Аймақтар • 31 Мамыр, 2021

«Қызыл аймақтың» салдары әлі аз емес

193 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздегі эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес Пав­лодар облысы 17 мамырдан бастап «сары аймақта». Өңірде 25 ма­мыр­дан бастап карантиндік шектеу шаралары жеңілдетілді.

«Қызыл аймақтың» салдары әлі аз емес

Осы шектеу шараларына орай облыстың бас санитар дәрігері Батырбек Әлиев жаңа №10 қаулыға қол қойды. Бұған дейін бір апта бойы эпидемиялық жағдай бақылауда болды. Яғни 17 – 25 мамыр аралығында ахуал тұрақты екенін көрсетіп, шектеу шараларын жеңілдетуге қатысты қаулы қабылданды.

– Облыста індет жұқтырушы­лардың саны азаюда. 10-16 мамыр аралығында 698 жағдай анықтал­са, қазір бұл көрсеткіш төмендеді. 24 мамыр күні 75 індет жұқтыру жағдайы тіркелді. Тәуліктік өсім 0,4 пайызды құрады, – деді Б.Әлиев.

Бұған дейін облыс аумағы ін­деттің таралуы бойынша «қызыл аймақ­та» болған кезде, бас санитар­лық дәрігердің қаулысымен театр­лар мен кинотеатрлардың жұмысы­на тыйым салынған-ды. Енді «са­ры аймақтағы» жаңа қаулы тәртібі бойынша көрермендерге мәдени орындарға баруға рұқсат берілді, бірақ залдың толымдылығы адам санының 20 пайызынан аспауы қа­жет. Сонымен бірге дәмханалар мен мейрамханалар қызметі бұған дейін жұмыс кестесі 9:00-ден 20:00-ге дейін болса, енді сағат 7:00-ден 24:00-ге дейін ұзартылып, адам­дардың келуі 50 орыннан аспауы тиіс деп бекітілді. Демалыс күндері келушілерге сауда үйлері, спа-орта­лықтар, бассейндер, жабық базарлар ашық, ал сенбі күндері сауналарға баруға рұқсат етілді, моншалардың да жұмыс уақытынан шектеулер алынды. Ауданаралық жолаушылар автобусы мен шағын автобустар да шектеулерден кейін тасымалын бастады. Жергілікті тұрғындардың күннің ыстығында Баянауылға, Ер­тіс жағалауындағы туристік демалыс орындарына барғылары келеті­ні белгілі. Жаз мезгілінің демалыс уақыты екені ескеріліп, туристік орын­дарға санитарлық талаптарды қа­таң түрде сақтай отырып, қызмет көрсетуге рұқсат берілді.

Осы уақытқа дейін облыста 22 900 адамнан індет жұқтыру анық­талса, 21 092 тұрғын жазылып шыққан. Екпе жағдайына кел­сек, Спутник V алғашқы ком­понентін – 73 595, екінші дозаны 33 376 адам қабылдаған. Отандық вак­ци­наның бірінші компонентін – 1 008, екіншісін 811 тұрғын салдырса, Hayat-Vax екпесін 2 846 адам алған. Індеттен жазылып шық­қан тұрғындар қосымша ем-шара қа­былдай алады. Қазір өңірде індет жұқ­тырған 250-ге жуық науқас қо­сымша ем қабылдап, денсаулығын жақсартқан, «Бурабай» шипажайына да жолдама арқылы бара алады. Ем-шаралары Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша тегін жүргізіледі. Өңірдегі барлық аурухана мен емханада ­тәу­лік бойы қызмет көрсететін ста­цио­­нарларда 1 299 адам оңалту ша­­ра­­ларына барып, денсаулығын жақ­сартқан. Ал облыстық денсаулық сақ­тау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазиновтің айтуынша, өңірде індетке қарсы инфекция­лық ауруханалардың жүктемесі 37 па­йызды, жансақтау бөлімдеріндегі орын­дардың жүктемесі 18 пайызды құрайды.

– Қазір 37 науқас жансақтау бө­лімінде, 14-і өкпені жасанды жел­дету аппаратына қосылған. Нау­­қас­тар өзін-өзі емдеумен уақыт өткі­зіп алған. Сондықтан тұрғындар ден­­сау­лықтарына қарап, уақтылы емханаға келулері қажет, – деді А.Сейіт­қазинов.

Сонымен қатар облыста коронавирус жұқтырған 62 бала бақылауға алынса, 23 бала ауруханада емделуде. Қазір Ақтоғай, Успен, Железин, Май, Шарбақты, Аққулы аудандары мен Ақсу, Екібастұз қалалары «қызыл аймақта».

 

Павлодар облысы