-жеке инвестицияларына куә боламыз. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен «Арнайы экономикалық аймақ» құру мақсатында тиісті жұмыстар бас­талады. Түркістанның үл­кен эко­­но­микалық, сауда және ин­­вес­ти­циялық әлеуетін түркі мем­лекеттері пайдалана­тын болады. Түркістанның түркі өр­кениеті тұрғысынан тарихи ма­ңызын одан әрі аша түсу мақ­сатында ТҮРКСОЙ және Түркі Академиясының жетекшілігімен археологиялық қазба жұмыс­та­рын жандандырамыз. Сон­дай-ақ Түркістанды және Қожа Ахмет Ясауиды әлемге кең таныта түсу үшін ықпалды халық­ара­лық ұйымдарда ортақ іс-шара­лар өткіземіз. Осы кезеңде Түркі­с­тан­ның рухани астана деген си­паты одан әрі күшейе түседі. Мы­салы, Түркі мемлекеттері ара­сын­дағы институттық ынты­мақ­тастықты көрсететін көп та­рап­ты ұйымдардың Түркі­с­танда өз кеңселерін ашуы немесе Еуропа Парламенттік Ас­самб­леясына ұқсас бір Парла­мент­­тік Ассамблеяны Түркі­стан­да құру мәселесін қарас­ты­ру. Осындай бастамалар мен жұ­мыстарымыз арқылы көзде­ген басты мақсатымыз – Түркі әлемін ХХІ ғасырдың ең маңызды эко­номикалық, мәдени және өр­ке­ниетті орталықтарының бірі­не ай­налдыру. Осы істерде ата­жұр­ты­мыз Түркістанның және Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың ми­ра­сын өзімізге жолбасшы етіп ал­ғымыз келеді», деді Өмер Кожаман.

Түркістанның түлеуі Елбасы іргесін қалаған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ашылуымен басталғаны бүгінде жиі айтылады. Түркі халықтарының рухани ықпалдастығына, білімі мен ғылымына серпін берген, ордалы оқу орнына биыл 30 жыл толып отыр. Бұл орайда университет ректоры Жанар Темірбекова өз сөзінде оқу орнының білікті маман даярлаудағы маңызы мен міндетіне тоқталды. «Яссы» және «Түркістан» атауларының тарихын, бұл жер ежелгі түркі тайпалары үйсін, қаңлы, қарлұқ, қыпшақ, оғыздардың ата мекені, Сыр бойы мен Қаратау барша көшпелі түркі халықтарының панасы бол­ғанын еске салды. Түркістан қала­сының «Түркістан» деп аталуы тікелей Қожа Ахмет Ясауи ба­бамыздың тарихи тұлғасына қатысты екенін жеткізді. «Құран кәрімнің Түркі тіліндегі алғашқы аудармасы, Ахмет Ясауи баба­мыздың Түркілік мәдениет пен Ис­лам діні арасында салған рух­ани көпірі біздерге үлкен өнеге. Біз бұл тарихи және рухани байлықтарымыздан үлгі алып, олардың ашып берген жол­дарын одан әрі дамытуға тиіс­піз. Дамытып жатырмыз да деп ойлаймын. Киелі Түркі­станның мәр­тебесіне және уни­вер­си­теті­міздің атына сай «Теология» факультетін ашқалы отырмыз. Кешегі кеңестік жүйеден бас тартып, тәуелсіз демократиялық, құқықтық, зайырлы, әлеуметтік республика құру жолындағы маңызды бетбұрыс, «Рухани жаңғыру» стратегиясы бізге осынау бастамаға ұйытқы болуға күш-қуат берді. Теология факультеті елі­мізде тұңғыш болуымен де құн­ды. Бұл факультетте Қ.А.Ясауи бабамыздан мирас болып қалған ілім мен ғылым түсінігі негіз бо­ла­ды. Дін социологиясы, дін фи­ло­софиясы және Ислам өнері сын­ды елімізде бұған дейін мән беріл­мей келе жатқан маңызды сала­ларға ғылыми назар аударып, бұл салаларды зерт­тейтін ға­лым тұлғаларды қа­лып­тасты­ру – факультетіміздің не­гіз­гі мис­сия­ларының бірі», деді Жа­­нар Темірбекова. Ал Сыртқы іс­тер министрлігінің Ерекше тап­­сыр­­малар жөніндегі елшісі Ер­жан Мұқаш тарихи басқосуды ұйым­дастырып, қасиетті Құран Кәрім­нің көне түркі тіліндегі алғаш­қы нұсқасын қайта баспадан шы­ғ­арған Түркі академиясы мен ұйымдастырушыларға ми­нистр­ліктің алғысын жеткізді. Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев пен Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркі әлемі үшін аса маңызды тың бастамаларына тоқталды.

