Қазақстан • 31 Мамыр, 2021

Ұлық Ұлыс ұлықталды

713 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда: бастауы, тарихы және мұрасы» тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиын барысында Алтын орда хандығының тарихы мен бүгінге жеткен мұрасы, Қазақ хандығының құрылуы туралы сөз қозғалды.

Ұлық Ұлыс ұлықталды

Іс-шараны ашқан Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев конфе­ренцияның Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығымен тұспа-тұс келуінің зор сим­волдық мәні бар екенін жет­кізді.

«2015 жылы Елбасының тап­сыр­масымен елімізде Қазақ хан­ды­ғының 550 жылдығы кең кө­лем­­де аталып өтті. Бұл идео­­ло­­гия­лық астары терең, мем­ле­кеттік деңгейдегі шара болды. 1465 жыл – сөзсіз, бәріміз үшін қас­терлі дата. Десек те этногенез процесі мен мемлекеттің қа­лып­тасуы – бір күннің, тіпті бір ғасырдың да шаруасы емес еке­нін жақсы білеміз.

Керей мен Жәнібек хандар бастаған қазақ халқының Жетісуға қоныс аударуы оның қалыптасу кезеңінен өтіп, ұлт­қа айналғанын айшықтайды. Ға­лымдардың зерттеуінше, бұл про­цесс Ұлық Ұлыс­тың дәуір­леп тұрған уақыты­нан бас­­тал­­ды. Мұны фольк­лоры­­мы­з­дан да көреміз. Жыр-дастан­дары­­мыз­дың қаһармандары – Едіге, әз-Жәнібек, Майқы би, Тоқ­та­мыс, Асан қайғы сияқты Алтын Орда кезіндегі қайраткерлер.

Ең ескі күйдің бірі – «Ақсақ құлан» да Жошы ханның өлі­міне байланысты шыққаны бар­ша­мызға белгілі. Сондықтан Ұлық Ұлыс – біздің мемлекеттілік дәс­түрі­міздің алтын бесігі деп то­лық сеніммен айта аламыз», деді Дәурен Абаев. Ол өз сөзінде Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы­мен 2019-2020 жылдар Ұлық Ұлыс­тың 750 жылдығын мереке­леуге арналғанын еске салды.

«Осы тұста Мемлекет басшы­сы­ның «Тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек» деген маңызды ұстанымын естен шығармаған жөн. Өз ұлылығыңа мастану, тарихты мифпен араластыру, өткенімізді әсіре мақтанға айналдыру – өрге бастамайды. Керісінше, біз тарихты конъюнктурадан тыс зерттеп, ақтаңдақтар ақиқатын ашып, шешуші оқиғалар желісін мұқият қайта қалпына келтіруге тиіспіз.

Президенттің тапсырмасына сәйкес жақында Білім және ғылым министрлігінің жа­н­ы­нан құрылатын Жошы Ұлы­сын зерттейтін ғылыми инс­ти­тут та, негізінен, осы мақ­сат­­ты көздейді. Институт атауы­ның өзі айтып тұрғандай, біз Талас құрылтайынан бастап Кенесарының қазасына дейінгі тарихи дәуірді біртұтас кезең деп қабылдаймыз», деді Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары.

Дәурен Абаев Алтын ор­да­­ның төл тарихымыздың ма­ңыз­ды тарауы екеніне екпін бе­ріп, ол әртүрлі тілде сөйлеп, әрқи­лы дін ұстанатын көптеген ха­лық­ты бір шаңырақ астына бі­рік­ті­ріп, озық мәдениетті дү­ние­ге әке­л­генін атап өтті. Оның дә­уір­леген тұсында қазақ хал­қы­­ның эт­но­генездік портреті қалыптасты.

«Алтын Орда уақытынан бері келе жатқан символдарды қазір де күн сайын көреміз. Ұлттық валю­тамыз – теңгенің атауы сол кезеңге тиесілі. Мемлекет бас­шы­сының резиденциясы Бату­дан Абылай ханға дейінгі Ал­тын Орда мен Қазақ хандығы әмірші­лерінің ордасы сияқты аталады.

