Экономика • 31 Мамыр, 2021

Алкогольсіз сусындарды акциздеу банкроттық пен бағалардың өсуіне бастамай ма?

412 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бизнес өкілдері мен денсаулық жөніндегі сарапшылар алкогольсіз сусындарды акциздеу аталған саладағы өндірушілердің банкроттығына, жұмыс орындарының айтарлықтай қысқаруы мен бағалардың өсуіне әкеледі деген алаңдаушылықтарын алға тартып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алкогольсіз сусындарды акциздеу банкроттық пен бағалардың өсуіне бастамай ма?

Әрине, құзырлы мекемелердің бұл мәселеде өз ұстанымы мен уәжі бар. Оған дейін осы мәселені бүге-шігесіне дейін талқылаған баспасөз мәжілісінде құрамында қанты бар алкогольсіз сусындарға (ҚАС) акциздік салықты енгізудің салдары туралы түрлі пікірлер айтылды. Осылай бола қалған жағдайда, Қазақстан алкогольсіз сусындар мен шырындар өндірушілері қауымдастығы өндіріс көлемінің жартылай азайып, экономиканың түрлі секторында 15 мыңнан астам жұмыс орындарының қысқаруын болжайды. Себебі, сусындар өндірісінде бір жұмыс орны жанама салаларда 7-ден 10-ға дейін жұмыс орнын құрайды.

Қазақстан алкогольсіз сусындар мен шырындар өндірушілері қауымдастығының жетекшісі Әлия Мамытбаеваның айтуынша, қазақстандық биліктің құрамында қанты бар сусындарға акциз енгізуді ұсынуы – ұлт денсаулығына деген қамқорлық. Билік алкогольсіз сусындарға темекі өнімдерінің акциздік салық моделін қолданғысы келеді, бұл дұрыс емес. Өйткені құрамында қанты бар сусындар, оның ішінде шырындар, шырыны бар сусындар, лимонадтар, жеміс сусындары, компоттар – кондитерлік өнімдер, тәтті бөлкелер, сүт және басқа да өнімдер сияқты өнім және калория жеткізушісі.

2015-2018 жылдары Қазақстанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросы мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының әлеуметтанушылық қызметі жаһандық зерттеулер жүргізіп, құрамында қанты бар сусындар инфекциялық емес аурулардың немесе семіздіктің дамуына әсер ететін өнімдердің қатарына кірмейтінін дәйектеген. Керісінше, бұл мәселе отандастарымыздың көмірсулары басым және ауыз су режімі жеткіліксіз, негізінен нан мен ұн өнімдерімен көбірек тамақтанатынына байланысты туындайтыны анықталған. Алайда мемлекеттік органдар бұл нәтижелерді елемейді, бұл өз кезегінде таңғалдырарлық жағдай, дейді баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылар.

Сондай-ақ Ә.Мамытбаева билік органдарының ДДҰ-ның құрамында қанты бар сусындарға салық салу экономикалық тиімді шара болып табылмайтыны көрсетілген қорытындыларын да елемейтінін атап өтті. Бұл 2017 жылдан бастап ДДҰ-ның барлық есебінде көрсетілген.

«Мұны McKinsey Жаһандық институты, ХВҚ және ЭЫДҰ сықылды беделді халықаралық ұйымдар жүргізген тәуелсіз халықаралық зерттеулердің нәтижелері де растайды. Соған сәйкес салықтар денсаулыққа оң әсер етпейді, бірақ экономикаға айтарлықтай теріс әсер етеді және ең алдымен әлеуметтік тұрғыда, табысы аздардың қалтасына соққы болады», дейді Ә.Мамытбаева.

Қысқасы, Чили, Мексика, Сауд Арабиясы сияқты елдерде және ҚҚС жоғары тұтынумен сипатталатын басқа да елдерде қолданылған салық салудың гипотетикалық сценарийі Қазақстан үшін қолайсыз. Өйткені алкогольсіз сусындарды отандық тұтыну бір қазақстандыққа жылына орта есеппен 36,7-ден 49,2 литрді құрайды (2012 жылдан 2019 жылға дейінгі кезең, бұл 2018 жылдың қорытындысы бойынша әлемдік көрсеткіштен 41,2%-ға аз).

Зерттеу деректері бойынша, құрамында қанты бар сусындардың қазақстандықтар рационының құнарлылығына қосқан үлесі шамалы ғана және 2%-дан төмен.

Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Экономикалық зерттеулер институты саланың ағымдағы жай-күйін, сондай-ақ кейбір елдердің тәжірибесін ескере отырып, қант қосылған алкогольсіз сусындарға акциздік алымдарды енгізу шараларының әлеуметтік-экономикалық салдарына кешенді талдау жүргізді. Жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша ҚАС-қа акциз енгізу практикасының таралуына қарамастан, Қазақстанда мұндай шараны іске асыру саланың жай-күйіне, сондай-ақ халықтың денсаулығы мен тұтынушылық мінез-құлқына ықтимал әсерін ескере отырып, ҚАС-қа салық енгізудің орындылығын жан-жақты зерделеуді талап ететіні анықталды.

