Әлем • 31 Мамыр, 2021

Еуропа ауыл шаруашылығына алаңдайды

524 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

 

Еуропалық Одақ елдері өткен аптада төрт күн бойы Ортақ ауыл шаруа­шылығы жөніндегі саясатты (Common Agricultural Policy немесе қысқаша CAP) талқылап, ақыры келісе алмай тарқады. Жоспар бойынша 270 миллиард еуро осы салаға бөлінуі тиіс-тұғын. Бірақ ЕО-ға мүше мемлекет­тер мен Еуропалық Пар­ла­мент депутаттары мол қа­ра­жатты бөлу мәселе­сінде мәмілеге келе алған жоқ, деп хабарлайды Egemen.kz.

Еуропа ауыл шаруашылығына алаңдайды

Осыған байланысты Еуро­па­лық Одақтың ауыл шаруа­шылығы министрлері маусымда қайта жиналмақ. «Еуропалық Одақтың ауыл шаруашылығы министрлері мен Еуропалық Пар­ламент Ортақ ауыл шаруа­шы­лығы жөніндегі саясат ре­фор­масын әлі шеше алмады. Ке­ліс­сөздер маусым айында жал­ғасады», деп жазды Фин­лян­дия ауыл шаруашылығы министр­лігінің Twitter-дегі парақшасы.

Әзірге келіссөздердің нақты қай күні өтетіні белгісіз. Әйтсе де, маусымның ортасына таман Лиссабонда министрлер бейресми кездесу өткізіп, бірқатар мәселені пысықтап алмақ. Со­дан кейін айдың соңына таман Люксембургте өтетін кон­фе­ренцияда келіссөздерді аяқтау жоспарланып отыр.

Ортақ ауыл шаруашылығы жөніндегі саясатқа Еуропалық Одақ бюджетінің қомақты бөлігі жұмсалады. Сондықтан жасыл экономиканы қолдайтын бел­сен­ділер мол қаражат бұрын­ғыдай беріле салмай, ауыл ша­руа­шылығын жетілдіруге, яғни қор­шаған ортаға зиян кел­тір­меуге пайдаланылуы тиіс деп есептейді.

Төрт күнге созылған жиын барысында Еуропалық Одақ­тың шенеуніктері мен Еуро­палық Парламенттің депутаттары ауыл шаруашылығы саласын жақсартуға, өндіріс барысында бөлінетін парникті газдарды азай­туға назар аударды. Де­ген­мен одаққа мүше мемлекеттен келген өкілдер бақташылар мен бағбандардың күйін күйттеп, Брюссельдегі шенеуніктердің сөзіне иіле қойған жоқ.

«Кей мүше елдерде мүлдем ынта жоқ. Өзгертуге деген ықы­лас көрінбейді. Олар еште­ңені өзгертпейтін реформа жаса­ғаны­мызды қалайды», дейді Еуропа халықтары партиясының өкілі Херберт Дорфманн.

Еуропалық Парламент пен ЕО-ға мүше мемлекеттердің келісе алмаған негізгі мәселесі мынада. Брюссельдегі депутаттар әр елге бөлінген қаражаттың 30 пайызы ауыл шаруашылығын жасылдандыруға, яғни заманауи технологияларды пайдалана отырып, парниктік газдарды аз бөлуге жұмсалуы тиіс екенін айтады.

Бірқатар мемлекет бұған келіс­пей отыр. Олардың па­йым­дауынша, бұл – өте көп. Сондықтан қазынадан келетін қаражаттың 18 пайызын ғана жасылдандыруға жұмсау қажет деп есептейді.

Ауыл шаруашылығына бөлі­нетін қаражаттың бұл жолы қызу талқыға түсуінің басты себе­бі – жаһандық жылыну. Был­тыр Еуропалық Одақ 2030 жылға қарай парниктік газ шығаруды 1990 жылғы дең­гейден 55 пайызға дейін төмен­дету туралы ұжымдық ше­шім қабылдады. Еуропалық комис­сия қазіргі таңда нақты саяси өзгерістер арқылы бұл міндет­темені орындауға кірісті.

Соған сәйкес 2030 жылға қарай қарт құрлықтағы парник­тік газдар шығарылуын азайту жөніндегі міндеттемені орындау жыл сайын шамамен 350 миллиард еуро (417 миллиард доллар) қосымша инвестиция қажет. Бұдан бөлек, Еуропалық Одақ елдері 2050 жылға қарай парниктік газдар шығарылымын мүлдем нөлге түсірмек.

Ғалымдар Жер бетінің күрт жылына бастағанын, тиісті шаралар қабылданбаса, адамзатқа қауіп төніп тұрғанын айтып, дабыл қағып жүргеніне біраз уақыт болды. Жыл сайын Еуропа мен Азияда су тасқыны болып, көптеген адам зардап шегеді. Ішкі Африкада құрғақшылық күшейіп, көптеген өзен-көл тартылып, қоршаған орта зиян шегіп отыр. Америка дүлей дауылдың зардабын тартады.

Кейінгі 35 жылда Жер-жаһан күрт жылынған. НАСА-ның мәлі­метіне сүйенсек, XIX ға­сыр­мен салыстырғанда, Жер­дегі орташа температура 1 гра­дусқа көтерілген. Мәселен, 2010 жылдан бері әлем бес рет рекордтық деңгейде ысыған. Ғалымдар мұның негізгі себебі көмірқышқыл газ бен жылыжай газдарының ауаға көптеп шығарылуы екенін айтады.