Парасат пен төзімділікке құ­ры­лып, Ханафи мазхабына не­гіз­делген дәстүрлі дініміз Берке мен Өзбек хандардан мұраға қалған. Жаңа елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласы – Ұлы далада әсем шаһарлар салған Ұлық Ұлыс билеушілері ғұрпының жалғасы.

Мысалы, Сарайшық қаласы – Жошы ұлысының, Ноғай ордасы мен Қазақ хандығының ру­хани астанасы болды. Қазіргі Қызылорда облысы аумағында Жан­кент, Жент, Барчкент, Түр­кістан өңірінде Сығанақ, Сай­рам, Яссы, Созақ сияқты қала­лар болған. Мұндай қалалар еліміздің солтүстігінен де табылуда. Бұған дәлел – жақында ғана Солтүстік Қазақстан облысындағы «Қызыл-оба» қорымынан шыққан құнды жәдігерлер.

Осылайша, біз бабаларымыз­дың шетсіз-шексіз аймақты мекен еткен көшпенділер емес, ке­рі­сінше, өз уақытындағы көш­пелі өмір мен отырықшы тұр­мыс салтының озық тұстарын үйлес­тіріп, империялық деңгейде үс­тем­дік құрған халық болғанын бай­қаймыз», деді Дәурен Абаев.

Алтын Орда – өткен тарихымыз ғана емес, бүгініміз бен бо­ла­шағымыз деген спикер бү­гін­гі ортақ мақсат-мұратымыз бен қоғам болып бет алған бағдары­мыз Алтын Орда кезінен бергі ға­сыр­лық дәстүрлерден бастау ала­т­ынын жеткізді.

«Бірінші – орталықтан бас­қарылатын мемлекет. Ұлық Ұлыс­тың тарихи тәжірибесі осы­ны көрсеткендей, табиғаты қатал, аумағы үлкен Еуразия құр­лы­ғының кеңістігінде мықты «билік вертикалі» арқылы орталықтан басқарылатын мемлекет қана өсіп-өркендейді. Осы маңызды шарт Жошы Ұлысының «Алтын ғасырын» туғызды.

Екінші – меритократия. Алтын Орда мемлекеті мен қоғамының маңызды ерекшелігінің бірі – адам­дарды элита қатарына жеке қасиетіне қарап қосты. Қа­рым-қабілетінің арқасында қара­па­йым жігіттен әуелі батыр, одан соң би, кейіннен Алтын Ор­да­ның бек­лербегіне айналған Еді­генің ғұ­мы­ры – осыған анық дәлел. Бү­гін­де мемлекетіміз мери­то­кра­тия­ның басты қағидасын жүзе­ге асырып жатыр. Онсыз қоғам­­ның жаңғыруы мен дамуы мүмкін емес.

Үшінші – тиімділік. Алтын Ор­­дада мемлекеттік басқару мен ло­гис­тиканың тиімді жүйесі құ­рыл­ғаны тарихтан белгілі. Соның бірі – жәмшік қызметі. Ол кейін­нен бірнеше ғасыр бойы Ресейде кеңінен қолданылды. Сон­дай-ақ «даруға» деп атала­тын азаматтық әкімшіліктің жү­йелі жұмысы да осыған мысал бо­ла алады», деді Президент Әкім­шілігі Басшысының бірінші орын­басары.

Дәурен Абаевтың сөзіне сүйенсек, екпін беретін төртінші мәселе – ғылым-білім ғұрпы. Өз­бек пен Жәнібек хандардың билік құрған уақытында Алтын Ордаға көптеген елден ғалымдар ағы­лып келіп жатқаны көпшілікке аян. Сонымен бірге қаншама мед­реселер салынып, ол жерде тек діни ілім емес, математика, медицина және басқа да ғылым үйретілген.

