Қазақстан • 31 Мамыр, 2021

Азаматтардың өтініштері – нұротандықтар бақылауында

267 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Nur Otan партиясы осы саяси ұйым Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықпен өзара іс-әрекет жасаудың проактивті форматына көшу жөніндегі тапсырмасын және Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру шеңберінде қазақстандықтардың түйінді мәселелеріне белсенді ден қоюды жалғастыру үстінде.

Азаматтардың өтініштері – нұротандықтар бақылауында

Мәселен, Алматы облысында партиялық бақылау өңірлік комиссиясы Панфилов ауданына қарасты Сұптай ауылы тұрғындарының шағымы бойынша тексеру жүргізген. Онда 200-ге жуық оқушы апатты жағдайда тұрған бұрынғы балабақша ғимаратында оқуға мәжбүр. Тексеру барысында жергілікті мектеп ғимараты 1998 жылы жылу жүйесінің жоқтығынан жабылып, 2011 жылы пайдалануға жарамсыз деп танылғаны анықталды. Нұротандықтар облыстық білім басқармасына осы жылдың соңына дейін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді және 2022 жылдың соңына дейін жаңа мектеп құрылысын аяқтауға қажетті қаражатты қарастыруды ұсынды. Бұл мәселе партияның облыстық филиалының ерекше бақылауына алынған.

Елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде пәтер иелері қоныс тойын тойлай алмай отыр. Өйткені құрылыс салушы әлеуметтік әлжуаз отбасыларға әкімдіктен «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша берілген пәтерлерге тұрғындарды кіргізбей қойған. Осы келеңсіз жағдайға Nur Otan партиясының астаналық филиалы жедел назар аударды. Партиялық бақылау комиссиясы қалалық Құрылыс басқармасына мәселені қысқа мерзімде шешуді ұсынды. Бұл ретте азаматтардың өтініштеріне уақтылы жауап бермегені үшін партия мүшесі, Құрылыс басқармасының басшысы Арсен Жанғасқанов «ескерту» түріндегі партиялық жауапкершілікке тартылды.

Семей қаласында құрылыс салушы мен тұрғын үй алаптарының бірінің тұрғындары арасындағы жанжал реттелді. Мұнда сол аймақтағы жалғыз жол үстіне сауда орталығын салу жоспарланған болып шықты. Бұл тұрғын­дардың өз үйлеріне кіріп-шығуын қиындатады. Өйткені олардың үйлері барлық жағынан темір жолмен қоршалған. Осы іске партия араласқаннан кейін, құрылыс салушымен жолды жаппай, бұрынғы қалпында қалдыру туралы келісімге қол жеткізілді. Салынған қоршаулар алынып тасталды.

Алматы қаласында Әлмерек шағын ау­да­нының тұрғындары жергілікті коммуналдық қызметтің бұрын асфальтталған жолды бүлдіріп, жаңа су құбырын салғанына шағымданған. Соның салдарынан қала тұрғындары сусыз, жолсыз қалған. Жүргізілген тексеріс қоры­тындысы бойынша нұротандықтар 10 маусымға дейін тұрғындарды сумен қамтамасыз етуді және жолды жөндеуді ұсынды. Бұл мәселе – партияның Алматы қалалық филиалының бақылауында.

Жергілікті атқарушы органдар шенеунік­терінің осындай шалағайлықтарына шағынған азаматтардың өтініштеріне орай нұротандықтар жыл басынан бері 2 мыңнан астам рейд ұйымдастырған.