Әсіресе климаттың өзге­руі себебінен мәңгілікке мыз­ғы­­мастай көрінетін мұздық­тар­дың еруі алаңдатып отыр. Мұз­дықтардың «көкесі» Ан­тарк­тида мен Арктикада орналасқаны бел­гілі. Өкінішке қарай қазір­гі таңда Арктиканың да, Антар­к­ти­даның да мұз қабаты кесек-кесегімен опырылып жатыр. Өйткені климаттың өзгеруі мәң­гі мұз жапқан аймақтағы су­дың да жылынуына әкеліп соқ­қан. Соның салдарынан жы­лынған су мұздарды бұрын­ғыдан да жылдам еріте түскен.

1980 жылдан бері Арктика­да 2,5 млн шаршы шақырым мұз жойылып кетіпті. National Geographic зерт­теушілерінің мәлі­меттеріне сүйенсек, 2050 жыл­ға қарай Арктикада 520 мың шар­шы шақырым мұз ғана қалуы мүмкін. Гренландия 2002 жыл­дан бері әр маусым сайын орта­ша есеппен 287 млрд тонна мұз жоғалтады.

Колорадо штатындағы Қар және мұз деректері ұлттық орта­л­ығының деректері көрсет­кендей, 2020 жылы Арктиканың дәл ортасында бұрын-соңды кездеспеген жұқа мұз қалды. Таяуда жарияланған зерттеуде Арктикадағы Беринг теңізіндегі қысқы мұз 2018 және 2019 жылдары соңғы 5500 жылдағы ең төменгі деңгейге түскен.

Оған қоса, теңіз мұзының көлемі ғана емес, оның қалың­дығы да жұқарып барады. Еруі өте баяу, қатқанына біраз болған теңіз мұзы бүкіл мұз қабатының 1 пайызын ғана құрайды. Қазір бір жылдық мұз басымдыққа ие. Осылайша, теңіздің ақ жабыны тез еруге бейім. Ғалымдар алдағы 10-20 жылдың көлемінде Арктика мұхитында жаздың аяғында мүлдем мұз қалмайды деп болжап отыр.

Гренландия мұз жабынының жағдайы да мәз емес. Арктика­дағы жылыну жаһандық жы­лыну­дың орташа есебімен са­лыс­тырғанда екі есе тез жүріп жа­тыр. Кейінгі жиырма жылда Гренлан­диядағы мұздың еру көлемі үш есе өскен. Алдағы он жылда бұл үрдіс жалғаса бермек. Осылайша, мұндай еру теңіз деңгейін 7 метрге дейін көтеріп, жағалаулардағы қалаларды су астына қалдырады.

Алда-жалда жердің асты мен үстінде жатқан осы ақ құрсаулар толықтай ери қалса, теңіз деңгейі 60-70 метрге дейін көтерілуі мүмкін. Мұндай жағдайда Жер планетасының біраз бөлігін су басатыны айтпаса да түсінік­ті. Оның үстіне, Еуропалық Одақ­тың көптеген қаласы теңіз маңын­да орналасқан.

Мысалы, Венеция су үстіне салынған. Климаттың өзгеруіне байланысты шаһардағы су деңгейі жиі-жиі көтеріліп кетеді. Ал Амстердам, Лондон секілді қалаларда теңіз таяқтастам жерде ағып жатыр. Ендеше, су деңгейінің сәл көтерілуі қарт құрлыққа оңайға соқпайды.

Бұл мәселемен күресу үшін бес жыл бұрын 196 мемлекет жиналып, Париж келісіміне қол қойып, әлемдік орташа температураны индустрияға дейінгі деңгейден 2 градуста, мүмкін болса 1,5 градус­та ұстап тұруға уағдаласты.

Еуропалық Комиссия 2019 жылғы желтоқсанда Еуропалық Жасыл келісімшарт енгізді. Атал­ған стратегиялық құжат таби­ғи ресурстарды үнемдеп, бәсекеге қабілетті экономика көшуге арналған. Түпкі мақсат – 2050 жылға қарай парниктік газдарды мүлдем шығармауға қол жеткізу.

Қазіргі таңда жаһандық пар­ник­тік газ шығарудың 10 пайы­­зы ғана ЕО-ға тиесілі. Со­ның ішінде басым бөлігі, яғни ша­мамен 27 пайызға жуығы көлік қатынасынан келеді. Сон­­дай-ақ өнеркәсіп саласы да көмір­қышқыл газын көп шыға­рып отыр. Кейінгі жылдары Еуропа­лық Одақ бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарды. Соған бай­ла­ныс­ты келешекте аталған сала­­лар­­дағы парниктік газдар шыға­ру көлемі айтарлықтай азаюы тиіс.

Ауыл шаруашылығына 10 пайызы тиесілі. Бірақ болжам бойынша, 2050 жылы оның пайыздық көлемі күрт көбеймек. Сондықтан Еуропалық Комис­сия 2023 жылдан бастап ауыл шаруашылығын жасылдандыруды мықтап қолға алмақ.

«Көміртегі газын ауаға шы­ғаруды азайтуды нөлдік дең­гейге жету үшін өте ма­ңызды. Сондықтан Еуропалық Комис­сия көміртегі шаруашы­лығын бизнес модель ретінде ұсынып отыр. Бұл биоэкономика субъектілеріне мол табыс әкеледі», дейді Еуропалық Комиссияның Климат әрекеті орталығының директоры Ивонг Слингенберг.

Бір қызығы, келіссөздерден кейін оқыс жағдай болды. Қазір Еуропалық Одаққа төр­ағалық ету Португалияға берілген. Соған сәйкес Пиреней түбегіндегі мемлекет қарт құрлыққа қатысты мәселелерге бас-көз болуы тиіс. Алайда ауыл шаруашылығы жөніндегі құжат қабылданбаған соң тараптар «қаз ашуын тырнадан аладының» керін келтіріп, Португалияның келіссөздерді одан әрі ұйымдастыруына қарсы­лық білдірді.