«Бесінші – диалог мәдениеті. Еуразия кіндігінде орын тепкен алып империя – Алтын Орданың құрамында о бастан-ақ тілі, діни сенімі мен салт-дәстүрі әр­түрлі халықтар өмір сүрді. Олар­дың екі ғасыр бойы бір мемлекетте бірге тіршілік етуі диалог мәде­ниетінің, рухани байлықтың және өзгеге деген құрметтің көркем үлгісіне ұласты. Этносаралық қатынастарды реттеу, біртұтас азаматтық ұлт құру ісінің қазақ­стан­дық моделінен Алтын Ор­да­лық қағидатты көруге болады. Мұнда бірлік – біркелкілік де­генді білдірмейді.

Алтыншы – халықаралық медиация мәдениеті. Алтын Орда Шығыс пен Батысты жал­ғай­тын көпір іспетті болды. Ұлы Жібек жолының солтүстік ба­ғы­тында орналасқан империя өр­ке­ниеттер арасындағы жан-жақ­ты диалогті – материалдық құн­дылықтармен қатар, идеялар мен инновациялардың алма­суын қамтамасыз етті. Тарихқа көз салсақ, Алтын Орданың саясаты­нан Елбасының БҰҰ ұйымы Бас Ассамблеясының мінберінен та­ныс­тырған «Үлкен Еуразия» жобасының үлгісін көре аламыз.

Жетінші – адами құндылық. Мем­лекеттік басқарудың орта­лық­тандырылғанына қарамас­тан, Алтын Орда ешқашан класси­калық түрдегі «шығыс деспотиясы» болған емес. Қоғамның өзегін билікке деген қорқыныш емес, халқымыз имандылық деп айтатын рухани түпнегіз құрады. Қазір де қоғамымыздың табан тірер тұғыры, ынтымақтастықтың негізі – «әлеуметтік рейтинг» емес, имандылық пен мәңгілік рухани құндылықтар», деді Дәурен Абаев.

Халықаралық ғылыми-тәжі­ри­белік конференцияда татар ғалымы Марат Гибатдинов Ресей ғылымының Алтын Орда туралы пайымы қандай эволюцияны бас­тан өткеріп жатқанын баяндады.

Х.Фаезханов атындағы Ұлт­тық білім беру тарихы мен тео­рия­сы орталығы басшысының мін­детін атқарушы, Татарстан Рес­­публ­икасы ғылым академия­сы тарих институты дирек­торы­ның орынбасары, тарих ғылым­дарының доктары Марат Гибат­диновтың айтуынша, Татар­­станда Алтын Орданы на­ғыз ғылыми негізде зерттеу тек тоқ­саныншы жылдары ғана жол­­ға қойылған. Бұл зерттеулер бір­­тін­деп, Ресей ғылымының да аталған мәселеге басқа қыры­нан қарауына түрткі болса керек. «Алтын Орда тақырыбы – тек Қазақстан үшін ғана емес, татарлар мен түркі әлемі үшін ғана емес, бүкіл Ресей үшін де өте өзекті. Алтын Орда тари­хын Ресей оқулықтарында «Ор­да шапқыншылығы» деп си­­пат­­таудың кесірінен ғылыми ең­бек­тер мен жарияланымдар­да қанша дау мен дақпырт бол­ға­нын бәріңіз білетін шығар­сыз­дар. Абырой болғанда, бүгін Ресей Федерациясы бұл тұ­ж­ы­рымды қайта қарау керек­ті­гін түсініп отыр. Енді оқулық­тар­да бір кездегідей «Орда шап­қын­шы­лығы» немесе «татар-мон­ғол езгісі» деген ұғымдарды көр­мей­сіздер. Яғни бұл кезеңнің тарихы қазір Ресейде ресми түрде тарихи шындыққа жақын сипаттала бас­тады», деді ғалым.

Татарстаннан онлайн байланыс арқылы сөз сөйлеген тарихшы Алтын Орда тарихын насихаттау ісінде әлі де шешімін таппаған мәселелер туралы да сөз қозғады.

