Аймақтар • 01 Маусым, 2021

Алматы облысында 21 блокты-модульді қазандық орнатылады

567 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысының Есік қаласы мен Шелек ауылында орталық жылу жүйесіне қосылмаған көп пәтерлі үйлер үшін жаңа блокты-модульді қазандықтар орнатылады. Бұл жоба мелекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асырылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы облысында 21 блокты-модульді қазандық орнатылады

Орталық жылу жүйесіне қосылмаған көп қабатты үйлердің мәселесін кешенді түрде шешу үшін облыста арнайы бағдарлама әзірленген болатын. Соның шеңберінде Еңбекшіқазақ ауданында да бұл іс қолға алынды.

Аудан әкімдігінің мәліметіне қарағанда блокты-модульді қазандықтар орнату арқылы 9 мыңға жуық адам тұратын 80 көп пәтерлі үй орталық жылу жүйесімен қамтылмақ. Сол сияқты қазандықтың көмегімен тұрғындар жыл бойы ыстық суды да үздіксіз пайдалана алады.

Аудан әкімі Әлібек Жақанбаев «Jetysu Energy» мердігер ұйымымен кездесіп, құрылыс жұмыстары туралы егжей-тегжейлі талқылады. Кездесуде қазандық орнату жұмыстары биылғы жылдың шілде айында басталып, жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталатыны айтылды. Құрылыс кезінде 21 нысанда 400-ден астам адам жұмыс істейді деп межеленген.  

Әр қазандықтың қуаттылығы 200-ден 1200 кВт дейін болмақ. Бұл өз кезегінде коммуналдық қызмет шығындарын едәуір төмендетіп, жылу беруді сенімді және сапалы атқаруға мүмкіндік береді дейді мамандар.

Атап өтсек, жалпы Алматы облысында 2022 жылдың соңына дейін 275 көп пәтерлі тұрғын үй үшін 54 БМҚ орнатылып, бұл үйлер газбен жылытуға көшіріледі деп жоспарланған.