Аймақтар • 01 Маусым, 2021

Жамбыл облысында есірткі қылмысымен күрес жалғасуда

328 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде есірткі қылмысының алдын алу, оны болдырмау аса маңызды. Сондай-ақ Жамбыл облысының аумағында есірткіні дайындау, тасымалдау деректерін анықтау және жолын кесу мақсатында да түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жамбыл облысында есірткі қылмысымен күрес жалғасуда

Осы орайда, бүгін аймақта «Қарасора-2021» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Аталған шара ағымдағы жылғы 1 маусым мен 31 қазан аралығында өткізіледі.

Жамбыл облыстық Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Жанат Сүлейменовтің айтуынша, жедел алдын алу іс-шарасы басталғанға дейін бірнеше күн бұрын осындай кең ауқымды іс-шараға дайындық мәселелері бойынша Шу ауданында кеңес өткен. Кеңесте алға қойылған міндеттер анықталып, жедел іс-қимылдарды ұйымдастыру бойынша нұсқаулар берілген. Сонымен қатар, жұмысқа барлық ведомстволық құрылымдар жұмылдырылған. «Жыл сайын полицейлер Жамбыл облысының құмды аймақтарынан басқа өңірлерге жабайы қарасораны шығару арналарын жабу бойынша операциялар жүргізеді», деп атап өтті генерал-майор Жанат Сүлейменов.

Өткен жылы «Қарасора-2020» жедел-алдын алу іс-шарасының қорытындысы бойынша 574 есірткі құқық бұзушылығы анықталған. Оның ішінде 139 дерек есірткі қылмысы, 435 дерек қылмыстық теріс қылық тіркелген. Есірткі қылмыстарының ішінде есірткіні өткізудің 73 дерегі, 38 дерек оны аса ірі мөлшерде сақтау, 3 дерек есірткі контрабандасы және 25 құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру дерегі анықталған. Заңсыз айналымнан 2 тонна 867 келі түрлі есірткі құралдары тәркіленген.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен жергілікті атқарушы биліктің өкілдері бірлесіп, есірткіні өртеу, шабу, жерді аудару, сондай-ақ улы химикаттарды қолдану жолымен жою шараларын тұрақты негізде жүзеге асыруда. Сонымен қатар өңірдің бас полицейі есірткі бизнесіне қарсы күрес – алдын алу, ақпараттық алаңға мониторинг жүргізу, граффити-жазбаларды жою секілді тағы бірнеше бағытта жүргізілетінін атап өтті.