Қазақстан • 01 Маусым, 2021

Науқан енді аяқталады

515 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Көктемгі егіс науқанын үшінші маусымға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Биыл республика бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 22,8 млн гектарды құрайды.

 

Науқан енді аяқталады

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапа­ров­­тың айтуынша, шаруалар ыл­ғал жабу, жер жырту, өңдеу жұмыстарын уақтылы жүргізген. Биыл әкімдіктерге әлеуметтік ма­­­­ңы­зы бар дақылдардың, оның ішін­де картоп, қарақұмық, қант қызылшасы, майлы және жемшөп дақылдарының алқаптарын ке­ңей­­туге ерекше назар аудару ұсы­­­­ныл­ды.

– Қазіргі уақытта көктемгі да­ла жұмыстары барлық өңірде жүр­­­гізілуде. Атап айтқанда, бү­гін­­де жалпы егіс алаңынан 16,7 млн гек­тарына немесе 88,5 пайызына тұқым себілді. Оның 13,1 млн гектары – дәнді дақылдар, 2,7 млн гектары – майлы дақылдар, 1 млн гектары басқа да дақылдарға арналды. Астық егетін негізгі облыс­­­тар мамыр айының ортасынан бас­­­тап егу жұмыстарына кірісті. Ал Ақтөбе, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында егіс жұмыстары аяқталды. Алматы, Түркістан және Қызылорда өңір­ле­ріндегі науқан аяқталуға жақын, – деді бірінші вице-министр.

Оның мәлімдеуінше, шаруа­лар тұқымдық материалмен то­лық қамтылған. Тексерілген тұ­­қым­дардың 90 пайызы егістік стандартына сай келеді. 500 мың тоннаға жуық минералды тыңайт­қыш­тарды жеткізу бойынша келісім­шарт жасалған. Бүгінде оның 400 мың тоннаға жуығы шаруаларға жеткізілді. Шаруалар өсімдіктерді қорғау құралдарымен қамтамасыз етілуде. Қазір пести­цид­терді суб­си­диялауға өтінімдер қа­был­дау жүріп жатыр.

– Отандық аммиак селитрасын оңтүстік өңірлерге жөнелтуде қиындықтар болғанын мойындау керек. Министрлік бұл мәселені реттеді. Мамыр айының басынан оңтүстікке өнім жеткізіле бастады. Өндірілген көлемнің барлығы тек ішкі нарыққа сатылады. Біз фермерлерге арзандатылған ты­ңайт­­қыштарды сатып алу үшін күз­де отандық зауыттармен алдын ала келісімшарт жасауға кеңес береміз. Сондай-ақ келіп түскен өтініштерді ескере отырып және тыңайтқыштарды қол­дану көлемінің төмендеуіне жол бермеу мақсатында 2023 жылға дейін агрохимиялық картограммаларды ұсыну жөніндегі талап­тың күші тоқтатылды. Бұл ретте топырақты агрохимиялық зерттеп қарауды міндетті жүр­гі­зу жө­ніндегі талап ауыл шаруа­шы­лы­ғы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану қағидалары шең­берінде жүзеге асырылмақ, – деп нақтылады А.Сапаров.

Нарықта мұнай өнімдерінің бағасы көтерілгені белгілі. Бірін­ші вице-министрдің айтуынша, соған қарамастан, Үкімет егіс жұ­­мыстарына қажетті дизельмен толық қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдады. Мәселен, жанар-жағармай құю стансаларындағы дизельдің орташа бағасы литріне 192 теңгеге тең. Ал шаруашылықтар үшін оның орташа бағасы литріне 165 теңгені құрады. Бұл нарық­та­ғы бағадан 14 пайызға арзан. 2021 жылғы көктемгі дала жұмыс­та­рына барлығы 380 мың тонна же­ңіл­детілген дизель отыны бө­лін­ді. Әзірше отын тапшылығы жоқ.

– Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу деңгейі оң динамиканы көрсетіп отыр. Рес­публика бойынша 2021 жыл­дың бес айында 140 млрд теңгеге 8 700 техника сатып алынды. Жыл соңына дейін аталған соманы 240 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл Мемлекет басшысының еңбек өнім­ділігін 2,5 есеге ұлғайту жө­­ніндегі тапсырмасын орын­дау­ға ықпал ете­ді. Бастапқы жар­на мәсе­лесі де ше­шіл­ді. Өйт­ке­ні ин­вес­ти­ция­лық суб­сидия аванс ретінде пай­да­ланыл­уы мүмкін. Бұл ретте отан­дық ауыл шаруа­шы­лығы тех­ни­ка­ла­рын сатып алу үлесі артуда, – деді ол.

Көктемгі егіс жұмыстарын қар­­­жы­­ландыру да аяқталды. Қар­жы инсти­туттарынан бұл бағытқа 128 млрд теңге бөлінді.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Айболат Әбеновтің айтуынша, биыл агроөнеркәсіп кешенін қар­жы­ландыру үшін «Кең дала», «Қарапайым заттар экономи­ка­сы» және «Агробизнес» бағдар­ла­маларынан қаражат бөлінген. Аталған үш бағдарламаны іске асыру есебінен 2 904 ауыл шаруа­шы­лығы тауарын өндіруші 3,7 млн гектар алқапты өңдеу үшін 80,6 млрд теңге көлемінде арзан­да­тылған несие алған.

