Аймақтар • 31 Мамыр, 2021

Петропавлда 8 адамды түтіннен құтқарған ұландық марапатталды

140 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Адам өмірін құтқарудағы экстрималды жағдайда көрсеткен ержүректілігі мен батылдығы үшін ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен аға лейтенант Доскен Есжанов «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Петропавлда 8 адамды түтіннен құтқарған ұландық марапатталды

Бүгін офицерге марапатты тапсырған Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Әлібек Серәлиев әскери оқу орнының курсанттары осындай ерлік үлгісінде тәрбиелену керектігін алға тартты.

Еске сала кетейік, 24 мамыр күні сағат 13:00-де Ұлттық ұлан Әскери институтының әскери қызметшісі аға лейтенант Доскен Есжанов қызметке аттанар алдында Жамбыл көшесіндегі өз үйінің көрші кіреберісінен қою түтінді байқайды. Жағдайды бағамдаған офицер оқиға орнына өрт сөндірушілерді шақырады.

Өрт тұрғын үйдің жетінші қабатын жалмап, кіреберістің де терезесі өртеніп жатқан. Өрт сөндірушілер келгенше офицер терезедегі өртті сөндіріп, тұрғындарды сыртқа шығара бастайды. Ұландық әскери қызметші өрт сөндірушілермен бірге сегіз адамды, оның ішінде екі баланы қауіпсіз жерге шығарған.