28 Сәуір, 2010

ТҰРАҚТАНҒАН ҚАРЖЫ ЖҮЙЕСІ ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ӨСУІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУДЕ

625 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық Банктің, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі агенттік пен Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу жөніндегі агенттіктің 2009 жылғы есептеріне арналған кеңес өткізді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Кеңесте Ұлттық Банктің Төр­ағасы Г.А.Марченконың, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын рет­теу және қадағалау жөніндегі агенттіктің төрайымы Е.Л.Бах­му­то­ваның, “Самұрық-Қазына” ұлт­тық әл-ауқат қоры” АҚ басқар­ма­ төрағасы Қ.Н.Келім­бе­товтің, Алматы қаласы өңірлік қар­жы орталығының қызметін рет­теу жөніндегі агенттіктің төр­ағасы Ә.К.Арыстановтың баянда­ма­лары тыңдалды. Мемлекет басшысы атап айт­қанындай, өткен жылы үлкен жұ­мыс ауқымы атқарылды. Бүгінгі күнге дейін дағдарысқа қарсы бағ­дарлама аясында экономиканың басым секторларына қолдау біл­діруге арналып Ұлттық қордан бөлінген ақшаның дені игерілді. Қаржы жүйесі тұрақтандырылды. – Біз инфляцияның және жұ­мыссыздық деңгейінің төмендеуін қамтамасыз ете алдық және ең бас­тысы, біздің экономиканың нақ­ты көріністегі артуын сақтап қал­дық, – деп атап көрсетті Елбасы. Есептерді тыңдаудың қоры­тын­дысы бойынша Мемлекет бас­шысы монетарлық және қаржы органдарының өткен жылғы қыз­мет нәтижелерін оң бағалады және еліміздің қаржы секторын одан әрі дамыту және ақша-несие саясатын іске асыру жөнінде бірқатар тап­сырмалар берді. Банк секторында оң фактор ретінде депозит базасының артуы, соның ішінде халыққа тиесілі депозиттердің 28,5%-ға артуы атап өтілді. Банк секторының сыртқы қарыздарының салмағын төмен­де­туге “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының қатысуымен банк міндеттемелерін қайта құры­лым­даудың оң нәтижелері жәр­дем­десетін болады. Мемлекет басшысы қабыл­дан­ған Қаржы секторын дағдарыстан кейінгі кезеңде дамыту тұжы­рым­дамасының жүйелік негізінде іске асыруды бақылауға қойды. Бо­ла­шақ қаржы сілкіністеріне және ерте бастан әрекет етудің озық та, жетілген жүйесін орнықтыруға, сондай-ақ макро- және микропру­ден­циалдық реттеуді, соның ішін­де институттық реттеуді күшейтуге әзірлену қажеттігі атап өтілді. Сондай-ақ, Қазақстан эко­но­микасының дағдарыстан кейінгі та­бысты дамуы және индустрия­лан­дырудың бесжылдық жоспарын ой­дағыдай іске асыру елдің қажет­ті қар­жы ресурстарын жұмылдыру қа­білеттілігіне және оларды эко­но­ми­када ұтымды пайдалануға байла­нысты болатыны атап көрсетілді. Жоғарғы бөліністегі өндірістің дамуымен сипатталатын жаңа биз­нес-ортаның қалыптасуы жағ­дайын­да қор рыногының және қар­жы ресурстарын тартудың бас­қа да баламалы тетіктерін дамыту айрықша маңызға ие болады. Қаржы жүйесі мен реттеу ор­ган­дары өз тараптарынан эконо­ми­каның жедел әртараптандырылу міндетіне жәрдемдесуі тиіс. Мұ­ның өзі алдағы кезеңде қаржы органдары мен Үкімет үшін шешуші міндет болып табылады. Тұтастай алғанда, еліміздің 2010 жылғы дамуы ойдағыдай жүріп жатыр. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша ел ІЖӨ-сі 6,6 пайызға өсті, өнеркәсіп пен сауда тиісінше 11,5 және 10,5 пайыздарға артты. Бұл ретте үстіміздегі жылдың алғашқы екі айындағы экспорт 2009 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 60 пайызға өскен екен. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.
Соңғы жаңалықтар