Қоғам • 31 Мамыр, 2021

Әлемде бала құқығы қалай қорғалады?

1078 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

 

Бұл атаулы күн 1925 жылы Женевада өткен балалардың сапалы өміріне қатысты дүниежүзілік конференциядан бастау алады. Сол іс-шарадан кейін бірқатар мемлекет балалар мәселесіне көңіл бөлу мақсатында осы күнді Балаларды қорғау күні деп белгіледі. Содан бері жүз жылға жуықтады. Балалардың құқығы әлемде қалай қорғалуда?

Әлемде бала құқығы қалай қорғалады?

Нақты бір күн белгіленбесе де, жиынға қатысқан мемлекеттер­дің көбі конференция өткізілген дәл 1 маусымды құп көрді. Бұл, әсіре­се, Кеңес Одағына мүше мемле­кеттерде ресми мерекеге айналды. Әл­бетте, бұл күн үлкен мереке ре­тін­де және барлық елде бірдей той­лан­баса да, балалар мәселесі күн тәр­тібінен түспеуі керегін еске са­лып тұрады. Мәселен, АҚШ-та Балал­ар күні 20 қарашада аталып өтіледі.

Балаларды қорғау күні белгі­лен­ген кезде БҰҰ-ға мүше мем­ле­кеттер нәсіліне, жынысы­на, түсіне, дініне, шыққан тегі­не қарамастан, әр баланың махаб­батқа, жақсы тамақтануға, меди­циналық қорғауға, тегін білімге, зорлықтан қорғалу мен бейбіт күнде өмір сүруге құқығы бар деген ортақ қарар қабылдады.

Бұрынғы Кеңес Одағының мүшелерінен басқа, Албания, Алжир, Босния және Герцеговина, Эквадор, Грузия, Германия, Сол­түстік Корея, Моңғолия, Мьян­ма, Мозамбик, Польша, Румыния, Сербия, Словакия, Словения, Тан­зания, Йемен де 1 маусымда Балаларды қорғау күнін тойлайды.

20 қарашаның да өз себебі бар. 1959 жылы 20 қарашада БҰҰ Бас Ассамблеясы Балалар құқығы дек­ларациясын қабылдады. Ал 30 жылдан кейін дәл осы күнде Бас Ассамблея Балалар құқығы конвенциясын қарады.

Жоғарыда аталған екі құжат­тың да жаһандық саясатта маңызы зор. Мәселен, 54-баптан тұратын Балалар құқығы конвенциясында балалардың өмір сүруге, аты-жөні болуына, бір елдің аза­мат­тығын алуға құқығы сынды не­гізгі құқығынан соғыс, апат­­­тық жағдай сынды төтенше жағ­дай­ларда қорғануына дейін көрсетілген.

Конвенцияда жақсы отбасыда өмір сүру, тұлғаның қалып­тасуына жағдай жасау, білім беруден бөлек, оның рухани дамуы да сөз болған.

Әлбетте, баланың құқығын негізгі қорғаушылар – оның ата-анасы. Дегенмен ата-ана да кейде қауқарсыз. Сондықтан баланың қорғалуы – мемлекет үшін маңызды мәселе. Сондықтан балдырғанның білім алуы, мәдени кемелденуі, тамақтануы сынды кей мәселелер де үкіметке жүктелетін міндет.

Алайда қай мемлекетте де күрмеуі шешілмей тұрған мәселе – зорлық-зомбылық. ЮНИСЕФ ұсынған мәліметке назар салсақ, АҚШ-та 10 баланың біреуі – зорлық-зомбылық құрбаны. Ал олардың 90 пайызын өздері танитын, сенетін адамдар зорлайтын болып шыққан. Қазақстанда да бұл – өзекті мәселе. Оған қоса, елі­міз балалардың өзіне қол жұм­сауы бойынша нашар статистика­мен көзге түсіп отыр. 2016 жылы Қазақ­стан балалардың өзіне қол салуы бойынша әлемде 2-орында болды.

Бүгінгі таңда әлем бойынша балалар құқығының қорғалуын қадағалап, сол жолда жұмыс іс­теп жатқан бірнеше ұйым бар. Со­ның ішінде ECPAT Internatio­nal ұйымы бүгінгі таңда балалар құқығын қорғау бойынша үлкен құрылым болып саналады. Бангкокта орналасқан ұйым балалар еңбегін қанау және оларды сату сынды өзекті мәселелерді де назарда ұстайды.

«Балалар құқығы бойынша халықаралық желі» тобы бұл мәселеге мәдениет пен заң тұрғысынан қарайды. Оның мүшелері –  зомбылыққа қарсы әділет іздеушілер.

PLAN International ұйымы әлемнің 76 мемлекетінде жұмыс істейді. Олар көбіне балаларды қолдауды мақсат етеді. Ал Save the Children халықаралық ұйымы әлемнің 120 мемлекетіне қызметкерлерін жіберу арқылы балалардың өмір сапасын жақ­сартуға үлес қосуда.

Бұлардан бөлек, WE Charity, «Балалар құқығы бойынша халықаралық бюро», World Vision, Humanium ұйымдары да осы жолда қажырлы еңбек етіп келеді. Соғыс жағдайында өмір сүріп жатқан Сирия, Ауғанстандағы балалардың да жағдайы – назарда. Дегенмен үкіметтер мен үлкен ұйымдар қанша бағдарлама жазып, жобаларды қолға алса да балалардың барлығы бірдей қауіпсіз ортада өмір сүріп жатқан жоқ. Балалар құқығының қорғалуы, олардың өмір сапасының артуы ересектер қабылдайтын шешімдерге тікелей байланысты екенін және олардың балалық шағының алаңсыз өтуі де үлкендер жауапкершілігінде екенін естен шығармаған абзал.