– Өткен жылғыдай «Кең да­ла» аясын­да көктемгі егіс жұ­мыс­та­ры­на республикалық бюджеттен 70 млрд теңге бө­лінді. Бағдарлама бойынша бұ­рын қабылданған өтінімдер осы жылдың ақпан айы­нан бас­тап қаржыландырыла бас­тады. Биыл 70 млрд теңгенің 63 млрд теңгесі қаржы институттарын қорландыру арқылы бөлінді. Түпкілікті қарыз алушылар үшін «Кең даланың» сыйақы мөл­шер­ле­месі жылдық 1,5-5 пайызды құрады. Несиелеу мерзімі – 2021 жылдың 1 желтоқсанына дейін. Бағдарлама бойынша 70 млрд теңгеге 2 617 өтінім ма­құл­­да­нып, қар­жылан­дырылды. Аталған қа­ра­­­жатқа шаруалар 3,3 млн гек­­­тар алқапта егіс жұмыс­та­рын жүр­­гізді, – деді А.Әбенов.

Өтінімдердің басым бөлігі Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Түркістан облыстарынан келіп түскен. Өткен жылмен салыстырғанда биыл егіс нау­­қанын қаржыландыруға қа­­тыс­ты өтінімдер саны 7 па­йыз­ға өскен. Мәселен, тек Түр­кістан облысының өзінде 1 438 тауар өндіруші 5,7 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген қарыз алған. Қаржыландырудың негізгі үлесі (79,5 пайыз немесе 56,2 млрд теңге) әдеттегідей Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қос­тан­ай секілді астықты өңір­­­лерге тиесілі.

–  Сонымен қатар көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға «Қара­пайым заттар экономика­сы» бағдарламасы бойынша 6 млрд теңгеден астам қаражат ба­ғыт­талды. Бұл сомаға 136 та­­уар өндіруші қаржыландырылды. Олар 256 мың гектардан астам жерді игерді. Бұдан бөлек «Агро­биз­нес» бағдарламасы бойынша 192,5 мың гектар алқап үшін 151 тауар өндірушіге 4,6 млрд теңге көлемінде несие бе­рілді, – дейді «Аграрлық несие­лік корпорация» АҚ бас­қар­ма төрағасы.

Көктемгі егіс жұмыстарын қар­­жы­ландыратын құры­лым­дар­­дың қатарында «Азық-түлік кор­по­рациясы» да бар. Компания шаруаларды ауыл шаруашылығы өнім­дерін форвардтық сатып алу арқылы қаржыландырады. Қар­жыландырудың мұндай түрі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора­ция­ларының кепілдігімен жүзеге асырылады.

Компанияның басқарма төр­­­а­ғасы Қанат Қарауыловтың ай­туын­ша, қаржыландыру биыл ақ­панда басталған. Бұл көктемгі егіс жұмыстарына дайындық ша­ра­­ларын уақтылы өткізуге жол ашты.

­– Биылғы қаржыландыру кө­ле­­­мі 40 млрд теңге деңгейінде жос­­парланған. Сатып алынатын өнім көлемі – шамамен 770 мың тонна. 2020 жылы форвардтық сатып алуға 24,5 млрд теңге бөлінді. Биыл қаржыландыру 63 пайызға ұлғайды. Сондай-ақ осы жылы корпорация сатып алынатын да­қыл­дардың тізбесін кеңейтті. Яғни ендігі жерде қаржыландыру ке­зінде 9 дақылға басымдық бері­ле­ді. Бұлар – жұмсақ бидай, қатты бидай, арпа, күнбағыс, рапс, зығыр, қарақұмық, сұлы, соя, – деді Қ.Қарауылов.

Форвардтық сатып алу мен­шік­ті қаражат есебінен де, тар­тыл­ған қаражат есебінен де жү­зе­ге асырылады. Сондықтан «Азық-түлік корпорациясы» Ресей бир­жасына 2,4 млрд рубль (шамамен 13,7 млрд теңге) көлемінде облигациялар орналастырды. Осы орайда «Азық-түлік корпорация­сы» шетелдік эмитент ретінде Мәскеу биржасына шыққан ал­ғаш­қы әрі жалғыз қазақстандық ком­пания екенін атап өткен жөн.

2021 жылғы 28 мамырдағы жағдай бойынша компанияға 39 млрд теңгеге 300-ден астам өтінім ке­ліп түскен. Бұл ретте ауыл шар­уа­­­шылығы тауарын өндіру­ші­­лер­дің шотына 37,7 млрд теңге аударылған.

Форвардтық сатып алу 9 өңір­де – Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақ­стан, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Алматы облыстарында жүзеге асы­­рылады. Сатып алынған өнім­дер ішкі нарыққа әлеуметтік ма­­ңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру үшін шикізат түрінде жі­бе­рілетін болады.