Оқиға • 31 Мамыр, 2021

Алматы маңындағы демалыс орнында болған атыс бойынша сот басталды

369 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы маңындағы Байсерке ауылында орналасқан демалыс орнында 2020 жылдың күзінде болған атыс ісі бойынша сот басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы маңындағы демалыс орнында болған атыс бойынша сот басталды

Іс бойынша сот талқылауы Алматы облысының Іле аудандық сотында өтіп жатыр. Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтап, төрелігін шығаратын судья Еркен Сейітов.

Айыпталушылар тарапында Абзал Қаленов, Ерік Бақтыбаев, Никита Охотский, Азамат Расулов, Жарқын Жапелов және Олжас Байтұрғанов бар. Бәрі оқиғаның мән-жайын тергеу сәтінен бастап қамауға алынған. Оларға ҚР ҚК-ның 293-бабы 3-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмысты жасады деген айып тағылып отыр.

«Бұл бұзақылық, яғни қоғамдық тәртіпті бұзу, азаматтарға зорлық-зомбылық көрсету, сондай-ақ бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру, әдепсіз әрекеттер жасау қару-жарақ, пышақ, жезден және басқа денсаулыққа зиян келтіруге бейімделген заттарды қолдану арқылы адамдар тобы жасаған әрекет», делінген бап сипаттамасында.

Сотталушыларға үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе айыру түріндегі жаза көзделген.

Еске салайық, 2020 жылғы 31 қазанда Алматы маңындағы Байсерке ауылында орналасқан демалыс орнының иесі мен қызметкерлері оқ жарақатын алғаны хабарланған болатын. Полициядағылардың айтуынша, маска таққан 15-20 адам демалыс орнына келіп, сол жерде мекеме иесімен - 1980 жылы туған ер адаммен жанжалдасып қалған. Содан соң олар оқ атқан. Артынша оқиға орнынан сұр түсті Mercedes w140 және ақ түсті Mercedes көлігімен қашып кеткен. Негізгі күдіктілер Алматы қаласы, Алматы, Қостанай облыстарында ұсталып, қамауға алынған.