«Оқулықтар жөнге келгені­мен, әлі де болса Алтын Орда та­­ри­хын Ресейдің тұтас тарихы­на­н бөліп қарау белең алып отыр. Ресей тарихындағы Алтын Ор­да­ның орны туралы сөз бол­ғанда басқыншылық кезеңі мен азат­тық күрес жылдары ғана оқы­тылып жүр. Ал Алтын Орда өр­ке­ниетінің мәдени, ғылыми, мемлекеттік басқару мұрасы туралы көп айтылмайды. Оның өркениеті туралы Ресейден бөлек бір елдің бөтен өркениетіне ойша саяхат сипатында берілген», деді Марат Гибатдинов.

Татар ғалымы сөзінің соңында Алтын Орда тарихы – Еуразия кеңістігіндегі ондаған мемлекет пен халықтың ортақ тарихы болғандықтан, оны жеке-жеке зерделемей, бірлесіп зерттеп, ортақ пайымға келудің маңызы зор екенін баса айтты.

Мемлекет тарихы инсти­ту­ты­ның бас ғылыми қызметкері, философия докторы Жақсылық Сәбитов өз сөзінде «Жамиға Ат-Тауарих» еңбегінің 3 тілдегі нұс­қасын бір ізге түсірудің ма­ңызы туралы әңгімеледі.

«ХІХ ғасырда Алтын Орданы зерттеген көрнекті ғалымның бірі – Шоқан Уәлиханов. Ол өзінің отыз жыл ғұмырында өте ауқым­ды ғылыми еңбек сіңіріп кет­кен. Қазірге дейін оның бұл ер­лі­гін ешкім қайталай алған жоқ. Тіпті ол өз уақытынан 150 жыл­ға озып кеткен. Оның еңбек­теріндегі тезистердің көбі әлі күнге дейін өзекті. Оның жаз­ған еңбектері қазіргі біздің оқулық­тардан да озық деуге болады. Ал оның бұл тақырыпта өте маз­мұнды әрі жемісті еңбек етуіне Қадырғали Жалайыридің «Жамиғ Ат-Тауарих» еңбегін білгені көп септігін тигізген», деді ғалым.

Сондай-ақ Жақсылық Сәбитов Қадырғали Жалайыридің еңбегін Жошы Ұлысы – Алтын Орданың тари­хына дала перзентінің көзі­мен ғылыми баға берген ең ірге­лі туынды деп атады. Оның айтуынша, Алтын Орда тарихын зерт­­теген қазақтың көрнекті ұл­­дары­ның бәрі бұл еңбекті ай­на­лып өтпеген. Ең бастысы – аталған еңбекте Алтын Ор­да қазіргідей Астрахань, Қазан, Сі­бір хандығына бөлек-бөлек сипат­тал­маған. Керісінше Алтын Орда­ның иелігін тұтас мәдени кеңіс­тік ретінде сипаттаған.

«Жамиғ Ат-Тауарихтың» төрт қолжазбасы бар. Татар ті­лін­де – екеу, қазақ тілінде – бір, ұй­ғыр тілінде бір нұсқасы қалған. Салыстырып қарасақ, араларында айырмашылық бар. Мысалы, татар тіліндегі екі нұсқасының өзінде айырмашылық кездеседі. Бірінде Ақ Орда туралы айтылса, екіншісінде Ақ Орда туралы сөз жоқ. Осы қолжазбаларды біріз­дендіріп, үлкен жалғыз мә­тін қалыптастырмасақ және қол­жазбалардағы айырма­шы­лықтарға ғылыми баға бер­месек, қателесе береміз. Мысалы, «Мә­дени мұра» аясында осы ең­бек басылып шыққанда Орыс хан­ға қатысты қателік кеткен. Қадырғали Жалайыридің еңбегі Алаш ұғымының шығу тарихынан мәлімет беретін алғашқы дереккөз ретінде де құнды. Он­дағы «Алаш мыңы» ұғымы қазақ жүздерінің қалай пайда бол­ғанынан хабар береді», деді Жақ­сылық Сәбитов.