Аймақтар • 31 Мамыр, 2021

Қарағандыда ірі қылмыстық топ құрықталды

732 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті үш жыл ішінде 2 млрд теңгеге жуық соманы қолма-қол ақшаға айналдырған қылмыстық топ қызметінің жолын кесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарағандыда ірі қылмыстық топ құрықталды

6 адамнан құралған қылмыстық топ Теміртау қаласында жалған бухгалтерлік құжаттарды жазып беру арқылы салық төлеушілерге салық төлеуден жалтаруға көмектесу мақсатымен қызмет еткен. Осы мақсатта ҰҚТ бақылауындағы 8 жалған фирма заңсыз қызметке тартылды.

Қылмыстық әрекет салдарынан мемлекетке төленбеген салық түрінде шамамен 200 млн теңге көлемінде залал келді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жолданды, топтың ұйымдастырушысы және сыбайластарының бірі қамауға алынды. Заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру қоғамда екі маңызды мәселені – салықтардың түспеуін және сыбайлас жемқорлықтың өсуін тудырады.

Адал емес кәсіпкерлердің бюджетке салық пен басқа да түсімдерді төлеуден жалтаруынан мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік маңызы бар объектілер салуға қажетті қаражат түспейді. Сонымен бірге, заңсыз қолма-қолға айналдырылған ақша пара беру, параға сатып алу секілді бірқатар басқа құқық бұзушылықтарда пайдаланылып, сол арқылы елімізде сыбайлас жемқорлықтың кеңінен таралуына себеп болады.