Ясауи ілімі ізгілік пен мейір­бан­­дылық­тың туы болған. Түр­кіс­­тан ғұламалары дәстүр са­бақтас­тығын жалғастырып, ежел­ден адамзат­ты білім мен өнерге, адам­­гер­шілік пен ынты­маққа, адал­­дық пен ауызбір­шілікке үн­де­ген. Мыңжылдық тарихы бар Құран Кәрімді аударған ғұла­ма­лар ғибраты да тәуелсіз мемле­кеті­­міздің рухани кемелденуі­не нәр берері сөзсіз. Алқалы жиында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері коми­тетінің төрағасы Ержан Нүке­жанов Елбасының бастамасымен, Мемлекет басшысының жан-жақты қолдауымен Түркістан тү­бе­гейлі өзгеріп, заманауи турис­тік мәдени-рухани және әкімшілік-іскерлік орталыққа айналғанын, сонымен бірге Түркістан мем­ле­кетіміздің алтын бесігі және барлық түркі халықтары үшін қастерлі қара шаңырақ, қадірлі құтты мекен екенін атап өтті. Қ.А.Ясауи атындағы университет елімізде «Дінтану» мамандығы бойынша дін саласында білікті мамандар даярлайтын, сұранысқа ие, жоғары білім беретін оқу орны екенін айта келе, Е.Нүкежанов бо­лашақ кадрлардың риторикалық дағдылар мен шешендік өнерді зерттеуі қажеттігіне назар аударды. Мемлекет университет тү­лектері мен жұмыс берушілер ара­сында білім беру процесінде туын­дайтын мәселелерді бірле­сіп зерттеу, оларды шешу үшін сындарлы диалог алаңын құру­ға ашық екенін жеткізді. Сон­дай-ақ халықаралық конферен­ция­да тамыры бір, тарихы ортақ Түркия елімен арадағы дәне­кер­лік қызметті абыроймен ат­қарып жүрген Түркия Республи­касының Алматыдағы Бас консулы Акынжы Али Рыза, «Білге Түрік мәдениет қоры» басқарма басшысы, Түркі әлемі мәдениет аста­насының алғашқы басшысы, экс-губернатор Туна Гүнгөр Азим өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Конференция жұмысын қоры­тындылаған Халықаралық Түркі академиясының президенті Дар­хан Қыдырәлі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Түркі академиясының Түркістан өңірінде археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге баса мән беруі өте орынды», де­ген қолдауы Академия үшін үл­кен бағыт-бағдар екенін атап өтті. Бірегей басылымды әзір­леуге келісімін берген Түркия Рес­пуб­ликасының Мәдениет министр­лігі­не, алқалы жиынды өткізуде қолдау көрсеткен университет басшылығы мен ғалымдарға алғысын білдірді.

Жиын соңында көне түркі тіліндегі Құран кітабының жарық көруі­не атсалысқан «Білге Түрік» мәде­ниет қорының басқарма төр­ағасы Гунгөр Азим Тунаға, Ыстан­бұл университетінің профес­соры Емек Үшенмезге және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінің докторанты Сайпул­ла Моллақанағатұлына Халықаралық Түркі академия­сының Құрмет грамоталары табыс етілді.

Сондай-ақ халықаралық кон­ференцияға қатысушылар Түр­кістан аймағының қасиет­ті орындарын аралады. Киелі қаланың күн сайын өзгеріп, абат­танып-көркейіп келе жат­қанына көз жет­кізіп, экономикалық-әлеу­мет­тік дамуына куә болған ға­лым­дар осындай нәтижелі істер­ді үйлестіріп, атқарып отырған облыс әкімдігінің жұмысына ри­за­шы­лықтарын білдірді.