Зияндылықты азайту саласының сарапшысы және «Денсаулық» қауымдастығының төрайымы Бақыт Түменова: «Қант, қалыпты мөлшерде, ағзаның үздіксіз жұмыс істеуі, ми қызметінің дұрыс дамуы мен ынталандырылуы үшін қажет. Алайда мемлекеттер ұлттың денсаулығына деген сылтаумен қант қосылған сусындар шығаратын, салықты көбейтетін адамдармен күресуді бастағанда қанттың әлеуметтік өнім екенін ұмытып кетеді. Халқымыздың жартысына жуығы ауылда тұрады және күн сайын балаларына тәтті сусындар сатып алуы екіталай, ал балалар әлі де қантты пайдаланады, қант қосылған нан мен май жейді. Сондықтан бизнеспен күресудің қажеті жоқ. Бірақ бала кезінен тәттіге дұрыс көзқарас қалыптастыру керек», дейді.

Сарапшы халық бизнесті салықтармен өлтірудің орнына таңдау жасауы үшін мемлекет бизнесті нөлдік қант немесе жасанды қант алмастырғыштары бар балама сусындарды өндіруге ынталандыруы керек деп санайды.

РМҒА Тамақтану институтының талдамалық зерттеу әдістері зертханасының жетекшісі, химия ғылымдарының докторы, профессор Константин Эллердің айтуынша, мұндай қисынсыз шаралар мен тыйымдар тек өнімнің бағасын көтереді және қазақстандықтардың қандағы қант деңгейіне әсер етпейді. Сонымен қатар Ресей Федерациясының шырындар, су және сусын өндірушілер одағының президенті Максим Новиков: «Ресейде құрамында қант бар алкогольсіз сусындарды тұтыну қанттың жалпы тұтынылуына өте аз үлес қосады және көп бөлігі (55%-дан астам) шай қасық арқылы тұтыну болып табылады (тосап, шайға қант қосу және т.б.)», дейді. Сондай-ақ ол жоғары экономика мектебі жүргізген талдамалық есептеулерді мысалға келтіреді, бұл «ҚАС-қа акциздік реттеуді енгізу кезінде бюджет үшін экономикалық тиімділік қарама-қайшы икемділікке және сатылымдар мен басқа да көрсеткіштердің төмендеуіне байланысты теріс болып табылады. Ал екінші нәтиже – мета-деректер негізінде, осы шаралар енгізілген елдерде, құрамында алкоголь бар сусындардың сол баға санатында нарықта ҚАС пайдалану төмендеген кезде халық құрамында алкоголь бар сусындарға ауысатыны анықталған. Мұнда келесі мәселе туындайды, сонда сусындар өндірісі салығының әсері неде?».

Баспасөз-конференциясында сондай-ақ акциздің 20%-ы енгізілген кезде өндіріс 26,4%-ға төмендеп, сусындарға баға күрт өсетіні, ал келесі жылы акциз енгізілгеннен кейін салық салынатын сома 131,56 млрд теңгеден 96,83 млрд теңгеге дейін төмендейтіні атап өтілді. Қорыта айтқанда, алкогольсіз сусындарға да акцизді енгізу жұмыссыздыққа алып келеді. Шамамен 12 592 адам жұмысынан айырылатын көрінеді, оның ішінде 1 574 адам негізгі салада, ал 11 018 адам аралас салаларда. Жалақы қорынан салық түсімдерінің төмендеуі 5,84 млрд теңгені құрайды, оның ішінде жеке табыс салығы 10%-ға (2,72 млрд теңге сомасына) төмендейді. Корпоративтік табыс салығының 5,21 млрд теңгеге, ҚҚС 4,17 млрд теңгеге төмендеуі болжанып отыр. Салықтардың барлық түрі бойынша бюджетке түсетін түсімдердің төмендеуі 15,22 млрд теңгеге жетіп, негізгі капиталға жылдық инвестициялар көлемі 6 млрд теңгеге төмендейді. Әрине бұл мәліметтерді мүдделі тарап алға тартып отыр. Яғни мемлекеттік органдар барлық зерттеуді, әсіресе құрамында қанты бар сусындардың ауру мен семіздіктің пайда болуының негізгі себебі емес екенін ескере отырып, мүдделі қоғамдық ұйымдар арқылы түсіндіреді және ілгерілетеді, конференция спикерлері бұл ұсынысты кезекті рет алып тастауды ұсынады, өйткені ұсынылып отырған шара сауықтыру жоспарында күтілетін нәтиже бермейді, алайда сала үшін салдары, әсіресе дағдарыс кезеңінде елеулі болмақ.

 

АЛМАТЫ